Сауранда «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың тапсырмасына сәйкес "Сауран - Жібек жолының жауһары" атты баспасөз туры өтті. Оған облыстық телеарна мен басылым журналистері қатысты. Баспасөз туры аудандағы туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

ШЫМКЕНТТІКТЕРДІҢ ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫ АРТТЫРЫЛМАҚ

Шымкент қаласында «Әділетті Қазақстан: Экономикалық қауіпсіздік пен тұрақтылық кепілі» атты халықтың қаржылық сауаттылығын арттыратын акция басталды. Жастар арасында қаржы пирамидасы мен ойынқұмарлық секілді індеттердің алдын алуға арналған іс-шара бүгін Сайрам тұрғын алабында ұйымдастырылды.

Жиынға қатысушылардың басым бөлігі студент жастар мен оның ата-аналары. Акцияны Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті, қалалық прократура және қала әкімдігінің қолдауымен «Сайрам Планета» холдингі қолға алып отыр. Іс-шара барысында мамандар жастарға интернет алаяқтардан сақтану жолын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

–Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы мен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында лудомания, қаржылық пирамида және интернет алаяқтық, одан бөлек халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында өзекті мәселе көтерген болатын. Шын мәнінде соңғы жылдары халық арасында интернет алаяқтарынан зардап шеккендердің саны артты. Осы мәселеге талдау жасай келе, негізінен алаяқтың құрығына тұрақты табысы бар саланың мамандары жиі түседі екен. Олардың қатарында мұғалімдер, дәрігерлер мен медбикелер және шәкіртақы алатын студенттер бар. Алаяқтықтың ең көп таралған түрі – қаржылық пирамида. Жалпы, қаржылық пирамиданың 10 белгісі бар. Ең алдымен қомақты көлемде қаржы салу, капиталға өте жоғары пайыз уәде беретін пайыздар, одан кейін салған ақшаңызды қайтару үшін міндетті түрде таныстарыңызға осында ақша салуы керек. Сонымен қатар, бұл инновациялық жоба ретінде ұсынылып, компания жаңадан ашылғанын айтады. Мәселен, бизнес жүргізу үшін жаңа компания ашылса, оның құрылтайшысы, жарғысы, өзінің келісім шарттары, іс-қағаздарын жүргізу барысында жауапкершілігі болады. Ал, қаржы пирамидасында тек жалғыз құрылтайшысымен келісім шарт түзіледі. Және, келісім парағында екі жақтың да ешқандай жауапкершілігі көзделмейді. Мәселен, сіз ақша саласыз, бірақ ешқандай жауапкершілік алмайсыз, - деді жиында сөз алған Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға-офицері Гүлзия Қарсыбай.

Маманның айтуынша, интернет алаяқтары ең алдымен адамдардың әлеуметтік желідегі парақшасына тіркеліп, оны әбден зерттейді екен. Көбіне әйелдер астау, ыдыс-аяқ, көрпе-төсек секілді чаттарға тіркеліп, сол жердегі ұтыс ойындары қатысу ниетімен жиі алданады. Ал, ер азаматтар интернетте көлік сатуға арналған сайттардың атауын, үтір, нүктесіне дейін дұрыс жазып, іздеу қажет екенін айтты. Мысалға, «Koleso.kz» сайтын іздеген адамдар көбіне адасып, «Koleso.com» сайтына тіркелетін жағдай жиі кездесіп жатыр. Ол жерге тіркелушілер аты-жөні, байланыс нөмірі мен банк картасын жазып, соңында сан соғып қалатын жағдайлар да орын алып жатыр.

