ШЫМКЕНТТЕ КӨППӘТЕРЛІ 15 ТҰРҒЫН ҮЙ МОДЕРНИЗАЦИЯДАН ЖӘНЕ 21 ТҰРҒЫН ҮЙ АҒЫМДАҒЫ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі xабарлайды.

Xабарламада Шымкент қаласында көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқаны жазылған. Биылғы жылдың тамыз айында «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында көппәтерлі 15 тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Сондай-ақ, Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының теңгеріміндегі коммуналдық 21 көппәтерлі тұрғын үйлерге ағымдағы жөндеу жұмыстары да жүргізілуде.

Шымкент қаласында көппәтерлі тұрғын үйлерді бюджеттік кредит есебінен күрделі жөндеу жұмыстары қазіргі таңда Күншығыс шағын ауданы №11,14,1 және Спорттық шағын ауданы №10, Ә.Жангельдин көшесі №16, Дулати көшесі №205, Әл-Фараби көшесі №21, А.Асқаров көшесі №32, Республика даңғылы №26, 36А мекен жайында орналасқан тұрғын үйлердің шатыры толығымен ауыстырылды. Мұндан бөлек Ғ.Ильяев көшесі №113/5, Әл-Фараби көшесі №21 тұрғын үйлерінің қасбеттері жаңартылуда. Аталған тұрғын үйлердің сонымен қатар кіреберіс, канализация және су құбырларын жөндеуден өткізу көзделген.

Айта кету керек, көппәтерлі тұрғын үйлердегі жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ. 2022 жылы қаладағы 60 үй ағымдағы және күрделі жөндеуден өткен болатын. Модернизация бойынша күрделі жөндеу жұмыстары тұрғын үй иелерінің 70 пайыз келісімімен жергілікті атқарушы органдарына жазған өтінішіне сәйкес қайтарымды қаржы негізінде атқарылуда.

Тұрғындар қайтарымды қаражат есебінен жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстары бойынша «Тұрғын Үй Шымкент» ЖШС-іне өтінім бере алады.

Мекен жайы: Республика даңғылы №12 «А» 3-қабат. “Тұрғын Үй Шымкент” ЖШС-і.

ШЫМКЕНТ: БӘЙДІБЕК БИ ДАҢҒЫЛЫ КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫНА АШЫЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің тікелей тапсырмасы бойынша Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында 3 деңгейлі жолайрығының ең жоғарғы эстакадасы - Бәйдібек би даңғылы көлік қозғалысына ашылды. Оқу жылының басталуына орай жиілейтін көлік қозғалысы ескеріліп, құрылыс қарқыны күшейтілген болатын.

Шымкент автокөлік көбеюі жағынан елімізде көш бастап тұрғандықтан, соңғы жылдары жол құрылысына басымдық берілді. Бұл жолайрық - қалада кептелісті азайтып, көліктерге қолайлы жағдай жасауда маңызды жоба. Жоспарға сәйкес жолайрық үш деңгейлі. Төменгі деңгейде - Арғынбеков көшесі, жоғары деңгейде - Бәйдібек би даңғылы, ортаңғы деңгейде - оң, жақ бұрылыстар мен сақиналы жол орналасатын болады.

Қазір жолайрық құрылысы белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарын ыңғайластыра отырып, көліктердің қозғалысына кептелісті азайту мақсатында жол кезең-кезеңімен ашылуда. Айта кетейік, 15 мамырда халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында Арғынбеков көшесі ашылды.

Бүгінде жоспарланған жол құрылыс жұмыстары 80% пайызға орындалды. Жолайрық құрылысын толық аяқтап, көліктің барлық бағыттағы қозғалысын қамтамасыз ету жыл соңына жоспарланып отыр.

