ШЫМКЕНТ: “БІР ҮЙ – БІР БІРЛЕСТІК – БІР ШОТ” ҚАҒИДАСЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ

Бүгінде «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңында қаралған өзгерістерге сай көпқабатты тұрғын үйлерде мүлік иелерінің бірлестіктері институтын немесе жай серіктестікті енгізу жөніндегі реформа іске асырылуда. Аудан әкімдіктері тарапынан тұрғындар арасында жаңа реформаның тиімділігі бойынша түсіндіру шаралары жүргізілуде. Осы бағытта сұрақтар туындаған жағдайда тұрғындар аудан әкімдіктеріне және қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына хабарласа алады. Өзгеріске сәйкес, «Бір үй –бір бірлестік-бір шот» қағидасы бойынша тұрғын үйді басқару жүйесі таңдалады. Тұрғындарға тиімділігі:

*Үйлерді күтіп ұстауға жиналған өз қаражаттарына бақылау жүргізеді

* Жұмыстарға тапсырыс беруші және мердігерлерден жұмыстарды бағалап, қабылдайды

*Тұрғын үй маңындағы учаскелерге мемлекеттік акт рәсімдеу жергілікті басқару органдары есебінен жүргізіледі

*Кондоминиум объектісі ретінде тіркелген немесе басқару нысаны бар тұрғын үйлер қайтарымды қаражат негізінде республикалық бюджеттен күрделі жөндеуден өтеді

* Қайтарымды қаражат негізінде жергілікті бюджет есебінен лифттерді ауыстыруға және жөндеу жүргізуге болады

* Тұрғын үйде орналасқан тұрғын емес жайларды жалға беру, жарнама орналастыру арқылы түскен қаражатты үйдің жөндеу жұмыстарына жұмсауға болады

* Кондоминиум объектісіне тиісті жер учаскелері тек сол үйдің тұрғындарына ғана тиесілі болады

Нәтижесінде тұрғын үйдің кіре берісі, шатыры, сыртқы келбеті жақсарып, пәтерлерінің нарықтық құны артады. Алдағы уақытта тұрғын үйлерде мүлік иелері бірлестіктері немесе жай серіктестік санын арттыру көзделуде.

Мүлік иелерінің бірлестігі немесе Жай серіктестік құру бойынша тұрғындар тарапынан атқарылуы тиіс жұмыстар:

* Тұрғындар жиналыс ұйымдастырады

* Жиналыста Мүлік иелерінің бірлестігі немесе Жай серіктестік құру бойынша шешім қабылданып, үй кеңесінің мүшелерін және төрағасы сайланады

* Мүлік иелерінің бірлестігін құру жөнінде шешім қабылданғанда:

-жиналысты ұйымдастыруда 50 %-дан астам кворум шешімі болуы тиіс

-егер кворумды қамтамасыз етілмеген жағдайда тұрғындар арасында жазбаша сауалнама жүргізеді.

Мүлік иелерінің бірлестігін құру бойынша шешім қабылданған соң Халыққа қызмет көрсету орталығында мемлекеттік тіркеуден өту қажет:

* Әділет министрлігі белгілеген өтініш береді

* Меншік иелерінің хаттамасының тұпнүсқасы

* Жарғы(Устав) мемлекеттік тілде және орыс тілінде 2-данада

* Мемлекеттік тіркеу үшін бюджеттік алымның төленгені туралы құжат

Жай серіктестік құру бойынша шешім қабылданғанда:

*Жиналысты ұйымдастыруда 100 %-дан астам кворум шешімі болуы тиіс

*Егерде жиналыста кворумды қамтамасыз етілмеген жағдайда тұрғындар арасында жазбаша сауалнама жүргізеді

*Меншік иелерінің 100 % келісімі болуы қажет

*Хаттамасы толтырылып, хаттамаға 100 % меншік иелерінің қолы болуы қажет

* Тұрғын үй инспекциясында тіркеуге алынады

Жай серіктестік заңды тұлға болып табылмайды. Меншік иелері шешім қабылдау және тұрғын үйді күтіп ұстау міндеттерін орындау бойынша барлық міндеттерді өз мойнына алады.