–Алаяқтар түрлі екінші деңгейлі банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері болып хабарласуы мүмкін. Қай жерден қоңырау түспесін тұтқаны көтергенде «иә» немесе «мақұл» деген сөзді айтушы болмаңыздар. Ең алдымен қоңырау соққан адамды тыңдап, содан кейін жауап беру керек немесе мүлдем тіл қатпай тұтқаны қоюға кеңес береміз. Алаяқтықтың тағы бір түрі банк карталары арқылы жүзеге асырылады. Айталық, қолма-қол ақшаны шешіп алатын тұста банкоматқа құпиясөзді теріп жатқанда пернетақтайы дірілдейтін болса, міндетті түрде операцияны тоқтатыңыз. Себебі, сіздің картаңызға скрин жасалып жатыр. Сондықтан, банкоматтан ақша шешіп алар кезде айналаңыздағы адамдар мен бейнебақылау камераның бар екеніне көз жеткізіңіздер. Ешқашан бейтаныс адамнан ақшаны шешіп беруі үшін көмек сұрамаңыздар, - деді Г.Қарсыбай.

ШЫМКЕНТ:ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ КӘСІПОДАҚТАРЫНЫҢ ШЕКАРА МАҢЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Шымкентте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен және Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) қолдауымен Орталық Азия елдері кәсіподақтарының шекара маңы ынтымақтастығы бойынша семинар өтіп жатыр. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерінен құралған делегациялар қатысуда.

Семинар барысында ACTRAV/ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Сергеюс Гловацкас аймақ елдері кәсіптік одақтарының арасындағы ынтымақтастықтың маңызы мен перспективалары жайлы айтты.

–Соңғы жылдары Орталық Азияның барлық елдері өзара экономикалық ынтымақтастыққа баса назар аударып, ашық экономикалық саясат жүргізуге ұмтылуда. Бір елден екінші елге бару, шекарадан өту жылдан жылға оңай бола бастады. Бұл бизнестің ынтымақтастығы мен тауар айналымын ғана арттырып қойған жоқ, сонымен қатар еңбек ресурстарының мобильділігіне де жол ашып отыр. Еуропада адамдар бір елден екіншісіне күнделікті өтіп, жұмыс істей береді. Бұл жоғары жалақы іздеген адамдар үшін де, білікті кадр іздеген жұмыс беруші үшін де жақсы мүмкіндіктерді ұсынады. Болашақта Орталық Азия елдері де сондай дәрежеге жетуі тиіс. Ол үшін өзге елден келіп жұмыс істейтін адамдардың құқықтары толық қорғалуы шарт. Міне, осы тұрғыдан алғанда Орталық Азия елдері кәсіподақтарының шекара маңы ынтымақтастығын арттыру өте маңызды, - дейді Сергеюс Гловацкас.

Семинар барысында қатысушылар қызметкерлердің құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік қамсыздандырылуына ықпал ету және еңбек даулары шиеленісуінің алдын алу бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.

ШЫМКЕНТ:ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ СЕНБІЛІКТЕ ФОСФОРШЫЛАР САРАЙЫНЫҢ МАҢЫ ТАЗАЛАНДЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың бастамасымен қолға алынған «Таза қала өзіңнен басталады» атты акция аясында Фосфоршылар сарайының аумағы да тазаланды. Тазалық іс-шарасына қала әкімінен бастап, мемлекеттік қыметшілер, кәсіпкерлер, еріктілер, мәслихат депутаттары, ардагерлер мен тұрғындар қатысып, қараусыз қалған сарай мен оның аумағын қоқыстан тазартты.

—Фосфоршылар сарайының төңірегі жабайы тоғайға айналғаны туралы көптен бері мәселе көтеріп, аудан мен қала әкімдеріне жеткізіп келдім. Осынша уақыттан кейінгі жан-айқайымызға Ғ.Сыздықбеков құлақ түріп, міне бүгін өзі бастап сенбілік ұйымдастырып отыр. Бір кездері мәдениеттің ошағы болып, бүгінде қараусыз жағдайға жеткен сарайдың айналасы тазарғанына қуанып отырмын, — дейді шаһардың белсенді ардагері Өркен Әбдіреев.

Бұл жолғы сенбілікте белгіленген аумақ тек қоқыстан тазартылып қана қоймай, шөптері шабылып, қураған ағаштары кесілді.