Нысанға арнайы барып, құрылыс барысын қадағалаған Ғабит Әбдімажитұлы жауаптыларға жұмыстарды мерзімінде аяқтап, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін бағдаршамдар мен жүргіншілер жолын ретке келтіру, жол белгілерін дер кезінде орнату бойынша арнайы тапсырма берді. Онымен қоса жол құрылысы жұмыстарына тек алпауыт монополистерді ғана емес, заң шеңберінде рұқсат етілген шағын және орта компанияларды да жұмылдыру қажеттігіне тоқталды.

Пандустарды да арнайы талаптарға сай салуды тапсырып, ерекше жандардың қауіпсіздігіне назар аударды.

Сондай-ақ қала әкімі жауаптыларға құрылыс барысында жолайрық айналасына жиналатын жауын-шашын суының деңгейіне қарай ирригациялық жүйелердің жүктемесі мен су өткізу қабілетін қадағалап, қолайсыздықтарды қазірден алдын алуды тапсырды.

 

ШЫМКЕНТ: «ЖҰЛДЫЗ» ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТЫ НАЗАРДА!

Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы «Жұлдыз» индустриялық аймағының инфрақұрылым құрылысын өз бақылауына алды. 306 га-ды құрайтын бұл индустриялық аймақта 50 жоба іске қосылып, жалпы саны 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылатын болады. Қазіргі таңда аталған индустриялық аймақ ауыз су, кәріз электр, табиғи газ жүйелерімен қамтамасыз етіліп, автомобиль жолдары мен теміржол тұйығының құрылысы жүргізілуде.

Басқарма басшысы тиісті аймаққа құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, индустриялық аймақтың жағдайын толығымен бақылап қайтты. Сонымен қатар басқарма басшысы күрделі құрылыс жұмыстарының жоспарға сәйкес жүргізілуін өз қадағалауына алатыныдығын жеткізді.

Тілге тиек етейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында индустриялық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөнінде шаралар қабылдау туралы нақты тапсырма берген болатын.

Мемлекет басшысы "Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырамын. ...жалпы, инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі" деп атап өткен болатын. Осыған орай Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру бағытында бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, "Жұлдыз" индустриалды аймағы қосымша 155 гектарға, ал, Шымкент сауда-логистикалық орталығының аумағы 136 гектарға кеңейтілген. Сонымен қатар қазір Шымкентте тамақ өнеркәсібіне бағытталған "Бозарық" индустриалды аймағының құрылысы жүргізілуде.

Шымкент қаласы әкімдігі "Бозарық" және "Жұлдыз" индустриалды аймақтарының тұжырымдамасы мен қоршаған ортаға әсерін бағалау құжаттарын әзірледі. Бұл индустриалды аймақтардың инфрақұрылым құрылысына республикалық бюджеттен тікелей қаржы тарту және осы аймақтарға "республикалық индустриалды аймақ" мәртебесін беруге жол ашады.

Айта кетейік, Шымкент қаласының өндірістік қуаты негізінен 5 өнеркәсіптік аймақта шоғырланған. Бұл аймақтарда жалпы 230-ға жуық инвестициялық жоба жүзеге асуда. Қазірдің өзінде 14 мыңдай тұрақты жұмыс орны құрылған. Қалаға келіп, жаңа кәсіпорындар ашуға ниетті инвесторлардың көп болуына байланысты, жоғарыда айтқанымыздай, "Жұлдыз", "Бозарық" және "Стандарт" атты жаңа индустриалды аймақтар құру бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Одан бөлек, Президент тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласындағы көлік-логистикалық орталығын Қазақстанның бүкіл оңтүстік өңірінің логистикалық хабына айналдыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Жалпы, Шымкент қаласының әкімдігі алдағы бесжылдықта қала экономикасына 6 триллион теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр.

 

ШЫМКЕНТТЕ «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – МЕНІҢ ТІЛІМ» ФОРУМЫ ӨТТІ

Елімізде Қазақстан халқы тілдері мерекесі 5 қыркүйекте тойланып келеді. Оның өзіндік себебі де бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп, ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Сондықтан қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесі тойланады. Мемлекеттік тіл — елдіктің белгісі! Әрбір елдің қастерлі де қасиетті байлығы болғандықтан – азаматтық патриотизм, мәдени тұтастық және түрлі эстностарды бауырына басқан еліміздегі ынтымақтастықты нығайтудағы басты құрал.

