Сенбі, 14 Наурыз 2020 22:20

Мақтааралда жастар арасында дүркіреген көкпар өтті

     Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен Жаңа жол ауылдық округіне қарасты «Жеңіс» ауылы жастарының ұйымдастыруымен Мақтааралда дала төсін дүбірлеткен аламан көкпар болып өтті.

 

   Ұлттық ат ойынын дамыту, елдімекендерде бұқаралық спортты дамыта отырып, жастардың ұлттық ойынымызға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға 150-ге тарта жас шабандозшы қатысуы айтулы көкпар ойынын кеңейгенін аңдатса керек.
    Төрткүл дүниені түгел мойындатқан қазаққа ғана тән, бағзы заманнан, батыр бабалардан мирас болған асыл өнерді тамашалауға келген жұртшылықтың да қарасы қалың болды. Бабы мен бағы қатар шапқан шабандоздар арасындағы көпардың алғашқы 8 пар салымы жасөспірім шабандоздар арасында өтсе, кейінгі салымдар 29 жасқа дейінгі ат құлағында ойнаған көкпаршы жігіттердің жаппай көкпарына ұласты.
    «Басы қайырусыз, аяғы жиюсыз жатқан қазақ елінің қанын қыздырып, жүрегіне от беріп, делебесін қоздырған дегдар ойын – көкпар заманына сай жаңғырып, жасарып қазақпен бірге жасап келеді. Ат спорты, жылқы жануарының қасиеті жайында Елбасымыз өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да ерекше тоқталып кеткен. Сондықтан да біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, насихаттауға, дамытуға міндеттіміз»,- дейді ұйымдастырушылар.
   Жастар арасында өткен көкпар додасында өзгелерден ептілігі мен астындағы арғымағының жылдамдығы нәтижесінде көп салым салған бірқатар жігіттер «Үздік шабандоз» атанып, сый-сияпатқа ие болды.

Оқылды 1143 рет