— Қазір тазалық акциясына 1000-ға жуық адам қатысып жатыр. Фосфоршылар сарайы бұрын жекенің меншігінде болғасын назардан тыс қалып еді. Бүгін қоршаған ортаға немқұрайлы қарамайтын азаматтардың көмегімен бұл аумақта тазалық жұмыстары атқарылып жатыр. Жалпы, осындай сенбілік қаланың әр нүктесінде тұрақты ұйымдастырылатын болады. Одан кейін тазаланған орындарға ағаш көшеттері отырғызылады, — дейді қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әбілқайыр

Оңғар.

Сенбілік өтіп жатқан аумақ 4 секцияға бөлініп, жиналған қоқысты, кесілген ағаштарды тасымалдауға Әл-Фараби ауданындағы коммуналдық мекемелердің қызметкерлері мен 50-ден астам техника бекітілген.

—Тұрғындар көптен бері осы сарайдың аумағы қараусыз қалғанын айтып келген болатын. Қала әкімі Ғ.Сыздықбеков тұрғындардың ұсынысын ескеріп, бүгін кең көлемде тазалық жұмысы жүзеге асып отыр. Бұған дейін де тұрғындар мен коммуналды қызметкерлердің күшімен сенбілік өткізіп келдік. Бүгін көпшіліктің жұмыла кіріскенінің арқасында бұл төңірек жаңа кейіпке еніп отыр, — дейді Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев.

ШЫМКЕНТТІҢ ЖАС ЖАУЫНГЕРЛЕРІ САЙЫСҚА ТҮСТІ

Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы 25 қазан – Республика күніне орай «Жас жауынгер» әскери-патриоттық сайысын ұйымдастырды. «Машат-Арасан» демалыс аймағында өткен әскери жарысқа қаламыздағы 12 мектептен 120 оқушы қатысты.

– Шымкент қаласындағы 12 мектеп жанынан «Жас сарбаз» мамандандырылған сыныбы жасақталған. Бүгін сонда алғашқы әскери білімін жетілдіріп жатқан жас сарбаздар өзара сайысқа түсіп, алған білімін сарапқа салады. Бұл іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім мен адамгершілік қасиеттерді, азаматтық белсенділікті арттырып, Отан алдындағы борышқа жауапкершілікпен қарауға бағытталады, - дейді қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Мағжан Исахов.

Сайысқа қатысушылар футбол, волейбол, арқан тарту, садақ ату, 100 метрге жүгіру, АК-74 автоматын бөлшектеп, жинау, пневматикалық винтовкадан ату және кермеге тартылу секілді әскери бағыттағы спорт түрінен бақ сынайды.

–Бүгінгі жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жас сарбаздар әскери өмірдің бір күнін көзбен көріп, бастан өткергені мектепте алған білімінен әлдеқайда жоғары. Өйткені ата-анасы мен мұғалімдерінен жырақта болған жастардың бойында бір сәтке болсын әскерге тән сабырлық, тәртіпке бағыну секілді ұғымдар қалыптасады. Сондықтан мұндай жарыс ай сайын ұйымдастырылса игі еді, - дейді қаладағы №68 мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің жетекшісі Асқар Иманқұлов.

Демалыс аймағына таңертең ерте келген жастар кермеге тартылу, автоматты шашып, қайта жинау секілді сайыстарын бастап жіберді. Жастардың бойындағы рух пен Отан алдындағы борышын сезінуі олардың жарыстағы белсенділігінен-ақ аңғаруға болады.

–Мектеп қабырғасындағы өзара сайыс пен қазіргі жарыстың айырмашылығы өте көп. Өйткені қаладан тыс жердегі әскери өмірді бастан өткеріп, сабырлы болуды, темірдей тәртіпке бағынудың қаншалықты маңызды екенін сезіндік. Өзім күнделікті үйде жаттығу арқылы денені шынықтыруды қолға алғанмын. Кез келген ер жігіт тек әскери қызметте немесе бүгінгідей жарыстарда ғана емес, әрқашан Отанын қорғауға дайын тұру керек деп ойлаймын, - дейді қаладағы №127 мектептен келген жас жауынгер Асқар Бекзат.

Жеңімпаз командаларға диплом мен бағалы сыйлықтар табысталмақ.

