Түркістан: ауылдық жерлердегі үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қолдау артады

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» мектебінде Түркістан облысы  қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Ауылдық жерлердегі  Үкіметтік емес ұйымдардың дамуына қолдау көрсету және оларды идеялар мен жобалар жәрмеңкесіне тарту мақсатында дөңгелек үстел өтті.  

Түркістан: жастардың мемлекеттік бағдарламалармен қамтылу көрсеткіші ұлғайды

Түркістан облысында өңір басшысының тапсырмасымен жастар саясатын жүргізу, жастарға қолдау көрсету жұмыстары жаңаша форматқа көшіп, жұмыс тәсілі өзгертілген. Бұл әрекеттер өз жемісін беруде. Өңірде 14-35 жас аралығындағы жастар саны – 654 353 немесе халық санының 30%-ын құрап отыр. Оларға жан-жақты қолдау көрсету, жастар саясаты саласындағы жұмыстарды жандандыру – уақыт талабы.

Түркістанда жаңа жұмыс орындары көбейген

Түркістанда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылған. «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының барлық қосалқы аймақтарының аумағында 340 млрд. теңгеге 64 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде Әкімшілік іскерлік орталығының аумағында 313 млрд. теңгеге 50 жоба және Тарихи орталық қосалқы аймағында 22,6 млрд. теңгеге 9 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар шеңберінде 4,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

ШЫМКЕНТТІКТЕР ҚЫЗЫЛШАҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНАНЫ УАҚТЫЛЫ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК!

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен қызылша ауруының алдын алу және оған қарсы вакцинациялау мәселелері бойынша дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Дөңгелек үстелге аталған салаға жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері, дәрігерлер мен дін қызметкерлері қатысты.

Мамандардың айтуынша, 2023 жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасында халық арасында қызылша ауруы жиі тіркеле басталған. Бұл жағдай Ресейде, Украинада, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Тәжікстанда және Еуропа өңірінің 17 елінде осы аурудың өршуімен байланысты екен.

–Биылғы 5 қазанға дейінгі мәліметті айтар болсақ, Қазақстан Республикасы бойынша қызылшаға күдікпен барлығы 17 мыңнан астам жағдай тіркелген. Оның ішінде Шымкент қаласы бойынша қызылшаға күдіктің 2 749 жағдайы тіркелді. Науқастардың 87 пайызы – балалар. Оның үстіне, олардың шамамен 60 пайызы ата-аналарының бас тартуына байланысты қызылшаға қарсы екпе алмаған, – дейді Шымкент қаласы санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.

Оның айтуынша, 2019 жылы – 3 091 жағдай, 2020 жылы – 873 жағдай, 2018 жылы – 8 жағдай тіркелген болса, 2021 және 2022 жылдары Шымкент қаласы бойынша қызылшамен сырқаттанған науқастар тіркелмеген. Алайда, биыл бұл індет қайта өршіп отыр.

Дәрігерлердің айтуынша, қызылша – вирустық жұқпалы аурулардың бірі және ол ауа тамшылары арқылы өте тез таралады. Бұл инфекция шамамен 100 пайыз сезімталдықпен сипатталады, яғни, бұрын қызылшамен ауырмаған немесе вакцинацияланбаған адам науқаспен байланыста болған жағдайда оны жұқтыру қаупі өте жоғары. Қызылшаның жиі кездесетін асқынуларының арасында ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхопневмония, жатыр мойны лимфа түйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит секілді аурулар бар. Әрі 80 пайыз жағдайда бұл вирус балаларға жұғады.

–Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес бірінші егу 12-15 айлық балаларға, екіншісі 6 жастағы балаларға сау фонда жүргізіледі. Қосымша қызылшаға қарсы эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша бұрын қызылшаға қарсы вакцинацияланбаған, вакцинация туралы мәліметтері жоқ, осы аурумен ауырмаған 30 жасқа дейінгі адамдар аурумен байланыста болған кезде 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлеріне және қалауы бойынша 30 жастан асқан адамдарға егіледі, – дейді Айгүл Мелесқызы.

Бүгінгі таңда қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинация жүргізу үшін қаланың емханаларында вакцинаның жеткілікті қоры бар. Сондықтан мамандар барша тұрғындарды балалардың денсаулығын қатерге тікпей уақтылы вакцина қабылдауға шақырады.

Жиын барысында дін саласының өкілдері де сөз алып, барлық діндерде адамның өмірі мен денсаулығы жоғары бағаланатынын, сол себепті аурудан сақтану үшін екпе қабылдау дінге қайшы еместігін ашып айтты.

