Бейсенбі, 25 Қараша 2021 11:43

Бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегеріне тұрғын үй сертификаты табысталды

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Сербияда өткен бокстан ересектер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырханға тұрғын үй сертификатын табыстады.

Кездесуге Шымкент қаласы бокс федерациясының төрағасы А. Тұрысбеков қатысты.

Былғары қолғап шеберіне қала әкімдігі мен бокс федерациясы бірлесіп «Стандарт» тұрғын үй кешенінен 1 бөлмелі пәтер берілді.

Спортшыны жетістігімен құттықтаған қала басшысы әлемдік аренада алдағы уақытта үлкен жеңістерге жететіне сенімді екенін айтты.

«Еліміздің тәуелсіздік алғанына биыл 30 жыл толды. Осы уақыт аралығында Қазақстан спортшылары халықаралық аренада қазақ елінің абыройын асқақтатып келеді. Олардың қатарында өзің секілді талантты боксшылар бар. 20 жаста әлем чемпионатының финалында сынға түскеннің өзі үлкен ерлік және жетістік. Сен үшін үлкен спорттағы үлкен жеңістер баспалдағы басталды. Енді жаттығуды күшейтіп, бұдан да биік белесті бағындырып, қазақстандықтарды қуантуға күш жігеріңді сал. Сендерге қарап жастарымыз спортпен шұғылдануға және саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылады. Жетістіктеріңді көріп сендер сияқты болуға талпынады. Спортшыларымыздың жетістіктері мемлекеттің беделін арттыруға септігін тигізеді. Сондықтан біз алдағы уақытта үлкен жеңістер күтеміз»,-деді әкім.

Еске салсақ, Белградта өткен әлем чемпионатында бокстан Қазақстан ерлер құрамасы жалпы командалық есепте екінші орынға тұрақтады. Теміртас Жүсіпов пен Сәкен Бибосынов әлем чемпиондары атанса, Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржанов күміс жүлдеге, Абылайхан Жүсіпов қола жүлдеге ие болды. 

«AQ-QARA.KZ-ақпарат»

 

Оқылды 716 рет