ШЫМКЕНТ:ҚАЛА ӘКІМІ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІК ЖЕТЕКШІЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Ғабит Сыздықбеков этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен кездесті. Қала басшысы «Достық» үйі алдындағы «Қазақ еліне мың алғыс!» монументін көріп, «Бірлік» алаңы мен этномұражай қызметімен танысты.

Қалалық ассамблея маңайына топтасқан этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен жүздескен қала әкімі бүгінде Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отырған құрылымға айналғанын айтты.

– Бүгін өздеріңізбен кездесу үшін арнайы келіп отырмын. Мұндағы мақсат – алдағы уақытта қала аумағында мемлекеттік этносаясатты Сіздермен бірге нәтижелі іске асыру, қоғамдық келісімді сақтауға бағытталған жобаларға Ассамблеяны тарту және қаланы дамыту бағытындағы жұмыстарға этномәдени бірлестіктердің әлеуетін жұмылдыру. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Ассамблея атқаратын бес басымдықты нақтылап, соның аясында жүйелі жұмыс істеуді тапсырды. Біз өз кезегінде белгіленген міндеттерді сапалы атқаруымыз қажет, – деді қалалық ҚХА төрағасы Ғабит Сыздықбеков.

Кездесуде Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов, қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак, қалалық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латипша Асанов, қалалық славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Наталья Романова сөз сөйлеп, қала аумағында мемлекеттік этносаясат аясында атқарылатын жұмыстар мен жобалар жайында ұсыныстарын айтты.

Қалалық ассамблея мүшелерінің ой-пікірлерін тыңдаған қала әкімі этнос көшбасшыларын Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы жұмыстарды жұмыла атқаруды тапсырды.

ШЫМКЕНТТЕ КӘСІПКЕРЛЕР ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУҒА ИЕ

Шымкентте «Даму» қорының аймақтық филиалы арқылы өз жобасын жүзеге асырушылар көбейіп келеді. Биылдың өзінде «Даму» қорының Шымкент қаласы бойынша өңірлік филиалы кәсіпкерлердің 391 жобасын мақұлдап, 5,7 млрд теңгеге дейін кепілдік берді. Мүмкіндікті пайдасына асырған талапты жандар ойдағы орайлы ісін бастап та кеткен.

«Даму» қоры Шымкент қалалық филалы «Шымкент қаласындағы шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру шаралары» тақырыбында баспасөз конференциясы өткізіп, онда өңірлік филиал директоры Ерлан Түктібаев журналистерге осы бағыттағы жұмыс барысын баяндады.

– Бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары іске қосылған кезден бастап

облыста 4 523 жоба субсидияланып, несие сомасы 317,3 млрд теңгеге жетті. Кәсіпкерлердің 3 315 жобасы «Даму» қорынан 30,0 млрд теңгелік кепілдік алып, жалпы несие сомасы 65,6 млрд теңгені құрады. Бүгінгі таңда субсидиялармен кепілдіктерге өтінімдер электронды түрде egov.kz онлайн даму сайты арқылы қабылданады. Толық ақпаратты Қонаев даңғылы 95/1 мекенжайына барып алуға болады, –деді Ерлан Түктібаев.

БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылып, журналистер мемлекеттен қолдау алған кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Баспасөз өкілдері жиһаз өндірумен айналысатын «Шым Снаб 13» компаниясына қарасты кәсіпорынға соқты. Кәсіп иесі Абзал Жапабаев 2015 жылыдан бастап жұмысын бастаған. Қазіргі таңда 25 қызметкерді жұмыспен қамтып отыр.

–Кәсіпорында оқу орындарына арналған жиһаз жасап, оны тұтынушыларға ұсынамыз. Бұл кәсіпті бастамас бұрын «Банк ЦентрКредиттен» жылдық сыйақы мөлшерлемесі 21,75 пайызды құрайтын несие алып, сол қаржыға құрал-жабдықтар сатып алдық. Парталарымыз заманауи технологиямен жасалған, отыруға ыңғайлы, – деді Абзал Жапабаев.

