Махмұд Сабырхан Ташкентте өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының финалында өнер көрсетті.
Қазақстан құрамасының қоржынына екінші алтынды шымкенттік боксшы Махмұд Сабырхан салды. 54 келі салмақта сынға түскен спортшы ақтық бәсекеде өзбекстандық Ойбек Джураевпен қолғап түйістірді. Бірінші раунда Махмұд соққыларын дәл жұмсап, төрешілердің бәрін өзіне бұрды – 5:0. Екінші кезеңде бес қазының төртеуі басымдықты қазақ боксшысына берді. Үшінші раундта Махмұд Сабырхан қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Өзбекстандық спортшыны екі мәрте нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қазақстандық боксшы мұның алдында Куба, Гана, Үндістан мен Мажарстан спортшыларын ұтқан. Махмұд екі жыл бұрын Белградта өткен жаһандық доданың күміс жүлдегері атанған. Сайыпқыранымыз бұл жолы ринг қожайыны Ойбек Джураевпен жекпе-жекте шеберлігін паш етті. Мұны қапталдағы төрешілер де мойындады. Ұлттық құрама қоржынына кезекті алтын жүлдені сыйлаған спортшымызды құттықтаймыз! Естеріңізде болса, Сербия мемлекетінің астанасы Белград қаласында бокстан ересектер арасындағы өткен әлем Чемпионатынан күміс жүлдемен оралған Махмұд Сабырхан: «Бұл жалғыз менің жеңісім емес. Ата-анам, бапкерлерім және жанкүйер болған халықтың жеңісі. Әлем чемпионатында бес кездесу өткіздім. Оның төртеуін жеңіспен аяқтадым. Барлық жекпе-жегім оңайға соққан жоқ. Олимпиададан кейін әлем чемпионатына барымызды салып дайындалдық. Чемпион атанамын деп ойлаған едім. Бірақ бұйырғаны күміс болды. Келесі жылы Азия ойындар болады. Әрі Ташкентте өтетін әлем чемпионатында көк туымызды көтергім келеді. Жарыстарға дайындалып, өз есемді қайтарамын", – деген еді. Ер жігіт айтты, Ержігіт орындады деген осы болар, сірә!