 

ҒАБИТ ӘБДІМАЖИТҰЛЫ СЫЗДЫҚБЕКОВ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ЛАУАЗЫМЫНА ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Мемлекет басшысының Жарлығымен Ғабит Әбдімажитұлы Сыздықбеков Шымкент қаласының әкімі лауазымына тағайындалды. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қалалық мәслихат депутаттарының жиналысына қатысып, қала әкімі лауазымына Рашид Мыңбаев пен Ғабит Сыздықбековтің кандидатураларын таныстырды. Ә. Смайылов Мемлекет басшысының тиісті хатын оқыды. Ашық дауыс беру нәтижесінде 10 депутат Р. Мыңбаевқа дауыс беріп, 19 депутат Ғ. Сыздықбековтің кандидатурасын қолдады. Жиналысқа барлығы 29 депутат қатысты.

Ғабит Сыздықбеков 1980 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң университетін, РФ СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген.

Еңбек жолын 2004 жылы ҚР СІМ Мемлекеттік протокол қызметінің атташесі қызметінен бастаған.

2005-2006 жылдары – ҚР СІМ Мемлекеттік протокол қызметінің үшінші хатшысы; ҚР СІМ Еуропа және Америка департаментінің үшінші хатшысы

2006-2007 жылдары – ҚР СІМ Кеңсесі баспасөз қызметінің үшінші хатшысы; екінші хатшысы

2007-2011 жылдары – ҚР Парламенті Сенатының аппаратында түрлі лауазымдарды

2011-2012 жылдары – ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің басқарма басшысы

2012-2017 жылдары – Франция Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің кеңесшісі

2017 жылғы тамызда ҚР СІМ Әкімшілік және бақылау департаментінің кеңесшісі

2017-2019 жылдары – ҚР Парламенті Сенаты төрағасының кеңесшісі; ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетімен өзара іс-қимыл бөлімінің меңгерушісі

2019 жылғы мамырдан бастап қыркүйекке дейін – ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі

2021 жылғы шілдеде ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.

 

ШЫМКЕНТТЕ ҚАРҚЫНДЫ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Еліміздің үшінші мегаполисінде биыл 67 тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Шымкентте соңғы жылдары мемлекеттік бағдарлама бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің қарқынды құрылысы жүріп жатыр.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде 2023 жылы құрылыс басқармасы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жалпы ауданы 312,4 мың шаршы метр 4 090 пәтерлік 98 көпқабатты тұрғын үй салуды жоспарлады. Бұл ретте ағымдағы жылы 67 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады, олар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Оның ішінде 61 көпқабатты үй – несиелік тұрғын үй, алтауы - жалға берілетін тұрғын үй.

Тұран шағынауданында 18 үй, Бозарық шағынауданында 54 үй, Ақжайық шағынауданында 26 үй салынуда.

Бұдан басқа, жыл қорытындысы бойынша нарықта жұмыс істейтін жастар үшін 900 пәтер және халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 505 пәтер сатып алу жоспарлануда.

Қалада тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы да белсенді жүзеге асырылуда.

Шымкент қаласының тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы бойынша жыл сайын тұрғындардың келісімімен көпқабатты үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Көп қабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жер" тұрғын үй-коммуналдық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізілуде.

Бағдарламаның мақсаты-тұрғын үй қорын жаңғырту, апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлердің өсуін болдырмау, тұрғын үй аумақтарын дамыту мен абаттандыруды қамтамасыз ету. Сондай-ақ азаматтардың мекендеу ортасын жаңарту және қоғамдық кеңістік үшін қолайлы жағдайлар жасау.

Сондықтан Шымкентте 2022 жылы 462 миллион теңгеге 9 үй күрделі жөндеуден өтті. Ал биыл 1 миллиард теңгеге 15 тұрғын үйді күрделі жөндеу жоспарланған. Оның 12-сі әл – Фараби ауданының, үшеуі Тұран ауданының аумағында орналасқан.

Келесі жылы 40 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

 

 

 

 

ШЫМКЕНТТЕ КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ 6 ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ

Қалада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында 2025 жылға дейін 28 мың орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Биыл 17 300 орындық 12 ғимаратты салуға республикалық бюджеттен

тиісті қаражат қаралған. Ал, 10 700 орындық 6 мектептің құрылысы 2024 жылы басталады деп жоспарлануда.