Кәсіпкер «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы аясында өз несиесінің сыйақы мөлшерлемесін ішінара субсидиялауға өтініш берген. Қазір кәсіпкер несиенің сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызын ғана өзі төлейді, қалған 14,75 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланып отыр. А.Жапабаев арзан несие кәсіпкерлер үшін зор қолдау екенін айтады.

Мұнан кейін БАҚ өкілдері «ADAN» жекеменшік мектебіне жол тартты. Бастауыш мектептегі барлық сыныптар мультимедиялық құрылғылармен, кликер, интерактив тақталармен жабдықталған. Бұл сабақты барынша қызықты етіп өткізіп, баланың оқуға деген ынтасын арттыруға мүмкіндік береді. Мектеп директоры Дария Сванова «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында мектепке негізгі құралдарды сатып алуға «Forte Bank» АҚ-ы арқылы жылына 14 пйызбен несие алған екен. Оның 8 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды.

Әрі қарай журналистер кәсіпкер Нүркен Өтегеновтың жұмысымен танысты. Ол «Danico» брендімен балаларға тоқыма өнімдері мен киімдер шығарады. Кәсіпорын «Банк ЦентрКредит» АҚ-ы арқылы құрал-жабдықтар алу үшін жылына 19,5 пайыбен несие алды. «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы аясында бұл жобаның да несиесінің сыйақы мөлшерлемесі ішінара субсидиялануда. Қазір кәсіпорын қарызын жылына 6 пайыздық үстемақымен төлейді.

ШЫМКЕНТТЕ 5G ТЕХНОЛОГИЯСЫМЕН 72 БАЗАЛЫҚ СТАНЦИЯ ОРНАТЫЛДЫ

Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Айдос Өмірәлінің қатысуымен басқарма тарапынан 2023 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар туралы өткен баспасөз конференцияда мәлім болды.

«Шымкентте «Kcell» АҚ тарапынан 5-G технологиясымен 72 базалық станция, ал 4-G технологиясымен 61 станция орнатылды. Сондай-ақ 60 станцияға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. «Kcell» АҚ 100 базалық станцияны 5G технологиясын 218 станцияны және 4G технологиясымен 200 базалық станцияға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар «Кар-Тел» ЖШС-гі интернет сапасы төмен 26 базалық станцияға 4-G орнатады, 20 базалық станцияға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізеді.

2023 жылы интернет сапасы төмен 29 нүктеге базалық станция орнату жұмыстары жоспарланып, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасымен бірлесе жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда, инвестор тарапынан антенна-мачталық құрылғыларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Шалғайда орналасқан елді мекендер мен шағын аудандарды сапалы интернет желісімен қамту үшін басқарма тарапынан мобильді байланыс операторларымен бірлесе 2022 жылы интернет сапасы төмен 14 нүктеге антенна-мачталық құрылғы мен базалық станция орнату жұмыстарын жүргізді. Олар: Асар, Мартөбе, Бадам, Ақниет, Тұран, Азат, Ынтымақ-2, Игілік, Шапағат, Достық (автоцон), Ақжар, Достық, Ақтас, Ақжайық елді мекендері», - деді ол.

Биыл интернет сапасы төмен 29 нүктеге базалық станция орнату жұмыстары жоспарлап, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасымен бірлесе жер телімдерін рәсімдеу мен инвесторлар тарапынан антенна-мачталық құрылғыларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Олар: Құрсай, Сәуле, Қызылжар, Құрсай (Агроферма), Орманшы, Қайнарбұлақ (саяжай) Ынтымақ-1, Оңтүстік, Қарабастау, Асар-2, Қайнарбұлақ (саяжай), Қайнарбұлақ (саяжай), Нұршуақ, Бозарық (саяжай аумағы), Береке, Қайнарбұлақ (жаңақұрылыс) Қайнарбұлақ (жаңақұрылыс), Достық, Игілік, Тұран, Достық (жаңақұрылыс), Пахтакор, Жаңаталап, Нұртас, Ақтас, Наурыз, Достық (жаңақұрылыс), Асар-2, Пахтакор. Жыл соңына дейін аталған нүктелерде мобильді интернет сапасы жоғарылайтын болады.