ШЫМКЕНТ: АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ ЕЛГЕ КЕЛДІ

Байдарка және каное есуден Жазғы Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты күтіп алу рәсімі өтті. Шымкент қаласының спортшылары – Сергей Емельянов 1 алтын, 1 күміс, Тимофей Емельянов 1 күміс, 1 қола, Ирина Подойникова мен Руфина Искакова 1 күміс жүлде иеленген болатын. Шымкент әуежайынан жеңімпаз спортшыларды ата-анасы, спорт мектебі басшылары, жанкүйерлері зор қошеметпен қарсы алды.

Іс-шарада қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев, қалалық ескек есу және су спорт түрлері федерациясының президенті Нұрғазы Бұхарбаев жеңімпаздарды құттықтап, алдағы бәсекелерде сәттілік тіледі.

– Азия ойындарында қаламыздың спортшылары жарқын жеңіспен қуантып жатыр. Мінекей, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің екінші тобын қарсы алып отырмыз. Ескек есуден ағайынды Емельяновтар әрдайым жоғары жетістіктер көрсетіп келеді. Олар кезекті рет Азия ойындарында өздерінің мықты екендіктерін дәлелдеді. Биыл жастар арасында әлем чемпионы атанған Руфина Искакова ересектер арасындағы сайыста күміс жүлдеге қол жеткізді. Алда тағы да жарыс жолына шығатын спортшыларымыз бар. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз! – деді Б.Тұманбаев.

Ұлттық құрама сапында Сергей Емельянов 500 метрге каноэде есуден алтын медаль жеңіп алды. Сергей және Тимофей Емельяновтар жұптық жарыстың 1000 м бағдарламасында күміс жүлдені иеленді. Ал байдарка мен каноэде есуден жастар арасында әлем чемпионатының жеңімпазы болған Руфина Искакова Азия ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізді.

Жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Сергей Емельянов қолдау көрсеткен баршаға рахметін айтып, алдағы жарыстарға дайындыққа кірісетінін жеткізді.

Тілге тиек етейік,23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Ханчжоуда ХІХ жазғы Азия ойындары өтуде. Қытайда Азиада-2022 өткізу туралы шешімді 2015 жылғы 16 қыркүйекте Азия Олимпиада кеңесі (АОК) қабылдады.
Жазғы 19-шы Азия ойындарында барлығы 474 медаль жиынтығы ойнатылуда,  оның 381-і олимпиадалық спорт түрлерінен, 93-і олимпиадалық емес спорт түрлерінен. Жарыс 61 спорттық пән бойынша өтеді, оның ішінде 45 - олимпиадалық, 16 - олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша.

.

ШЫМКЕНТ: ШАҺАР БАСШЫСЫ ЖЕРГІЛІКТІ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков өңірлік кәсіпкерлермен кездесті. Жиында қала басшысы үшінші мегаполистегі кәсіпкерліктің дамуы, инвестициялық ахуал және бірқатар мәселеге тоқталды.

— Кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық экономиканы дамытудың кепілі. Осыны ұстанған мемлекетіміз бүгінде шағын және орта бизнестің дамуына барлық жағдай жасап отыр. Яғни, біз өз тарапымыздан қала экономикасын дамыту үшін маңызды, бәсекеге қабілетті жобаларды қолдауға бар ықпалымызды саламыз. Ал кәсіпкерлер бұл бағытта өз міндеттерін әлеуметтік жауапкершілікті сезіне отырып атқаруы қажет. Алайда әлеуметтік жобаларды іске асыру барысында кәсіпкерлер арасындағы сот дауларының салдарынан бірқатар әлеуметтік жобамыз, атап айтқанда, инженерлік инфрақұрылымдар, ауруханалар, мәдениет нысандары, әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысы мерзімінде іске асырылмауда. Осындай күрделі даулардың әсерінен қарапайым халық зардап шегіп отыр, — деді қала әкімі.

Сондай-ақ қала басшысы: «Халықпен тікелей байланыс орнату барысында 9 әлеуметтік көпқабатты тұрғын үйдің пайдалануға тапсыру мерзімі кешігіп отырғанын және тұрғындар тарапынан ел игілігіне берілген баспананың құрылыс сапасына шағымы көп екенін аңғардым. Яғни, қордаланған мәселе өте көп. Бұл мәселелерді шешу және кәсіпкер ісінің алға басуына кедергі келтіретін жайттарды жою барысын осындай жиында ашық айтып, талқылау үшін мұндай кездесулерді дәстүрге айналдыруымыз қажет», — деді Ғ. Сыздықбеков.

