Сәрсенбі, 17 Мамыр 2023 18:31

Шымкенттік спортшы Махмұд Сабырхан пәтерлі болды

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Бокстан Әлем чемпионатының жеңімпазы Махмұд Сабырхан мен жеке жаттықтырушысы Илияс Оралбековты қабылдады.

Дүбірлі додада еліміздің құрамасы 4 алтын, 1 күміс медальмен толықты. Бұл жеңісте 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен шымкенттік сайыпқыранның үлесі зор. Спортшы ақтық бәсекеде өзбекстандық Ойбек Джураевты екі мәрте нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жерлесіміз осыған дейін Куба, Гана, Үндістан мен Мажарстан спортшыларын жеңген болатын.

Мұрат Дүйсенбекұлы құрама қоржынына екінші алтынды салған спортшы мен оның жеке жаттықтырушысын құттықтап, алдағы Азия және Олимпиада ойындарына сәттілік тіледі.

Әлемдік аренада еліміздің абыройын асқақтатып, туымызды желбіреткен спортшыға 2 бөлмелі пәтер мен 5 млн теңгенің сертификатын табыстады.

Естеріңізге сала кетейік, Махмұд Сабырхан Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатның финалында өнер көрсетті. 54 келі салмақта сынға түскен спортшы ақтық бәсекеде өзбекстандық Ойбек Джураевпен қолғап түйістірді. Бірінші раунда Махмұд соққыларын дәл жұмсап, төрешілердің бәрін өзіне бұрды – 5:0. Екінші кезеңде бес қазының төртеуі басымдықты қазақ боксшысына берді. Үшінші раундта Махмұд Сабырхан қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Өзбекстандық спортшыны екі мәрте нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті.Махмұд екі жыл бұрын Белградта өткен жаһандық доданың күміс жүлдегері атанған. Сайыпқыранымыз бұл жолы ринг қожайыны Ойбек Джураевпен жекпе-жекте шеберлігін паш етті. Мұны қапталдағы төрешілер де мойындады. Ұлттық құрама қоржынына кезекті алтын жүлдені сыйлаған спортшымызды құттықтаймыз! Естеріңізде болса, Сербия мемлекетінің астанасы Белград қаласында бокстан ересектер арасындағы өткен әлем Чемпионатынан күміс жүлдемен оралған Махмұд Сабырхан: «Бұл жалғыз менің жеңісім емес. Ата-анам, бапкерлерім және жанкүйер болған халықтың жеңісі. Әлем чемпионатында бес кездесу өткіздім. Оның төртеуін жеңіспен аяқтадым. Барлық жекпе-жегім оңайға соққан жоқ. Олимпиададан кейін әлем чемпионатына барымызды салып дайындалдық. Чемпион атанамын деп ойлаған едім. Бірақ бұйырғаны күміс болды. Келесі жылы Азия ойындары болады. Әрі Ташкентте өтетін әлем чемпионатында көк туымызды көтергім келеді. Жарыстарға дайындалып, өз есемді қайтарамын», – деген еді.  

Оқылды 347 рет