Бұдан өзге, жеке инвесторлар қарастырылып қаладан шалғай орналасқан 20 елді мекенді талшықты оптика желісімен қамту жұмыстары жоспарға енгізіліп, тізімі бекітілілді. Оның ішінде 14 елді мекенде тиісті жұмыстар жүргізілді. Олар: Қайнарбұлақ саяжай аумағы, Нұршуақ, Бозарық, Ынтымақ-1 және Ынтымақ-2, Оңтүстік е/м, Кіші Самал, 112-Орам, Карл-Маркс, Тассай бөлімшесі, Тараз, Шапағат, Наурыз және Мирас.

Сондай-ақ қалған 6 елді мекенге оптика желісін жүргізу үшін қажетті құрал жабдықтар алынуда. Тиісті жұмыстар жыл соңына дейін атқарылып, 210 000-ға жуық қала тұрғыны жоғарғы жылдамдықты интернет желісіне қосылады.

 

ШЫМКЕНТТЕ 147 МЕКТЕПТЕ ИНТЕРНЕТ ЖЫЛДАМДЫҒЫ КӨТЕРІЛДІ

Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Айдос Өмірәлі баспасөз алаңында айтты.

Қаладағы білім беру мекемелеріндегі интернет сапасына мониторингтеу жұмыстарын жүргізу тапсырылған. Осыған орай, қаладағы 143 білім беру ұйымдарында интернет жылдамдығына тексеру жұмыстары жүргізілді. Мониторингтеу нәтижесінде 135 мектебі «Қазақтелеком» АҚ-мен, 6 мектеп жеке компаниялар арқылы келісімшартқа отырғандығы анықталды. Сондай-ақ жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты 2 мектепте қайта конкурс жарияланған.

Тексеру барысында анықталған кемшіліктерді түзету бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Бүгінде, білім беру мекемелеріне бөлінетін қаражатты цифрландыру басқармасы арқылы іске асырып, орталықтандырылған модельге өтуді қамтамсыз ету және барлық мектептердегі интернетті 150 мб/сек тан төмен емес жылдамдыққа көтеру жұмыстары атқарылды.

Қазіргі таңда, орта білім беру ұйымдарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында ашық конкурс өткізілді. Қаңтар-ақпан айларында конкурс нәтижесі анықталып, қала аумағындағы 147 мектептегі интернет жылдамдығы 150 мб/сек көтерілді, оның 100 мб/сек оқу процесіне бағытталса, ал 50 мб/сек бейнебақылау және СОС батырмаларына арналған.

Айта кетерлігі қоғамдық орындарды тегін Wi-fi желісімен қамтамасыз ету және қала тұрғындарына жайлы ортаны қалыптастыру мақсатында 2021 жылы 10 қоғамдық орындарға 30 «Wi-fi aimaq» модемдері орнатылып, толық іске қосылды.

2022 жылы қала аумағындағы қоғамдық орындарды 100% тегін Wi-fi желісімен қамту мақсатында 4 аудан әкімдігімен талдау жұмыстары жүргізіліп, Wi-fi нүктелері орнатылатын жерлер бектіліп, қала аумағындағы қоғамдық орындардың барлығын дерлік тегін WI-FI желісімен қамту жұмыстары жүргізілді.

Осы аталған 10 қоғамдық орындарға орнатылған «Wi-fi aimaq» модемдері толық іске қосылып, қаладағы қоғамдық орындардың тегін интернетпен қамтылу көрсеткіші 100%-ды құрады.

ШЫМКЕНТ:"КҮТЕМ СЕНІ" — ОТБАСЫНЫҢ ҚАДІРІН ҰҒЫНДЫРҒАН ҚОЙЫЛЫМ

Шымкент қалалық опера және балет театрында хор ұжымы «Күтемін сені» атты композициялық драманың жаңа форматтағы қойылымын көрерменге паш етті. Сюжеттің негізінде екі басты кейіпкер – Баритон мен Колоратурлық Сопрано арасындағы махаббат хикаясы баяндалды. Қойылымды сахналаған актерлер және театрдың хор ұжымы өнер мен шынайы өмір әлеміндегі нағыз оқиғаны театр сүйер қауымға жеткізіп, ерекше атмосфера сыйлады.