Тіл - ұлттың аса ұлы игілігі, әрі оның ажырамас белгісі. Еліміз егемендік алып, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғаннан бері қолданыс өрісі кеңейе түсті. Белгілі бір тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай міндет емес. Себебі сол мемлекет иесі болып отырған халықтың мүддесінен шығып, барлық саладағы мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде болуы шарт. Демек тіліміз – өнер, әдебиет, мәдениетте, баспасөз, дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, өндіріс, ресми ісқағаздарда қызмет ететін қоғамның қажетті құралына айналуы қажет.

Мереке қарсаңында, осы тақырыптарда ой қозғаған Қаратау дәстүрлі өнер мектебінде – «Мемлекеттік тіл — менің тілім» атты форум өтті. Жиынға Шымкент қаласы мәдениет және тілдерді дамыту, архивтер басқармасының басшысы Сәкен Шәкеев қатысып, мерекемен құттықтады. Сондай-ақ қаламызда қазақ тілінің дамуына атсалысып, республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болған бірқатар жастарды марапаттап, сый-сияпат табыстады.

Шымкент қалалық Тілдерді оқыту әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен форумда ақын, жазушы, аудармашы Абай Қалшабек, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана директоры, айтыскер ақын Анар Жаппарқұлова, ОҚМА әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасының басшысы Ербол Сәлім баяндама жасады.

Баяндамада қазақ тілінің қолданыс аясына, грамматикасына, терминологиялық сөздердің аудармасына қатысты орынды пікірлер мен ұсыныстар айтылды.

– Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде жастардың хат алмасуда қолданатын қысқа жазбалары грамматикалық сауатсыздыққа алып келіп жатыр. Мұның өзі үлкен мәселе. Осындай ауқымды дүниелерге қолды сілтеп, құр қалдыруға болмайды. Жастарымызға сөздің қадірін, ана тілінің қасиетін жиі насихаттауымыз керек, – дейді Анар Жаппарқұлова.

Форум соңында Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің оқушылары тіл туралы өлеңдер оқып, ән шырқады. Айта кетейік, биыл ағартушы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 151 жыл толды. Ұлы ұстаз – қазақ тіл білімінің негізін қалап, қалыптасуына ерен еңбек сіңірген.

ШЫМКЕНТ: ЕМXАНАЛАРҒА ХАЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫСТЫ КҮШЕЙТУДІҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛУДЕ

Шымкент медицинасында қызмет көрсету сапасын жақсарту және тұрғындар үшін медицинаға қолжетімділікті арттыруда үлкен жобалар іске асуда. Соның бірі – Шымкент қалалық №6 емхана базасында дәрігерлер халықпен байланысты күшейтудің жаңа моделімен жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, қаңтар айынан бастап емхана базасында GPS навигациясы іске қосылған.

Аталған емханада 60 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Дәрігерлер бұл цифрлы жүйе халықтан келіп түсетін өтініш-шағымдардың санын азайтып, бала өлімін болдырмау, медициналық көмекті өз деңгейінде көрсетуге, тіпті, әлеуметтік мәселелердің алдын алуға оң ықпалын тигізеді, – дейді.

–Қалалық №6 емханада мамыр айынан бастап үздік озық тәжірибелік орталығына көшу бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Осы мақсатта аймақтық медбикелерге Әмбебап прогрессивті патронаж моделін толық енгізуде GPS навигациясы іске қосылды. Бұл мақсатта 38 медбике қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Бұл жүйенің басты мақсаты – аймақтық медбикелер аула аралау кезінде 5 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүгізеді, динамикалық бақылауда тұратын азаматтарды жоспарлы профилактикалық тексеруге шақыруды қамтамасыз етеді.

