Түркияның Конье қаласында өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында жерлесіміз Қайсар Алпысбай спорттың каратэ түрінен алтыннан алқа тағынды. Бұл Қазақстан командасының қоржынына түскен 24-ші алтын медаль.
Ол 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жарыстың жеңімпазы атанды. Финалда ол Абдулла Шаабанды (Кувейт) жеңді.Сауд Алишер (Сауд Арабиясы) мен Класса Аюб (Алжир) турнирді қола медальмен жарысты аяқтады.Осылайша, Қайсар Қазақстан командасының аталған ойындағы 24-алтынын иеленді. Айта кетелік, Қайсар Алпысбай каратэден Премьер-лига турнирлерінің жеңімпазы.Естеріңізге сала кетейік, шымкенттік спортшы 2021 жылы Ресейдің Мәскеу қаласында өткен каратэден Премьер-лига кезеңінде де топ жарған болатын. Сол кездегі жеңісі туралы ол өз сұхбатында былай айтып еді: "Мәскеудегі турнирге кіл мықтылар жиналды. Мен жарыс барысында төрт жекпе-жек өткіздім. Финалда ресейлік спортшыны 5:0 есебімен, айқын басымдықпен ұттым. Яғни, өз күшіме сендім. Бұл әлем чемпионаты қарсаңындағы ең маңызды турнирлердің бірі. Бапкерлер әлемдік додаға апаратын спортшыларды анықтау үшін осы турнирдің қорытындысын есепке алатыны сөзсіз. Каратэшілер үшін алдағы маусымда ең маңызды екі турнир бар. Бірі әлем чемпионаты, бірі Азия ойындары. Сол додаларға қатысып, ел намысын абыроймен қорғауды көздеп жүрмін. Менің салмағымда ұлттық құраманың үздігі, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Дархан Асаділов бар. Дарханды үлгі тұтамын, ол мықты спортшы. Токио Олимпиадасында Дарханға үй ішімібен жанкүйер болдық. Каратэ Олимпиада ойындарының бағдарламасына уақытша енгендіктен, салмақ дәрежелерін біріктіріп тастады. Егер Асаділов 60 келідегі спортшымен кездесетін болса, сөзсіз финалға шығып, алтын алар еді. Біз каратэнің Олимпиада бағдарламасынан алынғанына қатты қынжылдық. Кім біледі, мүмкін тағы өзгерістер орын алар", - дейді Қайсар.Бұл жолы да Қайсар өз күшіне сеніп, алтыннан алқа тағынды.