Сейсенбі, 19 Қараша 2019 15:24

Түркістанда волейболдан республикалық турнир басталды

Түркістан қаласында волейболдан тұңғыш рет КСРО мен Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, волейболдан Қазақ КСР-нің тұңғыш КСРО спорт шебері, атақты волейболшы Октябрь Жарылқаповтың жүлдесіне арналған республикалық жарыстың жалауы түрілді. Жасөспірімдер арасында басталған сайысқа елімізден 8 команда қатысып, бақ сынауда. 

Кеңес үкіметі тұсында волейболдың шаршы алаңында жасындай жарқылдаған түркістандық Октябрь Жарылқаповтың шеберлігі – күні бүгінге дейін елдің есінде. Жастайынан спортқа бейім болған спорт майталманы талай мәрте Қазақ КСР-нің намысын құрамада қорғады. КСРО мен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанды. Октябрь Жарылқаповты еске алуға арналған турнирге 8 команда, 80-ге жуық жас спортшы қатысуда. Шаршы алаңға шыққан Шығыс Қазақстан облысынан келген волейболшылар Созақ ауданының спортшыларымен кездесіп, 3:1 есебімен шығысқазақстандықтар жеңіске жетті.

Жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын жеткізген Қазақстанның құрметті спорт қайраткері, волейболдан Түркістан облысының аға жаттықтырушы Марат Божбанбаев мұндай бәсекенің   жастар арасында спорттың дамуына үлкен септігін тигізетініне тоқталды.

Дүбірлі доданың жеңімпаздары қарашаның 23-інде белгілі болады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 712 рет