Шымкент спортшылары елімізде, әлемде болатын додаларда жоғары жетістікке жетуде дайындық жұмыстарын жалғастырып жатыр. Оның ішінде, 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына лицензияларды жеңіп алу бойынша дайындық жұмыстары қарқын алған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама сапында 1111 спортшы және Шымкент қаласынының құрама командасы сапында 3813 спортшы техника-тактикалық дайындықтан оқу-жаттығу жиындарында жаттығуда. Оның ішінде, 2023 жылдың қыркүйек айында өтетін ХІХ Азия Ойындарына 55 спортшы қатысады. Шымкент спортшылары әлемдік деңгейдегі жарыстарда қаланың абыройын асқақатып жүр. Күні кеше Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатында Махмұд Сабырхан алтынды қанжығасына байлады.
Бүгінгі таңда, қала спортшылары спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен біріншіліктеріне қатысып, 316 алтын, 268 күміс, 284 қола медаль жеңіп алды. Ал жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттарында қала спортшылары 17 алтын, 18 күміс және 17 қолаға қол жеткізсе, осы уақыт арасында Әлем чемпионаттарында 1 алтын, 1 қола медальге ие болды.
Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласының спортшылары 2022 жылдың осы кезеңінде (1 тоқсан) халықаралық, республикалық спорттық іс-шараларда жоғары нәтижелерге қол жеткізген еді. ҚР чемпионаты, Азия және әлем чемпионаты, әлем кубоктарында жерлестеріміз үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, ҚР чемпионатында 135 алтын, 125 күміс, 123 қола жүлде жеңіп алды. Әлем чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, 1 қола, Азия чемпионатында 11 алтын, 3 күміс, 5 қола жүлдеге ие болды. Жыл басынан бері 2 ҚР еңбегі сіңген спорт шебері, 12 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 52 ҚР спорт шебері және 59 спорт шеберіне үміткер спортшылар даярланды.Қала спортшылары көркем гимнастикадан СШ, СШҮ жастар арасындағы ҚР чемпионатында 5 алтын, садақ атудан ересектер мен жастар арасындағы ҚР чемпионатында 10 алтын, әмбебап жекпе-жектен жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында 11 алтын, комбат джиу-джитсудан ересектер және жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде 10 алтын жүлдені қоржынға салды.
Сондай-ақ, есепті кезеңде шаһарда көркем гимнастикадан СШ, СШҮ жастар арасындағы ҚР чемпионаты, шорт-тректен, әмбебап жекпе-жектен, грек-рим, еркін және әйелдер күресінен, комбат джиу-джитсудан, пауэрлифтингтен жастар мен жасөспірімдер, ересектер арасында ел чемпионаттары ұйымдастырылды.