Іріктеу турнирде Қазақстан ерлер командасының атынан шаршы алаңға шыққан Сәкен Бибосынов 52 келіде жұдырықтасты. Бибосынов жарысты екінші айналымнан бастады. Ол қырғызстандық тәжірибелі боксшы Азат Үсенәлиевпен кездескен болатын. Жекпе-жек нәтижесінде төрешілер бірауыздан жеңісті Бибосыновқа берді.
Бағы мен бабы қатар келген спортшыны Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев бастаған жұмысшы топ қарсы алды.
Бұл - XXXII жазғы Олимпиада ойындарына облыстан олжаланған алғашқы жолдама. Бокстан Қазақстан құрама командасын бастап барған Ғалымбек Кенжебаевтың шәкірттері осы сапарда мүмкін болған 8 жолдаманың барлығын жеңіп алды.
52 келіде қосымша жекпе-жек өткізіп, дүбірлі додаға жолдаманы иемденген Сәкен Исмадиярұлы Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округінің тумасы. Ол бұған дейін Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған, халықарлық дәрежедегі спорт шебері.
Жерлесіміз енді байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын болады.