Жұма, 03 Маусым 2022 20:44

ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫЛАР XXIV-СУРДЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНДА ЖАРАДЫ

Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен есту қабілеті нашар спортшыларға арналған ХХІV-Сурдлимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Ойындарға әлемнің 100 елінен спорттың 21 түрінен 3500-ден астам спортшы қатысты.  Қазақстанның намысын 9 спорт түрінен 65 спортшы қорғады. Олардың  қатарында Шымкент спортшылар да бар. Олар:  Пернеш Шадияр мен Рсалы Сабыржан.  65 келіде Пернеш Шадияр мен 70 келі салмақтағы  Рсалы Сабыржан  спорттың еркін күрес түрінен өз шеберліктерін көрсетті. Р.Сабыржан мен П.Шадияр Халықаралық спорт шебері.

Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов спортшыларды жеңісімен құттықтап, ата-анасымен танысты. Қазақстан Республикасының туын көтеріп, Шымкент қаласының намысын қорғап тарихта қалатын жетістік екенін айта кетті.
Мақсұт Пернебайұлы спорт қауымына спорттың дамуына үлкен үлестерін қосып отырғаны үшін алғыс білдірді, бұл жетістік жаттықтырушылар мен спортшылардың табанды әрі мықты жұмысын көрсетіп тұрғанын айта кетті.

Осы орайда, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов еркін күрестен Сурдлимпиада Ойындарының күміс жүлдегері Рсалы Сабыржанға 2 бөлмелі пәтер кілті және осы олимпиадада 5 орыннан көрінген Пернеш Шадиярға, қос спортшының жаттықтырушысы Омар Ғалымжанға қаржылай сыйлық табыстады.

 Қос спортшыны жетістігімен құттықтаған қала басшысы мемлекет тарапынан денешынықтыру мен спортты белсенді дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қаламызда спорттың кез келген түрімен жаттығуға жағдай жасалған. Спорт қолдау тапса, саңылақтар шыңдалып, еліміздің абыройын көтереді. Бүгінде шымкенттіктер өзінің спорттық жетістіктерімен ауыз толтырып мақтана алады. Жерлестеріміз түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына сәттілік тілей отырып, Қазақстанның спортын одан әрі биік шыңдарға көтере берулеріңізді тілеймін», - деді М.Әйтенов.

 Өз кезегінде спортшылар мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауға алғыстарын білдіріп, еліміз бен шаһар спортын жаңа белеске шығару жолында  аянбай тер төгетіндерін жеткізді. Айта кетейік, осы Олимпиадаға 100 мемлекеттен спорттың 21 түрінен 3500 жуық спортшы қатысты.Қазақстан Республикасының құрама командасынан 65 спортшы қатысып: 4-алтын, 7-күміс және 18 қола медальмен командалық есепте 13-ші орыннан көрінді.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Оқылды 619 рет