Бүгінде қалада шағын және орта кәсіпкерлік субъекті саны 130 мыңнан асып, жұмыспен қамтылған көрсеткіш саны 214 мың адамға жеткен. Ал өндірілген өнім көлемі 517,8 млрд теңгені құрап, жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 50 пайыздан асқан.

Кездесу барысында қала әкімі кәсіпкерлерді қала экономикасын әртараптандыру, импортқа тәуелділікті барынша азайту, отандық өндірісті жолға қою, қоғамдық әл-ауқатты арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды.

Жиынға қалалық прокуратура және салалық басқармалардың, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының басшылары мен бизнес өкілдері қатысты.

 

 

ШЫМКЕНТТЕ 9 АЙДА 17 МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Шымкентте «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында 17 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 9156 адам тұрақты жұмыс орнына орналастырылған болса, 8 мыңға жуығы субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған.

Бұл туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында басқарманың 2023 жылдың 9 айында атқарылған жұмысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері 22 870 жаңа жұмыс орны құрылған. Оның ішінде 21 815 орын кәсіпкерлік жеке бастамамен және 1055-і ұлттық жобалар аясында ашылған.

Қазіргі таңда 2431 жұмыссыз азамат тегін 3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтуде. Оқу сәтті аяқталған соң оларға сертификат табысталып, әлеуметтік келісім-шарт негізінде кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орындарына орналастырылатын болады. Сондай-ақ жыл басынан бері https://skills.enbek.kz/ онлайн платформасында 2 жарым мыңнан астам адам кәсіптік білім алған.

Жалпы, Шымкентте биыл 57 181 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, 9 айда 56 379 адам қатысқан. Жылдық жоспар 99 пайызға орындалып отыр.

Бұдан бөлек жиында Шымкент қаласында 9 айда 11 858 отбасындағы 60 215 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілгені айтылды. Арнаулы әлеуметтік қызметтер әлеуметтік салада психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған мүгедек балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті І-ІІ топтағы мүгедектер мен қарттарға стационар, жартылай стационар және үйде қызмет көрсету жағдайында жүзеге асырылғаны да тілге тиек етілді. 

ШЫМКЕНТТЕ 60 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛДЫ

Шымкент қаласында 9 айда 11 858 отбасындағы 60 215 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Былтырғы жылмен салыстырғанда АӘК алушылар саны 22,6 пайызға азайған. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға көрсетіліп жатқан осы және өзге де әлеуметтік көмектер жайлы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың биылғы жылдың 9 айының көрсеткіші бойынша брифингі барысында айтты. Оның айтуынша,  мемлекеттік атаулы көмек алушы жанұяларындағы 1-6 жас аралығындағы 20 033 бала кепілдендірілген әлеуметтік топтаманың 1,5 айлық есептік көрсеткіш яғни, 5175 теңге көлеміндегі ай сайынғы қосымша төлемімен қамтамасыз етілді.

Атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне кедейлік шегінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар азаматтарға тағайындалады. Бүгінгі күні кедейлік шегі күнкөріс деңгейінің 70% деңгейінде немесе 2023 жылдың 3 тоқсанына орта есеппен 32 716 теңге болып белгіленген.

Қала бойынша сондай-ақ 80 жастан асқан 123 жалғызілікті қарияға ай сайын 2 АЕК-тен (6900 теңгеден) әлеуметтік көмектер төленуде. Медициналық мекемелерде қатерлі ісік ауруымен диспансерлік есепте тұрған 118 балаға ай сайын 5 АЕК-тен немесе (17 250 теңгеден) әлеуметтік көмектер төленуде.

Жиын барысында қаладағы жұмыспен қамту шаралары да сөз болды. Басқарма басшысы, Шымкентте биыл 57 181 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, 9 айда 56 379 адам қатысқанын, осылайша  жылдық жоспар 99 пайызға орындалып отырғанын тілге тиек етті.

Басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз брифингі барысында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының жұмыс барысына да тоқталып өтті.

Қала бойынша сондай-ақ 80 жастан асқан 123 жалғызілікті қарияға ай сайын 2 АЕК-тен (6900 теңгеден) әлеуметтік көмектер төленуде. Медициналық мекемелерде қатерлі ісік ауруымен диспансерлік есепте тұрған 118 балаға ай сайын 5 АЕК-тен немесе (17 250 теңгеден) әлеуметтік көмектер төленіп жатқаны да сөз болды.