АҚШ-тың Бирмингем қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік ойындарда каратэ бойынша Қазақстан құрамасының намысын қорғаған Софья Берульцева жеңімпаз атанды.
Әлемнің үздік каратистері қатысқан турнирдің финалында Софья Берульцева испандық Мария Торрес Гарсияға қарсы татамиге шықты. Шымкенттік спортшы 68 килограмнан астам салмақта өз шеберлігін көрсетіп, алтын медальға ие болды.
Софья Полихроновна Берульцева — қазақстандық каратэші, 2020 жылы Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Ол 6 жасында Шымкентте каратэмен айналыса бастаған. 2016 жылы Джакартада, 2017 жылы Астанада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында 59 келіден жоғары салмақта алтын медальға қол жеткізген. 2017 жылы Тенерифеде (Испания) өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетті. 2018 жылы Мадридте өткен әлем чемпионатында бірінші айналымда жеңіліп қалады. 2019 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында 68 келіден жоғары салмақ дәрежесінде күміс медаль иегері. 2021 жылы 7 тамызда 2020 жылы Токиода өткен Жазғы Олимпиада ойындарында 61 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қолаға қол жеткізген.
Біле жүріңіз! Бұл дәстүр. Олимпиададан кейінгі жылы Дүниежүзілік ойындар өтеді. Биылға 11-ші ойындарда Әлемнің үздік спортшылары спорттың 30 түрінен алтынға таласады.8-9 шілдеде «Bill Battle Coliseum» деген әйгілі аренада жанкүйерлер каратэ супержұлдыздарының, соның ішінде Олимпиада жүлдегерлерінің жарысын тамашалауда. Қатаң іріктеу нәтижесі бойынша Алабамаға ең мықтылар келді – 96 спортшы: ерлер мен әйелдерге арналған кумитеден 5 салмақ дәрежесінің әрқайсысында 8, сондай-ақ катадан 8 спортшы.
Еске салайық, Дүниежүзілік ойындар – Олимпиада ойындарының бағдарламасына кірмейтін спорт түрлерінен халықаралық кешенді жарыстардан тұрады. Олар 1981 жылдан бері төрт жылда бір рет, 2001 жылдан бастап Халықаралық Олимпиада комитетінің қамқорлығымен өткізіліп келеді. Ұйымдастырушы 1980 жылы 12 спорт федерациясының жетекшілерінің бастамасымен құрылған Халықаралық Дүниежүзілік Ойындар Ассоциациясы (IWGA) болып табылады, олар өз спорттарын Олимпиада бағдарламасына енгізгенге дейін танымал етіп, мәртебесін көтеруге ұмтылды.
«Aq-qara.kz» - ақпарат