Бүгін қала әкімінің орынбасары Н. Ергешбек жауапты басқарма басшыларымен бірге арнайы жиында жаңа мектептердің құрылыс барысын талқылады. Қазір қала аумағында 18 білім нысанының орны анықталған. Абай ауданында - 7, Әл-Фараби ауданында -1, Еңбекші ауданында - 2, Қаратау ауданында - 6, Тұран ауданында - 2 мектептің құрылысы бекітілді. Бүгінгі таңда 13-нің жер учаскесіне мемлекеттік акт алынған. Ал, қалған 5 нысанның жер учаскесі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы 4 ғимараттың құрылысына бөлінген жер телімдерін мемлекет мұқтажына алуда тиісті шараларды атқаруда.

Жоспарланған 18 мектеп құрылысы пайдалануға берілген жағдайда жаңадан ашылған шағын аудандардың және сынып толымдылығы жоғары мектептер мәселесі толығымен шешілетін болады. Сонымен қатар қосымша 2 579 педагог жұмыспен қамтылады.

Жобада жайлы мектептің ерекшеліктері бекітілген. Бастауыш және жоғарғы сыныптарға арналған ғимараттың жеке блоктарының болуы, пәндік кабинеттердің толық жиынтығы, еңбекке баулуға арналған әмбебап шеберханалар мен студиялар, жабдықталған спорт зал мен асханалар және арнайы талаптарға сай қауіпсіздік жүйелері қамтылған.

Қала әкімінің орынбасары құрылыс барысында осы артықшылықтарды назарға алуды, құрылыстарды мерзімінде аяқтауда өзекті мәселелерді жүйелі шешуді тапсырды.

Айта кетсек, Мемлекет басшысының қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде қалада 2025 жылға дейін 18 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 12-нің құрылысы басталды.  Шаһар  көлемінде биылдың өзінде 18 500 орындық 18 мектеп пайдалануға тапсырылуда.

ЖОЛДАУ: 55 ЖАСТАН БАСТАП АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМ ТӨЛЕНЕТІНІ АЙТЫЛДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында ел дамуының болашағы қатысты өзекті мәселелерді орынды көтерді. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту, халыққа қолайлы жағдай жасауда инфрақұрылымды жақсарту, су жүйесіне реформа жасау және мықты өнеркәсіптік негізді қалыптастыруда нақты тапсырмалар жүктеді. Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау керек, деген Мемлекет басшысы: «Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы тұста ауыл шаруашылығы саласында серпіліс жасауды шаруалар ғылымдармен бірлесе әрекет ету қажет. Себебі инновациялық амал-тәсілдер ғана табысқа жеткізетінін уақыт көрсетіп отыр. Сонда ғана алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізе аламыз.

Президент тапсырма бергендей Су ресурстары және ирригация, Көлік министрліктері құрылса, «Қазақстан темір жолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру еліміздегі бірқатар көтеріліп жүрген проблемалардың шешімін табуына ықпал ететіне сенім мол.

Сонымен қатар Жолдауда аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын беру, жаңа экономикалық үлгіге көшкенде аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттыру жөніндегі айтылған тапсырмалар мегаполистердің дамуында өз ықпалын тигізеді.

Тағы бір айтылған сөз, еліміз үшін соңғы жылдары қоғамдағы жағымсыз жағдайлар – зорлық-зомбылық жағдаяты.

–Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек, – деп нақты тапсырма жүктеді.

Жас ұрпақтың болашағы – еліміздің болашағы. Бұл мәселеге қатысты жазаны күшейту бойынша берілген тапсырма уақытында орындалғанда ғана халық әділ заңға сенім артады.

Халық арасында бұрыннан талқыланып жүрген мәселенің бірі – зиынды еңбек жағдайындағы жұмысшылардың денсаулық мәселесі-тін. Оның шешімі табылатынына шын мәнінде қуаныштымыз. Жолдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт қызмет еткендерді әлеуметтік қолдау тетігі әзірленгенін жеткізді.

–Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді. Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды сұраймын. Азаматтар осы мәселе шешімін табады деп күтіп отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Ел Президенті айтқандай, алдымызға қойған биік мақсатқа жету оңай болмайды. Бірақ бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа.

Бауыржан ӘЛТЕЕВ, Шымкент қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы,

Ұлттық Құрылтай мүшесі, Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.

ШЫМКЕНТ: ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ СЕНБІЛІККЕ 5 МЫҢНАН АСА ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ

Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен бүгін жалпықалалық сенбілік күні өткізіліп, тазалық шараларына қала тұрғындары белсене қатысты.