Егер пациенттер арасында шұғыл медициналық көмек туындаған жағдайда GPS навигациясының батырмасын басу арқылы бас дәрігердің орынбасары, бөлім меңгерушісі және бас медбикенің сымтетіктеріне шақырту келіп түседі. Келіп түскен шақыртуға дер кезінде қажетті медициналық көмек ұсынылады, – дейді Шымкент қалалық №6 емхананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ұлбала Ерғалиқызы.

Аталған жүйеге 40-қа жуық медбике атсалысады. Құрылғы арқылы монитордан емхананың аумағында тіркеуде тұрғандардың нақты мекенжайлары көрінеді, пациент туралы ақпараттарды да жүйе арқылы көруге болады.

 

ШЫМШАҺАРДА 6 ТЕАТР БАР

Шымкенттегі театр сахналарында жаңа маусымның шымылдығы түрілді. Қалада мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 6 театр жұмыс істейді. Жаңа маусымның жаңалықтарымен қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының мәдениет және тарихи-мәдени мұраны сақтау бөлімінің басшысы Бауыржан Орынбасарұлы баспасөз брифингінде бөлісті.

– Осы жылдың 8 айында Шымкент қалалық Жұмат Шанин академиялық қазақ драма театрында «Серінің сергелдеңі», «Ахан» лирикалық драмасы, Шымкент қалалық өзбек драма театрында «Сәби» драмасы, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында «Кейкінің кегі», жалпы 13 премьера көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ репертуарлық 738 қойылым қойылып, 131 мыңнан аса көрермен келген. Биыл гастрольдік іс-сапармен Жамбыл облысында, Түлкібас, Ордабасы аудандары, сондай-ақ Түркістан облысында «Қуыршақ және жасөспірімдер» театрының 40 жылдығына орай, «Шымкенттен шашу», ал, Ж. Шанин академиялық қазақ драма театры Алматы, Түркістан қалаларында У.Шекспирдің «Қораз» трагикомедиясы қойылымын ұсынды. Жыл басынан бері 38 облыс, ауданда гастрольдік іс-сапармен қойылымдар қойылды. Алдағы 6-10 қыркүйек күндері Шымкент қалалық орыс драма театры Алматы қаласының М.Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрына «Театр, или шум за сценной», «За двумя зайцами» қойылымдарымен гастрольдік сапары жоспарлануда ,– деді Б. Орынбасарұлы.

Жыл соңына дейін қаладағы барлық театрларда 389 қойылым қою жоспарланған. Тамыздың соңында бастау алған маусымашарда Шымкент қалалық опера және балет театры Т.Жармұхамбеттің «Домалақ ана» операсымен 16-шы театр маусымын, А. Пушкиннің «Пиковая Дама» драмасымен Шымкент қалалық орыс драма театры 94-ші маусымын, А. Маудановтың «Кейкінің кегі» драмасымен Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының 40-шы театр маусымы ашылды.

Айта кетейік, 7 қыркүйек күні М. Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясымен Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрының 90 маусым ашары, 14 қыркүйек күні С. Ваннустың «Сұлтанның аты сұлтан» трагикомедиясымен Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының 16-шы, 28 қыркүйек күні Жоэль Помраның «Сәби» драмасымен Шымкент қалалық өзбек драма театрының 21 театр маусымының ашылуы өтеді.

ШЫМКЕНТ: МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТТЫҢ III-ЛЕГІ БАСТАЛАДЫ

Мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Биыл Шымкентте әлеуметтік осал топты азаматтарға арналған грантты жалпы саны 447 адамға беру жоспарланған. Жыл басынан бері өткізілген бірінші және екінші лектің өзінде 6000-ға жуық азаматтан өтінім түсіп, 228-не оң шешім қабылданды.

2023 жылдың 11-22 қыркүйек аралығында 400 АЕК көлеміндегі мемлекеттік гранттың III-легі бойынша өтінім беру басталады.

Өтінімдер «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде қабылданады. Үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады.

