ШЫМКЕНТТЕ МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

«Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығында өткен бүгінгі жәрмеңкеге 25 жұмыс беруші мекеме қатыстырылды. Жұмыс іздеуші 100-ге жуық азаматқа 400-ге жуық жұмыс орны ұсынылды.

Бүгінде қала бойынша 18 жастан асқан 33 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 4115-і бірінші топ, 15 411 және 13351 азамат екінші және үшінші топ мүгедектері.

Еңбекке қабілеттілерін жұмыспен қамту мақсатында қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы мен "Тең қоғам" орталығы тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырып келеді.

Биыл Шымкентте «2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде 1727 мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Қазіргі таңда 1300-ден астам адам қамтылды.

Сонымен қатар, қалада 50 мекеме квота бойынша мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдайды. Қала әкімінің қаулысына сәйкес, биыл бұл мақсатта 227 жұмыс орнына квота белгіленген.

«Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығының қызметкерлері мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастырумен қатар, ақпараттық-консультациялық көмектер, құқықтық және психологиялық кеңестер береді.

Инватакси және әлеуметтік такси қызметі бойынша өтінімдерді қабылдайды.

Жалпы Шымкент қаласы бойынша биыл 1 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Олар әлеуметтік жұмыс орындары, атап айтқанда жастар практикасы, қоғамдық және алғашқы жұмыс орны, «Күміс жас» жобасымен орналасты. Сонымен қатар 737 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға жолданып, 35 азамат жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған мемлекеттік грант бойынша комиссияның қорытындысымен оң шешім алған.

ШЫМКЕНТ: ЖАСТАР САЯСАТЫ АЗАМАТТЫҚ ФОРУМНЫҢ БАСТЫ ТАҚЫРЫБЫ

Бүгін Шымкентте «Уақыт сынақтары және өзгерістердегі жастардың рөлі. Елдік және халықаралық жастар саясаты» тақырыбында өңірлік форум өтуде. Форумға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қ.Қыдырәлі, қала әкімі М. Әйтенов арнайы қатысып, азаматтық қоғам белсенділерінің диалог алаңын ашып берді.

Азаматтық қоғамды дамыту мен қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі және демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты болып табылады. Бүгінде бұл сектордың рөлін арттыруға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен мән беріп отыр.

Президент тапсырмасы аясында қазіргі таңда, қалада азаматтық қоғам институттарының атқаратын қызмет аясы кеңейіп келеді. Бүгінде қала аумағында 550-ден астам үкіметтік емес ұйымдар тіркеліп, жұмыс жүргізуде. Әкімдік тарапынан ұйымдардың дамуына, олардың қалыптасуына тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді.

“Азаматтық қоғам – бұл қарапайым халық, біз бен сіз және қоғамда өзіндік орны бар үкіметтік емес ұйымдар. Ал үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттің дамуында ықпалы орасан зор. Қазақстан зайырлы, өркениетке бет алған мемлекет. Сондықтан да халықтың үніне құлақ асады. Жалпы билік қашан да халықтың үніне құлақ асса, онда қоғамда өзара түсіністік орнайды, басты құндылығымыз - ынтымақ, бірлігіміз арта түседі» - деді қала әкімі.

Форумның алғашқы бөлімінде сарапшы спикерлер сөз сөйлеп, биліктің өзара серіктесі, қоғамның қозғаушы күшіне айналған азаматтық қауымдастық өкілдерінің атқарған жұмыстарын талқылады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі саланың үздіктерін арнайы марапаттады. Форумның екінші бөлімінде азаматтық қоғам белсенділерінің диалог алаңында жастар саясаты және көші-қон процестерінің теріс салдарын жою тетіктері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, патриотизм сезімін нығайту тақырыптарында жарыссөздер өтеді.

ШЫМКЕНТТЕ "2-10-20 БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ" БАҒДАРЛАМАСЫ ЖАҢА ӘДІСПЕН ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

2023 жылдың 15 тамызынан бастап, Бақытты отбасы бағдарламасы жаңа әдіспен жүзеге асырылады. Сондай ақ 10%-дан басталатын алғашқы жарна болған жағдайда, несиелер жылдық 2% (ЖТСМ 2%) беріледі. Несие мерзімі 20 жылға дейін болады.

Жергілікті атқарушы органдарда баспана алу кезегінде тұрған азаматтардың келесі санаттары жылдық 2% мөлшерлемесімен (ЖТСМ 2% -дан бастап) қолжетімді несие алуға өтініш бере алады:

1. Бірінші және екінші топтағы мүгедектер;

2. Мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп

отырған отбасылар;

3. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

4. Көп балалы отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы отбасылар, көп балалы аналар.

Пәтер сатып алу мәмілесі тікелей бағдарлама қатысушымен жасалатын болады.

Егер 1 және 2 топтағы мүгедек еңбекке жарамсыз болса, өкінішке орай ол мемлекеттік бағдарламаға қатыса алмайды.

