Дүйсенбі, 25 Қараша 2019 18:03

Түркістан облысы: Бокстан қыздар арасында халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті

Шардара ауданының құрылғанына 55 жыл толуына арналған бокстан 2004-2005 жылы туған және 2006-2007 жылы туған жасөспірім қыздар арасында “ШАРДАРА КУБОГЫ-2019” халықаралық турнирінің ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанаты барысында сөз алған Шомпиев Бауыржан Қуанышбайұлы өңірден шыққан Әлем чемпиондарының саны 56-ға жеткенін мақтанышпен жеткізіп, бүгінгі күні сайысқа түскелі тұрған боксшы қыздарға сәттілік тілеп, жарысты ашық деп жариялады. 

Келесі сөз кезегін алған Бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының жасөспірім қыздар арасында ұлттық құрама командасының аға жаттықтырушысы Құлниязов Жәнібек Әбенұлы, жарыстың үлкен дәрежеде ұйымдастырылғанын айтып, спортшыларға сәттілік дей келе, жарыстың жарақатсыз өтуін тіледі. Келесі кезекте Бауыржан Шомпиев бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР жасөспірім қыздар арасында аға жаттықтырушысы Жәнібек Әбенұлын Шардара ауданы әкімінің алғыс хатымен және естелік сыйлығымен марапаттады. Сонымен бірге Түркістан облысында қыздар арасында бокс спортының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Демеуов Нұрбек Қуандықұлын Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Қырқбаев Полат Наурызбайұлының алғыс хатымен және естелік сыйлығымен марапаттады. Аталған жарысқа Қазақстан Республикасының барлық облыстары және қалаларымен қоса Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен де былғары қолғап шеберлері бақ сынамақ.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 761 рет