Сейсенбі, 02 Мамыр 2023 14:53

«Шымкент конькиі-2023» республикалық турнирі басталды

Мұз сарайында өтіп жатқан респубикалық турнирге еліміздің Астана, Алматы қалалары, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау өңірлерінен және көрші Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінен 270 спортшы қатысып отыр. Турнирде Шымкент қаласынан 60 мәнерлеп сырғанаушы шеберлігін шыңдайды.

Төрт күнге жалғасатын республикалық сайыста мәнерлеп сырғанаушылар өз разрядтарын қорғамақ. Шымкент қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Аманжолұлының айтуынша, мұндай турнир бұқаралық спортты қолдау мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

– Спортшыларымызды кәсіби аренадағы үлкен додаларға дайындауда осындай спорттық сайыстың маңызы зор. Бүгінгі шараға көршілес елдерден де мәнерлеп сырғанаушылар келіп отыр. Спорттағы разрядттық санаттары мен жас ерекшеліктеріне сай мәнерлеп сырғанаушылар төрт күн бойы қазылар алқасына өз өнерлерін ұсынады, – деді Е.Дәрменов.

Ашылу салтанатының шымылдығын Қазақстан Республикасының спорт шебері, Шымкент қалалық №8 қысқы спорт түрлерінің олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің спортшысы Олег Мельников мерекелік қойылыммен ашты. Түскі үзілістен кейін жасөспірім мәнерлеп сырғанаушылар турнирді жалғастырды.

Жарыстың мақсаты - Қазақстан Республикасында конькимен мәнерлеп сырғанау спортын насихаттау және дамыту. Конькимен мәнерлеп сырғанаушылардың спорттық шеберлігін арттыру, әр жас тобындағы ең мықты спортшыларды анықтау. Конькимен мәнерлеп сырғанаудан дарынды балаларды анықтау және салауатты өмір салтын насихаттау.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр «Балалар жылына» арналған «Шымкент конькиі - 2022» атты ашық турнирі өткен болатын.
Жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және Алматы, Қызылорда, Ақтау, Ақтөбе, Қостанай,Теміртау облыстарынан, сонымен қатар Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен 350 - ден астам спортшылар қатысқан.

Оқылды 378 рет