Еліміздің үшінші мегаполисінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының қолдауымен 10 қазан - ҚР кәсіподақтар күніне орай, «Әлеуметтік әріптестік» жылы аясында ұйымдастырылып отырған шағын футболдан турнир өтті. Турнирдің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталин, «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, жергілікті және салалық кәсіподақ төрағалары, кәсіподақ активі мен мүшелері қатысты. Турнирдің басты мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің арасында салауатты өмір салтын насихаттау, әріптестік және достық қарым-қатынасты нығайту.
Турнирдің ашылу сәтінде Қазақстан Республикасының Әнұраны ойналып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталин және «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев жарысқа қатысушыларды құттықтап, командаларға сәттілік тіледі. Содан кейін жарыстың Бас төрешілері сөз сөйлеп, турнирді өткізу ережелерімен таныстырып өтті.
Тартысты жарыста республикалық және жергілікті кәсіподақ мүшелерінен жасақталған 7 команда бақ сынасты. Жарысқа ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан Астана қаласынан жол тартып келген «Кәсіподақтар федерациясы» командасы, Түркістан облыстық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағынан «Достар» командасы, Теміржол әскери күзет салалық кәсіподағынан «ВЖДО» командасы, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлердің салалық кәсіподағынан «Сенім» командасы, «YNTIMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлердің қазақстандық салалық кәсіподағынан «Shymkent BUS» командасы, Құрылыс кешені және тұрғын үй командалық шаруашылық саласынан «Су арнасы», Шымкент қалалық агроөнеркәсіптік кешені еңбеккерлері кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің құрамындағы «Тілеу, Қызыл қия» командалары қатысты.
Ойын бәсекесінде жарыстың жеңімпаздары анықталды. Турнирде «Алтын кубок» иегері атанған, І орын алған «Тілеу, Қызыл қия» командасы, ІІ орын иеленген «Кәсіподақтар федерациясы» командасы, ІІІ орынды «Түркістан» командасы алды. Ал «Үздік шабуылшы» номинациясы - Ешентай Бағдат, «Үздік ойыншы» номинациясы - Утегенов Нұржан, «Үздік қақпашы» номинациясы - Адырбеков Бауыржанға бұйырды. Шара соңында жеңімпаздарға сыйлықтар мен грамоталар табысталды.