Шымкент қаласының Ұлттық теннис орталығында жастар арасындағы әлем чемпионатына іріктеу бойынша Дэвис кубогы кезеңінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. 1-13 мамыр аралығына жоспарланған Junior Davis Cup және Juniors Billie Jean King Cup Азия/Океания аймағының іріктеу сайысына 16 жасқа дейінгі аталған аймақтың ең мықты жасөспірімдері бақ сынайды.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов іс-шарада көпшілікті бүгінгі мерекемен құттықтап, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Шымкент қаласына қош келдіңіздер. Әлем чемпионатына іріктеу сайысының қаламызда ұйымдастырылуы үлкен мәртебе, айтулы оқиға. Осы ретте халықаралық теннис федерациясына, ҚР Теннис федерациясына және демеушілерге алғысымды білдіремін. Турнирде шын мықтылар жеңсін!, - деді қала әкімі.
ҚР Теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев сайыстың маңызы зор екенін атап өтіп, барша ұйымдастырушыларға рақметін жеткізді.
Теннистен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына іріктеу елімізде алғаш рет өтіп жатыр. Жасөспірім қыздар және ұлдар арасындағы іріктеу сайысына Қазақстан, Аустралия, Қытай Тайбэй, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Малайзия, Иран, Жапония, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Моңғолия, Жаңа Зеландия, Таиланд, Өзбекстан, Вьетнам командалары қатысады.
Айтулы додада ел намысын Қарағанды, Түркістан, Жамбыл облысы және Астана, Алматы қалаларының жасөспірімдері қорғайды.
Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп, бұл бағытта бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Тапсырмалар аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаламызда бұқаралық спортпен айналысатын тұрғындар саны артып, бүгінде 500 мыңға жуықтады. Бұл жалпы халық санының 42 % құрайды. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа ден қойғандардың басым бөлігі жастар екені қуантады. Қазір қаламызда 34 спорт мекемесінде 18 мыңнан аса спортшы мыңнан аса жаттықтырушымен кәсіби оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуде. 20 кортпен жабдықталған бұл орталықта қазір 500-ден астам кәсіби спортшы жаттығуда.