 

–«Күтем сені» – композициялық драма, классикалық мюзикл. Біз бұл қойылымды жастарға арнап сахналадық. Әрі осы қойылым арқылы Шымкент қалалық опера және балет театрының 15 жылдық тарихын зерделей отырып, театр өнеріндегі еңбегін көрерменге жеткізуге ұмтылдық. Қойылым ерекше жанрда, заманауи стилде сахналанды және халық әндері мен тагымал қазақ композиторларының әндері арқылы көрермендерді керемет әсерге бөлегені сөзсіз, – деді режиссер Шағуан Үмбетқалиев.

 

Көріністің барысы Баритон мен Колоратурлық Сопраноның жастық шақтағы пәк махабатынан бастау алады. Екеуі қыз-жігіт болып жүргенде махабаттың буына балқыған Баритон үйленуге бел байлайды. Алайда, қалтасында көк тиыны жоқ ол достарынан көмек сұрайды. Қасындағы адал достары бірігіп, кең далада Баритонға той жасап береді. Барлығы тойды мәз-мейрам, шат-шадыман болып өткізеді. Қонақтар тарқасып, қос ғашық оңашада қалып, атқан таңды таудың етегінде қарсы алады. Дүниеге нұрын шашып күн шыққанда қос ғашық алдағы өмірін жоспарлап, армандарынан сыр шертеді.

Күндер зулап, сағаттар сырғып өте берді. Әлі нәресте сүйе алмаған оларға туыстары сөйлей бастайды. Келінге ауыр сөздер айтып, көңіліне қаяу түсіреді, бірақ бір-бірін шын сүйген ғашықтарға бұл кедергісін келтірмейді. Араға жылдар салып Баритонның әйелі ұл табады. Оны жігіттің досы сүйінші сұрап, қуанышын бөлісті.

Нәресте өсіп, бала-бақшаға барар жасқа жетті. Бір күні мектептің де табалдырығын аттады. Бірақ, бұл отбасының өмірі күнделікті күйбең тіршіліктен ары аспады, біріне-бірі ұқсас сүреңсіз күндер қайталана берді, қайталана берді. Жоқшылық та есік қағып, таршылықтың күйін кешті. Махаббат алауы бәсеңдеп, үйде ұрыс-жанжал жиілей түсті. Мұның соңы қос ғашықтың айырылысуына әкеп соқты.

Ғашықтардың таңмен таласа айтқан асыл армандары адыра қалды. Баритон қарлығашын ұясынан ұшырып алып, балапанын қорғай алмаған байғұстың күйін кешті. Бірнеше күннен кейін, баласының ауруханаға түскенін жанында жүрген досы айтты. Жүрегі дүрсілеп, уайым басқан әкесі алды-артына қарамай ауруханаға барып, дәрігерден бөбегінің хәлін сұрайды. Дәрігер жағдайы жақсы екенін айтып, абыржулы әкені сабырға шақырды... Ауруханада әйелін кездестірген Баритон бар өкінішін білдіріп, отбасын сақтай алмағынына қынжылды. Ғашығына қайта қауыар сәтті ұзақ күткенін айтып, отбасынан кешірім сұрап, екеуі қайта қосылады.

Қойылымның әсерлі болғаны сондай көрермен бірде көз жасына ерік берсе, бірде күлкі мен қуанышқа кенелді. Ойлы жанның жүрегіне жол тапқан «Күтемін сені» композициялық драмасы отбасының қадірі мен құндылығын тағы бір мәрте сезіндіріп, баянды баққа жету үшін соқтықпалы, соқпақсыз өмір жолындағы қиындық пен тауқымет атаулыны бірге көтеру керектігін көрерменге ұғындырды.