Өтінімді еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар; қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар азаматтар; өңіраралық қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар және мүгедектігі бар баланы (18 жасқа дейінгі бала) тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы); асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар санатындағы азаматтар тапсыра алады.

Сонымен қатар, үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.

Үміткерлер порталда көрсетілген бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтырулары және порталға енгізулері қажет. Өз бетінше әзірлеген бизнес-план жарамайды. Әсіресе бизнес-жоспар құрғанда мұқият болуларын өтінгіміз келеді. Комиссия мүшелерінің айтуынша алдыңғы лектерде көп азаматтар жоспар әзірлегенде көп қателік жіберген.

Мәселен, нақты қандай құрал-жабдық, қанша дана, мақсатты қолдануы сынды барлық тармақтарын көрсетулері қажет. Грант үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі тәуелсіз комиссиялардың шешімі негізінде беріледі. Комиссия құрамына қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері, кәсіпкерлер мен қоғамдықтық бірлестіктердің өкілдері кіреді.

ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ: “ШЫМКЕНТТІҢ ӨНЕРКӘСІП АЙМАҚТАР ҚҰРУ ТӘЖІРИБЕСІ БАРЛЫҚ ӨҢІРДЕ ҚОЛДАНЫЛАДЫ”

 

Үкіметтің жаңартылған құрамының алғашқы отырысында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселені қарау алдында Үкіметтің жаңа мүшелерінің ант беру рәсімі өтті. Салтанатты рәсімнен кейін Әлихан Смайылов жауаптыларға межеленген міндеттерді, осыған дейін қабылданған жоспарлар мен тұжырымдамаларды, сондай-ақ Мемлекет басшысының әсіресе соңғы Жолдауда берілген тапсырмаларын орындау қажеттігін тапсырды.

Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы Жолдауда айтылған барлық бастама мен тапсырманы қамтиды. Құжат жедел экономикалық өсімге, инфрақұрылым мен инновацияларды дамытуға ықпал ететін жаңа экономикалық саясатты іске асыру жөніндегі маңызды міндеттерді шешуге бағытталған. Бұл, сайып келгенде, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына әсер етеді.

Аталған шараларды тиімді іске асыру, бірінші кезекте министрлер мен әкімдерге жүктеліп отыр. Сондай-ақ барлық мемлекеттік органның, әкімдіктердің Жоспарды бірден орындауға кірісуі қажеттігі ескеріліп, бірінші басшылардың көзделген іс-шараларды сапалы және уақытылы орындалуы қамтамасыз етілуі қажет. Бастысы қаржыландыруға қатысты барлық мәселе жан-жақты пысықталуы керектігі назарға алынуда

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Шымкентке арнайы келіп, қала әкімін тағайындау мақсатында мәслихат депутаттарының жиналысына қатысқан болатын. Жиын барысында мегаполистің жаңа әкімі Ғабит Сыздықбековке маңызды тапсырмалар жүктеп, қаланың кәсіпкерлікті дамытудағы жетістіктеріне арнайы тоқталды.

Шымкенттің қолайлы экономикалық және іскерлік ортасы бар қала болуға тиіс екенін ескерткен Үкімет басшысы ол үшін инвесторларға тиісті жағдай жасалып, мегаполистің дамуына серпін беретін өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға басымдық берілетінін айтты.

«Біз Шымкент қаласының шағын және орта бизнес үшін өнеркәсіптік аймақтар құру тәжірибесін кеңінен қолдаймыз. Биыл бұл тәжірибені барлық өңірде қолдану бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Шымкент шағын және орта бизнестің орталығы деп айтуға болады. Сол себепті шағын индустриялық аймақтарды іске қосу жұмыстары жалғасуға тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

ШЫМКЕНТТЕ 20-ДАН АСТАМ ОҚУ ОРТАЛЫҒЫ ЖҰМЫССЫЗ АЗАМАТТАРДЫ ТЕГІН ОҚЫТАДЫ

Шымкентте жұмыс берушілерден түскен өтінішке сәйкес қыркүйек айынан бастап 24 оқу орталығы 1500-ден астам жұмыссыз азаматты тегін оқытады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту "Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы" аясында жүзеге асырылады. Оқу сәтті аяқталғаннан кейін жұмыссыз азаматтарға сертификат табысталып, жұмыс берушілер оларды әлеуметтік келісім-шарт негізінде жұмысқа орналастыруға міндетті.