Сенбілік барысында әр аудан аумағында орналасқан кәсіпкерлік нысандар аумағы, гүлзарлар мен саябақтар, көп қабатты тұрғын үй аулалары және көше бойындағы арықтарды тазалау жұмыстары атқарылды.

Жалпықалалық сенбілікке Қаратау ауданынан «Қаратау» КММ-і 130, 500-ге жуық тұрғын мен кәсіпкерлер де өз ынталарын танытып, қала көркі мен тазалығына күш салды. Ал, тазалық жұмыстарына 12 арнайы техника тартылды.

Еңбекші ауданынан «Еңбекші» КММ-і 123, «Группа Интеко» ЖШС-інен 250 жұмысшы мен 23 техника, «Жасыл Ел» ЖШС-інен 32 жұмысшы, 4 техника қатысса, 700-ге жуық тұрғын мен кәсіпкерлер де өз ынталарын танытты.

Ал Абай ауданынан «Абай» КММ-і 120, жергілікті мекеме ұжымдары мен аудан тұрғындары жұмылды. 14 арнайы техника атсалысты.

Сондай-ақ, Тұран ауданында үш мыңға жуық аудан аудан тұрғындары атсалысты. Атап айтқанда, көпқабатты үйлердің тұрғындары, мектеп ұжымдары, бизнес нысанының иелері және елдімекен тұрғындары қатысты. Он техника тартылды.

Әл-Фараби ауданының тазалығына жауапты "Әл-Фараби" КММ, "Жасыл ел" ЖШС, "Сенімді Құрылыс" ЖШС мердігер мекемелер жұмысшылары, Теріскей шағын ауданы көпқабатты үйлердің тұрғындармен бірлесе ұйымдастырылған тазалық іс-шарасында ирригациялык арықтар, аулалар мен алаңшаларды күл-қоқыстан тазарту, сынған бұталарды шығару және қоршаулар мен балалар ойын жабдықтарына сырлау жұмыстары жүргізілді.

Ұйымдастырылған сенбілік жұмыстары алдағы уақытта жалғасын табатын болады.

Ал осы кезде, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының және басқармаға бағынысты 16 мекеменің 300-ге жуық қызметкері жалпықалалық сенбілікке белсенді қатысты.

Сала мамандары қала көшелері мен өздеріне қарасты аймақтарда ирригация жүйелерін қоқыстан тазартып, сынған бұтақтар мен қураған шөптерді жинады. Тазалық жұмыстарына бір кісідей жұмыла кіріскен ұжым шаһар тазалығына өз үлестерін қосты.

Жалпықалалық сенбіліктің мақсаты – қоршаған ортаның ластануына жол бермей, қаламыздың көркеюіне атсалысу. Әлеуметтік сала мекемелерінде сенбілік шаралары үнемі өткізіледі.

ШЫМКЕНТТЕ “МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ” ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АНЫҚТАЛДЫ

Жыл сайын өткізу игі дәстүрге айналған үлгілі отбасылар байқауы – елімізде жанұя құндылықтарының рөлін арттырып, отбасы мен некенің оң имиджін дәріптейді. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу қағидалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы №181 қаулысымен бекітілген.

Ұлттық байқаудың мақсаты – бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауапкершілік секілді ұғымдарды ел санасына сіңіру, әсіресе, жастарға жеткізу, жарасымды жанұя құндылығын кеңінен насихаттау болып табылады.

Байқаудың шарты бойынша аудан әкімдіктері маусым-шілде айларында Шымкент қаласының тұрғындары арасынан Абай ауданы - 37, Әл-Фараби ауданы - 34, Еңбекші ауданы - 39, Қаратау ауданы – 34, Тұран ауданы – 34 отбасы өтінім білдірген. Былтырғы жылы 128 отбасы құжаттар өткізген болса, биыл өтінім білдірушілердің саны артып, 178 отбасы байқауға қатысу үшін құжат өткізген.

- Отбасы - қай заманда да болмасын ел болашағы жастарды тәрбиелейтін ыстық ұя. Сондықтан отбасы институтының іргесін ныйғайту арқылы болашағын жарқын ете аламыз. «Мерейлі отбасы» конкрусына қатысып, өнер көрсеткен барша отбасыларды шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңыз аман, жұртымыз тыныш болсын», - деді марапаттау сәтіне қатысқан Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұрат Шотанов.

