Шымкент қаласында үлкен теннистен «Beeline Challenger 80» халықаралық турнирі өтті. Оған 20 мемлекеттен 60-тан астам спортшы қатысты.
Іріктеу сайысында бес қазақстандық спортшы Достанбек Ташболатов германиялық Себастьян Фаншлоу, Тимур Мәуленов румынилық Богдан Апостол, Никита Сидоров ресейлік Алибек Качмазовпен күш сынасты. Аслан Темірлан италиялық Эдуардо Ловаджо, Бекжан Ережеп үндістандық Мукунд Сасикумармен кортқа шықты.
Негізгі додада қазақстандықтардан бірінші ракетка болып тіркелген Денис Евсеев іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен кездесті. Жарысқа арнайы шақырту алған Григорий Ломакин румыниялық Николас Ионельизге, Бейбіт Жукаев норвегиялық Виктор Дурасовичке қарсы тұрды.
Жұптық сында Д. Ташболатов пен Т. Мәуленов алғашқы айналымда Д. Евсеев – ресейлік Александр Шевченкомен ойнады. Б. Жукаев пен А. Качмазов жарыстың 2-ракеткалары - үндістандық Арджун Кадхе - украиналық Владислав Манафовпен, Г. Ломакин мен ресейлік Ян Бондаревский - өзбекстандық Денис Истоминмен шеберлік байқасты.
Сонымен тартысқа толы ойынның нәтижесі бойынша: жекелей сында І орынды америкалық Эмило Нава алса, ІІ орынды Германия елінен келген Себастьян Фаншелоу иеленді.
Ал, жұптық разрядта бірінші орынды швейцариялық Антойн Бальер мен бразилялық габрияль Декампс, ал екінші орынды Себастьян Фаншелоу мен Жапония спортшысы Каичи Учида алды.
Айта кетейік, 15-21 мамыр аралығында Шымкентте тағы бір челлендж додасы өтті. Бұлардың жалпы жүлде қоры – 106 240 АҚШ долларын құрады.
Тілге тиек етсек, Шымкентте челлендж жарыстары 2017 жылдан бастап өткізіліп келеді. Жекелей сында Литваның бірінші ракеткасы Ричардас Беранкис (2017 жылы), германиялық Янник Ханфман (2018 жылы) және словакиялық Андрей Мартин екі рет (2018 және 2019 жылы) үздік шыққан еді. Ал, 2020-2021 жылдары пандемияға байланысты турнирді өткізу уақытша тоқтатылған еді.