Шымкентте бұқаралық спортты дамыту мақсатында тұрғын үй аулаларындағы спорт алаңшалары пайдалануға беріліп, тұрғындардың спортпен тегін шұғылдануына мүмкіндік туып отыр, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, Нұрсәт, Тұран шағынаудандары, Достық пен Қайнарбұлақ тұрғын алаптары және Қайнарбұлақ саяжайында орналасқан 10 ашық спорт алаңшасы тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді.
Құрылыс жұмыстарын «АлемСтрой-1» ЖШС мердігер мекемесі жүргізді. Спорт алаңшаларына 50 орындық пен 50 қоқыс жәшігі орнатылды. Сондай-ақ, қосымша элементтер ретінде 15 жаттығу тренажеры мен арнайы «Street Workout» жаттығуына арналған спорттық құралдар қойылды.
Сондай-ақ, Абай ауданында балаларға арналған спорт алаңшалары көптеп салынуда. Атап айтқанда, Абай ауданында жалпы 34 елді мекен бар. Соның он бесі қаладан шалғай орналасқан. Ал футбол алаңшалары дәл осындай қалаға қарасты 8 ауылға орнатылыпты. Оған жергілікті қазынадан 134 миллион теңге қаражат жұмсалған. Қала ішіндегі ауданға қарасты 41 аулаға балалардың ойын алаңы мен жаттығу орындары қоса қарастырылыпты.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат