Сейсенбі, 23 Наурыз 2021 22:01

Шымкент: Қазақ күресінен «Өнер барысы – 2021» турнирінің жеңімпаздары анықталды

«Шымкент-Цирк» ғимаратында қазақ күресінен «Өнер барысы-2021» республикалық турнирі өз мәресіне жетті.

Биыл аталған турнир Шымкент қаласында Наурыз мерекесінің онкүндігі аясында ұйымдастырылды. Жарыс Шымкент қаласы әкімдігі және «Хабар» арнасының қолдауымен өтті.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған жарыста өнер саңлақтары төрт салмақ дәрежесінде бақ сынады. Ұлттық спортымызды ұлықтаған сайысқа Қазақ күресі қауымдастығы атсалысты.

Марапаттау шарасына қатысқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, танымал айтыскер ақын Балғынбек Имашев және "Қазақстан барысы" турнирінің күміс жүлдегері Жұманазар Ерсұлтанов қазақ күресінің дамуына үлес қосып жүрген саңлақтарға алғыстарын жеткізді.

Бұл жолы өнер саласында жемісті еңбек етіп жүрген 20 азамат бозкілемде бағын сынады. Сағат 15.00-ден бастап, 5 сағат бойына жалғасқан тартысты дода «Хабар» арнасынан тікелей эфирінде көрсетілді. Сайыс карантин талаптарына сәйкес барлық санитарлық ережелері сақталып өткізілді, жанкүйерлер жарысты арақашықтықты сақтай отырып тамашалады.

Турнир қорытындысы нәтижесінде 74 келіде

Асылхан Төлепов чемпион болды. Бұл салмақта

Азимжан Сайдбаев 2-орынды, Ақболат Өтебай 3-орынды иеленді. Ал 80 келіде Арман Қоңыр дара шықты, Аян Өтепберген 2-ші, Бейбіт Кушкалиев 3-ші орынды еншіледі. Сондай-ақ 90 келі салмақта Еркебұлан Дайыров топ жарды. Аталған салмақта 2-орынға Мейіржан Төребаев және 3-орынға Шахризат Сейдахмет жайғасты. Аса ауыр салмақта, яғни 90 келіден жоғары алыптар айқасында Тәуекел Мүсілім чемпион атанды.

Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

Айта кетейік, бұған дейін аталған дода Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында өткен болатын. «Өнер барысы» турнирі алғаш 2019 жылы ұйымдастырылды. 

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат

Оқылды 653 рет