Жексенбі, 23 Қазан 2022 22:31

Отырар: 25-қазан Республика күні мерекесіне орай спорт кешені пайдалануға берілді

25-қазан Республика күні мерекесіне орай, Отырар ауданы, Отырар ауыл округі, Мөлке Шойманов ауылының азаматы Нұрашов Нұржан туған жеріне жабық спорт кешенінің құрылыс жұмыстарын аяқтап, салтанатты түрде ашты.

Ауылдың күннен-күнге сәулеттеніп, ажарланып келе жатқан ажарына ажар қосып, спортсүйер қауымға ерекше көңіл-күй, қуаныш сыйлаған жиында алғашқы болып сөз алған Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов, аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қаржыгер Нұрлыбек Балғабеков пен белгілі кәсіпкер, спорт жанашыры Әбдімәжит Сыздықбеков жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, жомарт жүректі азамат Нұржан Сатыбалдыұлына шынайы алғыстарын жеткізіп, алдағы істеріне толағай табыстар тіледі. Ал, Отырар ауданының Құрметті азаматы, ақын Бегаман Сұлтаев өзінің жүрекжарды лебіздерін жыр шумақтарымен өрнектеп жеткізсе, отырарлық ағайындар атынан арғымақ атқа мінген кәсіпкерге қария Бекбатыр Әйменов ақ батасын берді.

Жомарт жүректі жеке кәсіпкердің өз қаржысына салып берген сәулетті спорт кешенінің есігіне керілген лента қию рәсімі аудан әкімі Сәкен Асылханұлы мен мәслихат хатшысы Мырзахан Бексұлтанұлы және Мырзахмет Темірбеков пен Жаңабай Айсейіт қариялардың қатысуларымен қиылғаннан соң, жиналған жұртшылық жаңа нысанды тамашалады.  Жиын соңында кіші футболдан жастар арасында ұйымдастырылған «Отырар лигасы» ойындары қорытындыланып, шебер ойын өрнегін көрсеткен спортшыларға медальдар мен сертификаттар және кубоктар салтанатты жағдайда тапсырылды.

Биыл Қазақстан 13 жылдан кейін алғаш рет Республика күнін тойлауда. Бұл күн мереке қатарынан алынып тасталғанымен, биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекітті.

Мереке тарихы

Алғаш рет Республика күні мемлекеттік мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланды. Бұл жарлыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған. 25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің No307-XII жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Ал 2009 жылы аталған заңға өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні, ұлттық мереке болып жария етілді. Ал Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды және бұл әдеттегі жұмыс күніне айналды.

Республика күнінің мәртебесі қалай қайтарылды?

 2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. "Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының парламенті "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, Республика күні яғни 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні яғни 16 желтоқсан – мемлекеттік мерекеге айналды.

Ұлттық мереке мен мемлекеттік мерекенің айырмашылығы қандай?

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Республика күнін мемлекеттік мереке мәртебесіне қайтаруды "маңызды және тарихи шешім" деп атады. "Осы заңға сәйкес 25 қазан - Республика күні мемлекеттік мереке болып бекітіледі. Бұл - тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Сондықтан бұл күнді мемлекеттік мереке ретінде бекіту мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан маңызды қадам болып табылады. Болашақта бұл мереке тәуелсіздікті дәріптеп, нығайтуға септігін тигізеді деп сенеміз", - деді Мәулен Әшімбаев. Қазақстандықтар Республика күнінде қанша күн демалады? Премьер-министр Әлихан Смайылов қазан айының басында қол қойған үкімет қаулысына сәйкес, биыл Республика күніне орай қазақстандықтар бірден үш күн демалады. Яғни 23, 24 және 25 қазан демалыс күні болып саналады. Ал 22 қазан, сенбі - жұмыс күні болып есептеледі. "Биыл 25 қазанда еліміздің ұлттық мерекесі ретінде алғаш рет Республика күні аталып өтеді. Демалыс күнін ауыстыру жұмыс істейтін қазақстандықтарға мереке кезінде демалысын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді", - деп мәлімдеді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 617 рет