Сейсенбі, 25 Қазан 2022 16:10

Отырар: Республика күні мерекесіне орай шағын футболдан турнир өтті

25 қазан Республика күніне орай Отырар ауданы Отырар ауыл округі Мөлке Шойманов ауылында жұртшылыққа есігін ашқан жаңа спорттық манежде Көкмардан ауылының 1993 жылы туған жігіттерінің ұйымдастыруымен сыныптастары Серікұлы Нұрлан мен Жаманбайқызы Арайлымды еске алуға арналған ауыл жастары арасында шағын футболдан  «Kokmardan cap» турнирі өтті.

Сонымен бірге бұл жарыстың мақсаты жастардың бос уақытын тиімді пайлалану, салауатты өмір салтын қалыптастыру және өз-ара достықты нығайту болып табылады. Спорттық шараның ашылу салтанатына ауыл әкімі Сұлтанмахмұт Одаманов арнайы келіп турнир қатысушыларына сәттілік тіледі.

Аталған жарысқа 14 команда қатысып бақ сынасты. Тартысты өткен турнир барысында Көкмардан ауылының 1995 жылы туған түлектері жеңістің ең биік сатысынан көрініп бас жүлдені олжалап кубок иегерлері атанды. Одан бөлек жарысты ұйымдастырушы 1993 жылғы жігіттер күміс жүлдені қанағат тұтса, 1989 жылы туған жігіттер жүлделі 3 орын (қола) иеленді. Жарыс жүлдегерлері мен жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар табысталып турнир барысында үздік ойын көрсеткен ойыншылар марапатталды. Алдағы уақытта жастардың осындай рухын көтеріп, бірлігін нығайтатын жарыстар жалғасын таба береді деген сенімдеміз.

Енді, биыл ресми түрде ұлттық мереке статусын алып, кең көлемде атап өтіле бастаған осынау Республика күні мерекесінің тарихына тоқтала кеткен жөн болар. Және бұл мерекенің тарихын жиі-жиі айтып отырғанның артықтығы бола қоймас. Сонымен, биыл маусым айында өткен ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қайтарылатынын айта келіп: «Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды» деген еді ел Президенті Тоқаев. Тарихқа көз жүгіртсек, Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері аталып келе жатқанымен мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана енгізіліпті. Республика күнін ел бар жоғы 17 рет қана тойлаған. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылдың сәуір айында қол қойған «Мерекелер туралы» Қазақстанның жаңа заңына Республика күні енбеген. Содан бері бұл мереке атаусыз қалды.

Әлемге көз салсақ республика күнін тойлайтын елдер қатары жетіп артылады. Ол қатардан азуын айға білеген Американы, демографиялық әлеуеті күшті Қытайды көресің. Италия мемлекеті де Республика күнін дүбірлетіп тойлауға құмар халық. Посткеңестік мемлекеттердің біразы ресми декларациялары қабылданған күнді Республика күні ретінде атап өтеді. Оның ішінде Әзербайжан мемлекеті де бар. Ал бауырлас Түркия мемлекеті Республика күнін біз секілді қазан айында атап өтеді. Себебі 1923 жылы 29 қазан күні елдің тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік ел конституциясына өзгерістер енгізіп, Түркия Республикасы деп жариялаған. Анадолы жерінің бас мерекесі жыл сайын сән-салтанатпен тойланады. Ал елдің бас қаласы Анкарадағы мейрам Ататүрік кесенесінен басталады. Бұл жердегі шараның алғашқы легі мемлекет және үкімет басшылары, министрлер мен саяси партия өкілдерінің қатысуымен өтеді. Мұнда атаулы мерекелерді Ататүрік жатқан жерде атап өту бұрыннан дәстүрге айналған. Бұл күні әдеттегідей елде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, шаһар орталықтарына қосым­ша сақшылар жұмылдырылады. Қараша халық Түркияның алғашқы парламентінен – Ататүрік кесенесіне дейін алқызыл байрақтарымен шерулетеді. Республика күні елдің әрбір үйінде, мектептер мен емхана, дүкендерге мемлекеттік ту ілінеді. Осылайша, түрік халқы бұл күнді қастерлеп, үлкен той-думанмен қылып атап өтеді.

Алты алаштың ардақтысы, ұлтының еркіндігін аңсаған Әлихан Бөкейханов өз заманында «Тірі болсақ алдымызда үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде, бөлек мемлекет болар!» деп елдік сенімін айтқан екен. Ол күнге біз тек 1991 жылы ғана қол жеткіздік. Алайда респулика күні түрлі себептерге баланысты мерекелік күнтізбелер тізімінен түсіп қалды. Мәжілістің бұрынғы депутаты Амангелді Айталының айтуынша, 1990 жылы қабылданған «Егемендік туралы декларация» саяси жағынан қоғамға үлкен әсер еткен. Бұл құжат Қазақстан қоғамын «дербес республика бола аламыз» дегенге икемдеген. «Басқа республикалардай емес, Қазақстанның жөні бөлек болды ғой. Декларация Қазақстанның Ресейдің жалғасы емес екендігін көрсетті. Бұл құжат біздегі түрлі ұлт диаспоралары мен көрші Ресейге көп ой салды. Республика күні осы жағынан маңызды еді, – дейді Амангелді Айталы. Ол қазіргі Президент Тоқаев айтатын «екінші республика» тұжырымдамасының 25 қазан – Республика күнімен тікелей қатысы бар деп есептейді. «Екінші республика» аталған соң, «бірінші республика кім, қашан жарияланды?» деген сұрақ туындайды. Сондықтан 1990 жылғы 25 қазанда бірінші республика жарияланған болып есептеледі. Егемендік декларациясы мен Тәуелсіздік декларациясы арасында маңызды сабақтастық жатыр. Республика күні мерекесін жаңғырту өте дұрыс қадам болды. Өйткені егемендіксіз тәуелсіздік те болмас еді, – дейді Амангелді Айталы мырза азаттық радиосына берген сұхбатында.

«Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан 25 қазан жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихы қадамының символы болуы тиіс», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Расында Республика күнін біз қалай түсінуіміз керек? Басты мәселе осы. Өйткені, заманауи талапқа тез төселіп, экономикалық үдерістерді үйлестіре білген әлемнің көптеген елдері Республика күніне аса құрметпен қарайды. Бұл күн олар үшін құнды. Елдік еркіндік, азаматтық азаттық, ұлттық ұлағат осы күнмен астарласып жатыр. Ендеше, біз неге бұл күнді ұлттық өрлік пен азаттықтың ақшамы демейміз. Қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов Республика күнін қалай тойлау керектігін тереңнен толғапты. «Республика күні – біздің санамызда жаңғыратын маңызды мереке болу керек. Бұл күндері концерт өткізіп, түрлі іс-шаралармен ғана шектелу аз. Анығында, республика күнінің мағанасын, елге, тәуелсіздікке деген үлкен ұғымды түсіндіретін ағарту жұмыстарын жүргізу міндетті. Осы күндері барлық сауда үйлерінде, кинотеатрлар да, халық көп жүретін қоғамдық орындарда тарихтан тәлім алар шаралар өтізу абзал. Кәмелетке жасы толған белсенді жастарға осы күні салтанатты түрде төлқұжаттар берілгені дұрыс», - дейді Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов.

Қазақ қашаннан тәуелсіздікті текті ұғым деген. Бұл – кешегі ел үшін егеулі найза қолға алып, ұлтарақтай жер үшін ат үстінен түспеген батыр бабалардан қалған жәдігер сөз. Біз – ғасырлар бойы азаттықты аңсап, еркіндікке қолы жеткізуге ұмтылған, арман-мұраты тең өріліп, тай қазаны ортаймаған қазақ деген байтақ ел, дана халықпыз. Міне, сол бақыт бастауы жеке мемлекет болу емес пе еді. Демек, Республика күні тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры болуы керек.  «Біз әлі күнге дейін тарихымызды түгендей алмай жүрміз. Мәңгілік ел болу үшін алдымен өткенімізге қайта үңіліп, өрлік істерімізді паш ету керекпіз. Сонда ғана жастарымыздың бойына болмыс ұялайды. Яғни, болмысты ұрпақ қана ертеңінен үміт іздейді, еліне сенеді. Бір адамның төңірегінде жазылатын тарихтан арылғанымыз абзал. Жаңа Қазақстанның жаңа идеологиясын жасап, жасапмаз ұрпаққа бағыт-бағдар көрсету ләзім. Сонда ғана кемелді елдің көкжиегіне көз тіге аламыз»,- дейді Тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов. Қазір түтіні түзу ұшқан елдердің көбі заман талабына сай жаңа технологиялық дамудың жалына жармасқан. Демек, өзіндік саяси бағыт-бағдары, үдемелі үдерісі бар Қазақстанға да бұл жол жат емес. Бүгінде еліміз индустриалды-инновциялық дамудың дербес даңғылын таңдап, жеделдетілген бағытын қолға алған. Яғни, экономиканың қуатын күшейтіп, тамырын тереңдету үшін заманауи талапқа сай өнімді күштердің жаңа құрылымын жасап жатыр. Өйткені экономикалық мүддеге сүйенген елдің келешегі кемел. Ол, әрине, әлемдік экономикадағы еншімізді еселеп, даму бағытын ширату. Отандық тауарды өткізу аясын да жыл сайын кеңіп келді. Осының бәрі елдігіміздің арқасы. Мемлекет болып қалыптасуымыздың жемісі.      

Бабаларымыз бағзы заманнан армандаған осы күнге оңай жеттік пе? Тар жол, тайғақ кешуге тап болса да, теңдіктің туын көкке көтерген қазақ, сан ғасырлар бойы азаттықты аңсап өтті. Ереуіл атқа ер салып, елім деп өткен есіл ерлердің ерлік жолдары бүгінде тарихтың қалың беттерінде хаттаулы. Олардың соқтықпалы соқпақтарда сынбаған сағы, езілмеген еңсесі өскелең ұрпаққа өлмес өнеге. Сол өнеге бүгінгі жастарға қуат беруі керек. Ал олар қуатты болу үшін ұлттық тәрбие басты назарда болса игі.Тәуелсіздік қай елдің болмасын басты игілігі. Баға жетпес құндылығы да сол! Ендеше біздің де тәуелсіздігіміз баянды болу үшін оны бастауы – Республика күні де ерекше маңызға ие болуы шарт. Әрине, алдымен оны жастарымыз ұғынуы керек. Ұлттық рухты көтеретін мереке деңгейіне көтерлісе құба-құп.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 2637 рет