Сенбі, 15 Қазан 2022 06:21

ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ЕЛ ЧЕМПИОНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Шымкент қаласының «БИІК-Шымкент» командасы  әйелдер арасындағы футболдан осымен 11-ші рет Қазақстан чемпионы атанды.  

25 қазан — Республика күні мерекесіне орай Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы орталық стадионда ел чемпиондарын марапаттау рәсімі өтті.  Оған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен Қазақстан футбол федерациясының президенті Ә.Барменкұлов қатысып,  спортшыларды жеңістерімен құттықтады. Футбол – халықтың дене тәрбиесі мен денсаулығын нығайтудың ең қолжетімді, танымал және бұқаралық сипаттағы спорт түрлерінің бірі. Дене тәрбиесінің қалпытасуында ойын жетекші орын алады.

Футбол — достық, жолдастық, өзара көмек сезімін қалыптастырады; жауапкершілікті сезіну, серіктестер мен бәсекелестерге құрмет, тәртіп, белсенділік сияқты құнды адамгершілік қасиеттерді дамытады. Әрбір футболшы өзінің жеке қасиеттерін көрсете алады. Мәселен, дербестік, бастамашылық, шығармашылық. Сонымен бірге ойын жеке ұмтылыстарды ұжым мүддесіне бағындыруды талап етеді. «Шымкент» әйелдер футбол клубы Республикада ғана емес, әлемдік көшбасшылардың біріне айналып үлгерді, -деді әкім.

 Мұрат Дүйсенбекұлы Шымкент қаласының атын республика көлемінде ғана емес, халықаралық аренада танытып жүрген футболшы аруларға алғысын білдіріп, Қазақстан чемпионатының кубогін салтанатты жағдайда табыс етті.  Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өнер көрсетіп жүрген бұл команда Қазақстан кубогін 12 рет жеңіп алған. Сондай-ақ,  УЕФА Чемпиондар Лигасының 1/8 финалында үш рет өнер көрсетіп, Еуропаның үздік 20 командасының қатарына кіріп отыр.Айта кетейік, марапаттау рәсімі футболдан Қазақстан премьер-лигасындағы «Ордабасы» мен «Шахтер» командаларының кездесуі кезінде өтті.  Чемпионат қорытындысы бойынша үздік ойыншылар анықталды: Үздік қақпашы – Оксана Железняк («БИІК-Шымкент»); Үздік қорғаушы – Анастасия Власова («Оқжетпес»);  Үздік жартылай қорғаушы – Бибігүл Нұрышева («Томирис-Тұран»); Үздік ойыншы – Гүлнара Габелия («БИІК-Шымкент»); Үздік сұрмерген – Мари Жизель Нга Манга – 42 гол («Оқжетпес»).

Айтпақшы аталмыш матчта шымкенттік команда 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.

Оқылды 340 рет