Байқау кезеңінде барлық аудандарда комиссия отырыстарысы тікелей эфирде жүргізіліп, іріктеу кезеңінің қорытындысында әр ауданнан 4 үміткерден анықталды. Барлығы 20 отбасы қала әкімі Мұрат Әйтеновтың атынан арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

Шымкент қаласы бойынша «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы - Бейсбековтар отбасы атанып, Астана қаласында өтетін Республикалық байқауға жолдама алды.

ШЫМКЕНТТЕ 260 – ҚА ЖУЫҚ МЕКТЕПТЕ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

Жаңа оқу жылында 28 048 бала 1-сыныпқа қабылданып, мектеп табалдырығын аттады. Қаладағы №65 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-гимназияда 1 қыркүйек – Білім күніне арналған алғашқы қоңырау мерекелік іс-шарасы өткізілді. Салтанатты жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов арнайы қатысып, құттықтау сөзін сөйледі.

Баршаңызды «Білім күні!» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін біз осы мектепке тұңғыш рет қадам басатын 250 бүлдіршінге арналған шараға жиналып отырмыз. Бұл естен кетпейтін ерекше сәт болары белгілі. Сіздермен бөлісер жағымды жаңалығымыз бар. Осы мектепке 600 орындық жаңа ғимарат салынды. 24 оқу кабинеті, 260 орындық асхана, спорт залы, футбол және баскетбол алаңдары, информатика мен ағылшын лингафон кабинеттері, заманауи кітапхана қосымша қолданысқа берілді. Енді бұл мектептке 1000 оқушы білім алатын болады. Еске салсам, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының бастамасымен өткен спорттық жарыста жүлделі орындарды иеленді. Футбол сайысынан І орын, шахматтан ІІ орын, ал баскетболдан ІІІ орын иегері атанды. 20 миллион теңге сертификатын алып, оқушылар мектепке автобус сыйлады. Құрметті оқушылар! Өздеріңіздей өрелі ұрпағы барда еліміздің мәртебесі биік, айбыны асқақ боларына күмән жоқ. Тағы да баршаңызды мерекемен құттықтай келе, жаңа оқу жылы жетістіктерге толы жыл болсын. Ұстаздардың игі қызметтеріне табыс тілеймін, - деді Қуаныш Жұмабекұлы.

Ал, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытылатын мамандандырылған №8 гимназияда болып, оқушылардың қуанышымен бөлісті. Ол салтанатты шарада 148 жылдық тарихы бар білім ордасының тарихына үңіліп, мектептің жаңа ғимаратының тұсаукесер рәсіміне қатысты. 1100 орындық мектеп ғимараты заманау үлгіге сәйкес салынған. Білім ұясы 2022-2023 оқу жылында республикалық ең үздік олимпиадалық мектебі мәртебесіне ие болды. Гимназияның баскетбол құрамасы үш жыл қатарынан «Шымкент Жастар лигасының» жеңімпазы атанған.

Жалпы қала көлемінде 2025 жылға дейін 54 мектеп салу жоспарда бар. Биылдың өзінде 18 500 орынға арналған 18 мектеп пайдалануға тапсырылуда. Нәтижесінде үш ауысымда оқитын 4 мектептің мәселесі толығымен шешілді. 2023 жылға 9 мекеменің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 18 мектептің құрылысын аяқтау көзделген. Оның ішінде 12 білім беру нысанының құрылысы басталып, қарқынды жүргізілуде.

Балалардың сапалы біліммен қамтылуы үшін жан-жақты шаралар атқарылып жатыр. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарына 100% арнайы талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау жүйелері, турникеттер, дабыл батырмалары орнатылып, Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылды. Сондай-ақ І-дәрежелі мамандандырылған күзетпен келісім-шарт түзілді.

 

ШЫМКЕНТ: 27 МЫҢНАН АСТАМ ОҚУШЫ МЕКТЕП ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАДЫ

Білім күні шын мәнінде барша халықтың дәстүрлі мерекесіне айналды.

