Бейсенбі, 18 Мамыр 2023 19:53

Шымкенттік клуб – ҚР кубогының чемпионы

Футболдан әйелдер командалары арасындағы Қазақстан Республикасы Кубогының ойындары мәресіне жетті. Сәуірдің 20-26 күндері аралығында өткен доп додасында “БИИК-Шымкент” клубының футболшы қыздары жеңіске жетіп, ел кубогы жолындағы жарыстарда қатарынан 14 рет жеңімпаз атанып отыр. Айналмалы жүйе бойынша өткен жарысты қорытындылаған кездесуде жергілікті команда Ақмола облысының “Оқжетпес” клубының ойыншыларымен алаңға шығып, 3:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қала әкімі Мұрат Әйтенов футболға келіп, дүбірлі додада қаламыздың абыройын асқақтатқан спортшыларды арнайы құттықтады.

– Бұл жеңіс барша шымкенттіктер үшін үлкен қуаныш! Бүгінде ұлттық құрамада 7 футболшы қызымыз өнер көрсетеді. Еліміздің әйелдер ұлттық құрама командасы ФИФА рейтингісі бойынша 161 команданың ішінде 76 орында тұр. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш, - деді М.Дүйсенбекұлы.

 “БИІК-Шымкент” клубының бас жаттықтырушысы Александр Семеновтың айтуынша, кубоктық бәсекенің кездесулерінің барысы алдағы кезде өтетін ел чемпионатында және 2023-2024 жылғы УЕФА чемпиондары лигасының ойындарында күш сынайтын команда құрамын анықтауға, олардың дайындығын жан-жақты пысықтауға мүмкіндік берді. «БИИК- Шымкент» командасы 2012 жылдан бері еліміздің атынан УЕФА чемпиондар лигасында өнер көрсетіп, үздік нәтижелерге қол жеткізіп келеді. УЕФА «Чемпиондар лигасы» ойындарында Германияның «Франкфурт», «Бавария», Испанияның «Барселона», Италияның «Верона», Францияның «ПСЖ» клубтарымен тең дәрежеде өнер көрсетуі - команданың әлемдік футболдағы мәртебесін арттыра түсті деуге болады.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауындағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді бағдарламасын жүзеге асыру тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған “Шымкент жастар лигасы” жобасы жалғасуда.



Оқылды 270 рет