Жұма, 04 Маусым 2021 13:53

Сарыағаш ауданында жасөспірімдер арасында теннистен жарыс өтті

1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жастар спортпен бірге» атты ұранмен үстел теннисінен жарыс өтті.

Сарыағаш ауданы, Ақниет ауылында үстел теннисінен өткен жарыс 7-10, 11-14 және 15-18 жасқа дейінгі жасөспірімдер ұлдар және қыздар арасында өтті. Аудан жастарының үстел теннисіне деген қызығушылығы өте жоғары. Мұны жарысқа қатысқан жасөспірімдердің құлшынысынан байқауға болады, жарысқа жалпы саны 43 жасөспірім қатысты.

7-10 жас аралығында ұлдар арасында Н.Өмірзақ бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды Е.Жайсанбек, ал үшінші орынды Б.Тәукеш есімді тарланымыз жеңіп алды.

11-14 жас аралығында қыздар арасында Б.Нышанәлі бәсі жоғары келсе, екінші орынды А.Мәжіт, ал үшінші орынды М.Жақысылық жеңіп алды. Аталмыш жарысқа қатысқан жасөспірімдерге алдағы жарыстарда бұдан да биік белестерге жетулерін тілеп, жеңімпаздарға медальдар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Сондай-ақ, 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні аясында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жастар спортпен бірге» атты ұранмен баскетболдан жарыс өтті. Сарыағаш қаласындағы «Алпамыс спорт» кешенінде өткен жарысқа 2005-2006 жылы туылған жасөспірім ұлдардан құралған 6 команда бақ сынасты.

Бірінші орынды «Алпамыс» командасы иеленсе, екінші орынды «Құркелес», ал үшінші орынды «Дербісек» командасы қанжығасына байлады. Ақтық сынның әр шептегі үздік командалар анықталып, жеңімпаздар диплом, медаль және сыйлықтармен марапатталды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 448 рет