Сенбі, 18 Маусым 2022 22:12

ШЫМКЕНТТІКТЕР ЖҮГІРУ МАРАФОНЫНА ҚАТЫСТЫ

Шымшаһарда қала күніне орай түрлі шаралар өтіп жатыр.  Жалпықалалық бұқаралық жүгіру сайысы соның - бірі. «Royal» фитнес клубының алдынан басталып, Наурыз алаңында қорытындыланған 5 шақырымдық жаппай жүгіру сайысына  500-ден астам қала тұрғыны қатысты.

Қала күніне орай ұйымдастырылған бұл шараны қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов ашып берді. Ол саламатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Таңмен таласа оянып жүгіруге келген қарапайым жұрттың арасында әлем чемпиондары да бар. Олар тұрғындарға қолдау білдіруге келіпті. Солардың бірі - біржан Жақыпов.

"Мен өзім жүгіру марафондарын қалдырмаймын. Бүгін де таңертең тұрып, қала тұрғындарымен бірге жүгіруге келдім. Спорт-салауатты өмір кепілі. Спортпен шұғылданайық",- деді ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Біржан Жақыпов.

Жалпы спортшылар берілген жолды 40 минутта жүгіріп өтуі қажет болған. Алайда алғаш болып финишке жеткен Азизхан бұл шыңды небәрі 15 минут 58 секундта бағындарыпты. 

Қалалық дене шынықтыру және спорт басқарамсындағылардың айтуынша, көптің көңілінен шыққан жаппай жүгіруге бюджет қаражатынан бірде-бір ақша бөлінбеген. Шара 100 пайыз демеушілердің есебінен ұйымдастырылыпты.

"Ең басты мақсатымыз бірінші,екінші орынды анықтау емес. Мұндағы жүгіруге қатысқан әрбір шымкенттік бұқаралық спорттың дамуына үлес қосуда. Әрі бұл жерде жүлде қоры деген жоқ. Барлық қатысушыларға естелік марапаттар табысталды. Әрі арнайы қала күнінне орай 500 медаль дайындалды. Бірақ қатысушылар саны одан да көп болды. Бұл, әрине, қуантарлық жайт",-деді Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының орынбасары Ермек Дәрменов.

Саламатты өмір салтын насихаттап, белсенді қатысқан тұрғындар естелік медальдармен марапатталды.

Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов іс-шара одан әрі жалғасын табатынын атап өтті.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Оқылды 1009 рет