Бүгін еліміздегі барлық білім ордасы оқушылар мен студенттерге есігін айқара ашты. Соның ішінде Шымкентте 27 мыңнан астам оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, бірінші сыныпқа баратын оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен 2021-2022 оқу жылында 1 сыныпқа қабылданған оқушылар – 25 005 болса, 2022-2023 жылы –26781, ал биылғы оқу жылында – 26 969 оқушы қабылдау жоспарланғанымен оқушы саны жылдағыдай тағы да артқан. Шымкентте 1 қыркүйектен бастап 246 орта білім беретін мектепте 232 788 оқушы білім алады. Шаһарда мектептерде 20 184 пегагог жұмыс істейді.

Ресми ақпараттарға сүйенсек, елімізде 7 700 білім беру ұйымында 3 млн 900 мың бала білім алады, олардың 382 мыңы мектеп табалдырығын алғаш аттайды. Қазақстан мектептерінде 340 676 педагог жұмыс істейді. Оның ішінде еңбек өтілі 10 жылға толмаған 147 402 мұғалім, 20 жылға жуықтаған 88 393, 20 жылдан асқан 104 881 педагог бар Жыл сайын әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетіледі. Биыл 460 мың бала үшін 65,8 млрд теңге қарастырылған. Президенттің 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы биылғы оқу жылында толыққанды орындалмақ. Өңір әкімдіктері оған қажетті қаржыны бөліп қойған. Соның нәтижесінде 1 қыркүйектен бастап 1 млн 400 мың бастауыш сынып оқушысы тегін тамақтанады.

Айта кетсек, Мемлекет басшысының қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде қалада 2025 жылға дейін 18 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 12-нің құрылысы басталды.  Шаһар  көлемінде биылдың өзінде 18 500 орындық 18 мектеп пайдалануға тапсырылуда. Биыл Шымкентте  үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді. Жаңа оқу жылында 600 орындық жаңа білім ғимараттары пайдалануға берілді. ҰБТ қорытындысы бойынша түлектердің 85 пайызы мемлекеттік грантқа ие болды. Жаңа оқу жылында қалада 28 мыңнан астам бала 1-сынып табылдырығын аттап отыр.

ШЫМКЕНТТЕГІ №65 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ

Шымкент қаласының мектептерінде бүгін алғашқы қоңырау соғылды. Іргелі білім ордасы Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында білім күніне орай салтанатты жиын өтті. Жаңа оқу жылында мектепке 250 бала 1-ші сыныпқа қабылданды. Оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.

Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева барша ұстаздар қауымын, ата-аналарды білім күнімен құттықтап, мектеп табалдырығын жаңадан аттаған бүлдіршіндердің қадамына сәттілік тіледі.

– Жаңа оқу жылында Шымкентте 28 мыңнан астам оқушы 1-сынып табылдырығын аттап отыр. Қаладағы ең озық білім ордаларының бірі №65 мектеп-гимназия ұжымы оқу жылын жаңа ғимаратпен бастады. Биыл мектеп бітірушілер жоғары жетістіктерге жетті. ҰБТ қорытындысы бойынша түлектердің 85 пайызы мемлекеттік грантқа ие болды. Жалпы білім саласында жаңа мектептердің пайдалануға берілуі, білім сапасын арттыру, инфрақұрылымды жақсарту, қауіпсіздікті күшейтуде көптеген жұмыстар атқарылды. Енді оқушылар тек қана білімге ұмтылуы тиіс, – деді Жанат Арысбекқызы.

Іс-шара барысында жаңа оқу корпусының лентасы қиылды. Білім басқармасының басшысы, қамқоршылық кеңесінің мүшелері, ата-аналар жаңа ғимараттың ішін аралап көрді. 600 орындық білім нысаны 24 оқу кабинеті, асхана, спорт зал, кітапхана, зертханалық кабинеттермен жабдықталған. Мердігер компания құрылысты мерзімінен бұрын аяқтады.

Айта кетсек, Мемлекет басшысының қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде қалада 2025 жылға дейін 18 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 12-нің құрылысы басталды.  Шаһар  көлемінде биылдың өзінде 18 500 орындық 18 мектеп пайдалануға тапсырылуда. Биыл Шымкентте  үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді. Жаңа оқу жылында 600 орындық жаңа білім ғимараттары пайдалануға берілді. ҰБТ қорытындысы бойынша түлектердің 85 пайызы мемлекеттік грантқа ие болды. Жаңа оқу жылында қалада 28 мыңнан астам бала 1-сынып табылдырығын аттап отыр.