Бүгін тәжірибелі бапкер клуб басшысы Мейіржан Есенғараевпен бірге аудан әкімі Бақыт Асановтың қабылдауында болды. Аудан басшысы бас бапкердің жоспарларын тыңдап, ісіне сенім білдіре отырып, нақты талаптар қойды. Сондай-ақ, алдағы атқарар жұмысына сәттілік тіледі. Ендігі жерде Константин Горовенко "Мақтаарал" үшін барын салары сөзсіз.
К.Горовенко футболшы ретінде алматылық бірнеше клубтың намысын абыроймен қорғаған. Ұлттық құрама сапында да жақсы өнер көрсете білді. Өзінің бапкерлік мансабын өзі ойнап кеткен "Сұңқар" командасынан бастаған. "Қайраттың" жастар академиясымен де жақсы жұмыс жасай білді. Талдықорғанның "Жетісу Б" клубымен тәп-тәуір ойын көрсетті. 2020 жылы Қарағандының "Шахтёрін" Еурокубок ойындарына алып шықты. Міне, көргені мен түйгені көп бапкер "Мақтаарал" клубымен келісім-шартқа отырды.
Ал, бұған дейін мақташылардың бас бапкері болған Вахид Масудовты "Ақтөбе" футбол клубының бас бапкері ретінде танитын боламыз. Ол "Мақтаарал" футбол клубын ҚР Кубогы жолындағы жарыста бірде-бір қарсыласынан ұтылмай топтық кезеңге дейін жеткізді. Қазір "Мақтаарал" бірінші лиганың турнирлік кестесінде 2-орында тұр. Жалпы мақтааралдық клуб 10 ойын өткізсе, соның біреуінде ғана жеңілген. Қалған 9 ойынды В.Масудовтың жетекшілігінің арқасында жеңіспен аяқтаған болатын.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат