Бейсенбі, 13 Қазан 2022 06:46

ТҮРКІСТАНДА БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫС БАСТАЛДЫ

Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, «Барыс» орденінің ең бірінші иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы бокстан XХ халықаралық турнир басталды. Дүбірлі сынға Қытай, Қырғыз республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан және Йемен мемлекеттері мен еліміздің барлық өңірінен 160-қа жуық спортшы келді. Турнирдің ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысушылар мен спорт жанкүйерлерін құттықтады.

– Түркістан төріндегі халықаралық турнирге қош келдіңіздер! Бокстан жастар арасындағы бұл жарыс өңірімізде 20-шы рет өткелі жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласын үнемі қолдап келеді. Түркістан облысында да спорт саласына үлкен мән беріліп, спорт нысандары салынды. Қазіргі уақытта Түркістан қаласында Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені салынып жатыр. Жаңа қаланың әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында «Теннис орталығы» бой көтерді. «Мұз сарайы» мен ескек есу каналы салынуда. Түркістан өңірі талай спорт саңлағын баптап шығарды. Оның ішінде бокс мектебіміз өте мықты. Солардың бірегейі Бекзат Саттархановты Қазақ елі ешқашан ұмытпайды. Бүгінгі дода өңірдегі жас спортшыларға жаңа серпін береді деп сенемін, – деді Д.Сатыбалды.

Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова, Олимпиада чемпиондары – Ермахан Ибраимов пен Серік Сәпиев те құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Жарысқа Бекзаттың спорт саласындағы әріптестері мен достарымен қатар еліміздегі бокс спортының майталмандары, кейінгі буын чемпиондары арнайы келіп, жастардың деңгейін саралауда.

Жарыста 2004-2005 жылдары туған жастар 13 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салып жатыр. Жарыс жеңімпазы атанған спортшыға «Қазақстан Республикасының спорт шебері» спорттық атағы беріледі. Турнир 16 қазанға дейін жалғасады.

Түркістан облысында 8 облыстық, 18 қалалық және 7 аудандық спорт мектептерінде бокс бөлімдері жұмыс істейді. Онда 252 жаттықтырушы 6277 спортшыны сайыстарға дайындап келеді.

Естеріңізге сала кетейік, Бекзат Саттарханов 20 жасында Олимп тұғырын бағындырған батыр. Бекзат Саттарханов 1980 жылдың 4 сәуірінде Түркістан қаласында дүниеге келген. Үйдің кенжесі кішкентайынан әлжуаз болып өскен соң, ата-анасы Бекзатты спорт үйірмесіне беруді жөн санайды. Алғашында күрес үйірмесіне қатысқан ол балуандар сайысын құп көрмей, 1995 жылдан бастап былғары қолғапқа құмартты.  Бекзаттың бокстағы ғұмыры бар-жоғы бес жылға созылған. Кейбіреулер үшін жылдар бойы бағынбай кеткен Олимпиада биігі Бекзатқа бес жылдың ішінде бұйырғаны да таң қаларлық жайт.

Айналдырған екі жылдың ішінде ересектер құрамасына өтіп, 1998 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының күмісін иеленген Саттархановтан Сидней жүлдесін күткендер аз еді. Тіпті, ұлттық құрамадағы тісқаққан спортшылар болмаса, Бекзатты жақын танитын жанкүйерлердің саны да көп емес-тін. Десе де, бала күнінен чемпиондық атақты армандап, тоқсаныншы жылдардың қиындығына қарамай жаттыққан Бекзат өз жеңісіне сенімді болып шықты.  Сидней Олимпиадасында ол әлемнің ең үздік боксшыларын жүлдеден қақты. Атап айтар болсақ, алғашқы айналымда румыниялық Овидиу Бобирнатты 14:5 есебімен жеңді.  Екінші кездесуде Оңтүстік Африка Республикасының өкілін 16:5 есебімен сүріндірді. Саттархановтың Сиднейдегі ең басты жекпе-жегі деп Рамазан Палианимен өткен кездесуді айтуға болады. Бүкіл түрік жұртының үміті, Еуропа чемпионы Палианиді 12:11 есебімен ұтқан соң, Бекзаттың мықтылығын мойындайтындар қатары көбейді.  Жартылай финала марокколық Тамсаманиді 12 ұпай басымдығымен жеңген қазақ батырын финалда басқа емес, 1999 жылғы әлем чемпионы, америкалық Рикардо Хуарес күтіп тұрды.Әйтсе де, азулы америкалық та Бекзатқа тісін батыра алған жоқ. Сидней Олимпиадасының финалында Саттарханов Хуаресті 22:14 есебімен таза жеңіп, Қазақстанға тарихи алтын жүлдені сыйлады. Бекзат Саттарханов Олимпиада чемпионы атанған соң бар болғаны үш ай ғана өмір сүрді. Сол үш айда еліміздің бар өңірін аралап, өзі үшін тақым қысқан қарапайым халықпен жүздесті. Ең соңғы рет туған қаласындағы мерекелік жиында  «Жылдың үздік спортшысы» атағын алды да, анасымен қоштасып, мәңгілік сапарға кете барды. 

Оқылды 375 рет