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың төрағалығымен өткен комиссия отырысында оқу ұйымдарында түрлі мамандықтар бойынша оқытып, жұмыс күшімен қамтамасыз етуді өтінген 60-тан астам жұмыс беруші мекеменің талапқа сәйкестіктері сараланды. Мекемелерден техникалық және кәсіптік сала мамандарына сұраныс көп түскен. Атап айтқанда, автомобиль жөндеу –дәнекерлеушісі, байланыс желілерінің электриктері, жол-құрылыс көлігінің машинисі, кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері мен компьютер және аппаратық құралдарының операторы, көкөніс өсіруші мен мерчендайзарлер секілді мамандық иелері сұранысқа ие.

Жалпы, кәсіптік оқыту мерзімі 3 ай. Ай сайын 20 948 теңге шәкіртақы мен 2 АЕК, яғни 6900 теңгеден бір реттік материалды көмек төленеді. Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Үміткердің мүгедектігі болған жағдайда, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасында (ИПР) жұмысқа қабілеттілігіне дәрігердің рұқсаты болуы қажет.

ШЫМКЕНТ: "5-10-20" ТҰРҒЫН ҮЙ НЕСИЕЛІК БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ӨТІНІМДЕР ҚАБЫЛДАНАДЫ

"Отбасы банк" АҚ Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде "Жылдық 5%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша алдын ала немесе аралық тұрғын үй қарыздарды беру арқылы әлеуметтік кредиттік тұрғын үйді сату" бағытына қатысуға өтінімдер қабылдау басталатынын хабарлайды.

Конкурстық пәтерлер Шымкент қаласы,"Тұран" шағын ауданы 9 қабатты №9,13,14,15,16,17,18,19,20,21 тұрғын үйлерде орналасқан.

1 ш. м. тұрғын үйдің құны: 200 000 теңге, "таза" әрлеуде.

Жайлылық класы: 3

Пәтерлер саны: 540

Пәтер түрі 1: 180 - пәтер, максималды ауданы 49,35 ш. м.,

Пәтер түрі 2: 180 - пәтер, максималды ауданы 66,07 ш. м.,

Пәтер түрі 3: 180 - пәтер, максималды ауданы 82,00 ш. м..

Қатысуға өтініштерді қабылдау мерзімі: 07.09.2023 ж. бастап 28.09.2023 жылға дейін.

Сатып алушылардың тізімдерін қалыптастыру (Үміткерлерді іріктеу) күні: 29.09.2023 жыл.

Қатысушыларды іріктеу есепке қою күні бойынша жүзеге асырылады.

Пулға қатысу туралы өтінішті Otbasybank.kz. жылжымайтын мүлік порталында беруге болады.

Өтініштер тұрғын үй кезегінде тұрған Банк салымшыларынан ғана қабылданады.

Несие рәсімдеу кезінде салымшының жинақ шотында қарыз сомасының кемінде 10% мөлшерінде тұрғын үй құрылыс жинақтары болған кезде мүмкін болады.

Берілген өтініштерді пулға/тікелей сатуға бөлу шарттарымен, өтініш берушілерге қойылатын талаптармен, құрылыс объектісінің сипаттамасымен, оның ішінде ғимараттың қасбеттерінің фотосуреттерін және тұрғын үйдің орналасуын Otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталынан көруге болады.

Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда, Банктің Байланыс орталығына келесі нөмір бойынша хабарласуыңызды сұраймыз: 300 (ұялы телефоннан тегін).