Дүйсенбі, 27 Маусым 2022 23:01

ШЫМКЕНТТІК ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ СПАРТАКИАДАСЫ ӨТТІ

28 маусым — Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай  Қажымұқан атындағы орталық стадионда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын спартакиаданың ашылу салтанаты өтті. 

 Іс-шара оңтүстік журналистикасының атасы, Қазақстанның Құрметті журналисі марқұм Байдулла Қонысбекті бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. БАҚ өкілдерінің спорттық  бәсекесін  Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Үш күнге созылған спорттық шараға 11 команда қатысуға ниет білдіріпті. Қатысушылар спорттың  волейбол, шахмат, футбол, үстел теннисі, бильярд және арқан тарту түрі  бойынша сайысты. Сонымен спорттық бәсекеде волейбол жарысынан 1-орын «ERNUR» корпорациясы, 2-орын «Рейтинг-Собкор», 3-орын «Ернияз» командасына бұйырды. Қыздар арасында өткен үстел теннисінен 1-орынды «Оңтүстік», 2-орынды «Үштаған», 3-орынды «НарТв» командасы жеңіп алды. Дәл осы спорт түрінен ерлер арасындағы бәсекеде 1-орын «Рейтинг-Собкор», 2-орын ««ERNUR» корпорациясы, 3-орын «Оңтүстік» командасының қанжығасында кетті. Бильярдтан жекелей сайыс тартысты өтті. Алайда, бұл ойында бағы мен бабы қатар шапқандар ғана жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен бильярдтан 1 орынға «НарТв», 2- орынға «Үштаған», 3-орынға «Оңтүстік» командасы лайық деп танылды. Ақыл-ойдың күштілігі безбенге түскен шахмат жарысында ұлдар командасынан 1 және 3 орындарға «Рейтинг-Собкор», 2-орынға «Үштаған» тобы ие болды. Ал қыздар арасындағы шахмат жарысында 1-орынды «Шымкент келбеті» , 2-орынды ақпараттық коммуникациялық орталық, 3-орынды «13kz» командасы иеленді. Жарыстың соңғы күнінде арқан тарту бәсекесінде «Оңтүстік» командасы І орыннан көрінсе, «Шымкент келбеті» газетінің ұжымы ІІ, «Рейтинг-Собкор» ІІІ орын тұғырына көтерілді. Журналистер арасындағы жарыстың нүктесін қойған шағын футбол сайысында 1-орынды ақпараттық коммуникациялық орталық, 2-орынды «ERNUR» корпорациясы, 3-орынды «Рейтинг-Собкор» командасы еншіледі. Қорыта келе, Шымкентте БАҚ өкілдері арасында үш күн өткен тартысты бәсекеде жалпы командалық есеп бойынша 1-орынды Шымкент ақпараттық коммуникациялық орталығы, 2-орынды – «ERNUR» корпорациясы, 3-орынды – «Рейтинг-Собкор» ұжымы иеленді.

"AQ-QARA.KZ"- ақпарат

Оқылды 722 рет