Егер мүмкіндігі шектеулі азаматтың кірісі болмаса немесе жеткіліксіз болса, онда ол қосымша қарыз алушыларды тарта алады.

Енді зағип жандар кепілгер ретінде туған ата-анасын, асырап алған ата-анасын, асырап алған балаларын, бір ата-анадан туған және бір ата-анадан тумаған аға-інілері мен апа-сіңлілерін, сондай-ақ атасы, әжесі, немерелерін тарта алады.

Өтінімдер otbasybank.kz сайтында жарияланады.

2022 жылғы жылдан бері жеңілдетілген заем ала алмай жүрген «Бақытты отбасы» бағыты қатысушыларының өтініштері 2023 жылдың 15 тамызында жойылатын болады. Бұл ережеге «Толық емес отбасы» санатына жататын, сондай-ақ белгілі бір нысанға өтініш беріп, қазір заем алу барысында тұрған азаматтар ғана бағынбайды.

ШЫМКЕНТ: 11 АДАМНАН ТҰРАТЫН ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОПҚА ҮКІМ ШЫҚТЫ

 

Шымкентте таныстары мен туыстарын 340 миллионға сан соқтырған қылмыстық топ сотталды. Бұл жайында Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз орталығы хабарлады.

Шымкент полициясына ұқсас мазмұнды арыз-шағыммен 235 адам жүгінді. Олар жалған тендрмен айналысатын алаяқтардың құрбаны болғанын айтып, тәртіп сақшыларынан көмек сұрады.

Жәбірленушілердің сөзінше, өз таныстары « тендрмен айналысатын бастығына» көмек қажеттігін алға тартып, несие рәсімдеуге үгіттеген. Жасаған жақсылығы үшін тиесілі үлесін беруге және банк алдындағы қарызды толық өтеуге уәде еткен.

Көбінесе олар несиені тауарлай рәсімдетіп, алынған қымбат техниканы қайта сатып, шыққан соманың 10-12% пайызын сыйақы ретінде беріп отырған. Алайда, ай сайынғы төлем уақыты келгенде, қаскүнемдер қоңырауға жауап бермей ізін суытқан. Нәтижесінде, несие өсімі көбейіп, азаматтар қарызға белшесінен батқан.

11 адамнан тұратын қылмыстық топтың құрбандары Түркістан облысының және Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты.

Аталған жайтты тергеушілер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.

Белгілі болғандай, алаяқтар тобы 23- 43 жас аралығындағы, 4 әйел және 7 ер адамнан тұрған. Оның ішінде екі банк менеджері бар.

Олардың әрқайсысының өз міндеттері болған; кейбірі несие алатын адамдарды табумен, тағы екеуі оны рәсімдеумен, қалғандары сатып алынған тауарларды алып-сатумен айналысқан.

Келтірілген жалпы шығын көлемі 340 миллион теңгеге жуық. Арызданушылар әртүрлі банктерден 250 мың теңгеден 6 000 000 теңгеге дейін қарыз алған.

Тәртіп сақшылары жинақталған іс-құжаттарды айыптау актісімен сотқа жолдады. Айыпталушылардың әрқайсысы жасаған қылмысы үшін 5 жылға дейін сотталды.

 

 

 

 

ШЫМКЕНТ: БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІНДЕ 4 МЫҢНАН АСТАМ ЖҰМЫС ОРНЫ ҰСЫНЫЛДЫ

 

 

Шымкент қаласы "Еңбек мобильділігі" орталығының ұйымдастыруымен Тұран аудандық "Мансап" орталығында кезекті "Бос жұмыс орындары" жәрмеңкесі өтті. Шара барысында білім беру, медициналық, техникалық, жеңіл және тоқыма өнеркәсібі мен "Қазақстан Фридом Финанс" АҚ банкі, "Қазақстан Халық банкі" АҚ мен басқа да қызмет көрсету салалары бойынша 4 мыңнан астам уақытша және тұрақты жұмыс орындары ұсынылды. Жұмыс беруші 35 мекеме азаматтарды еңбек шарттары және жалақы көлемімен таныстырып, мансап жолын бірге бастауға шақырды. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі сондай-ақ қалалық "Жастар Ресурстық" орталығы және " Жастар рухы" ұйымының қолдауымен ұйымдастырылды. Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шара бірінші кезекте жұмыс іздеушілердің мүддесін көздейді. Мақсат- жұмыс берушілерді тарта отырып, жоғарғы оқу орындары мен колледж түлектерін жұмыспен қамту.

Жалпы, Шымкент қаласы бойынша биыл 57 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Оның ішінде қалалық " Еңбек мобильділігі" орталығы тарапынан 16 мыңнан астам жасты жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамту көзделген. Қазіргі таңға 13 мыңға жуығы қамтылып отыр. Естеріңізге сала кетейік, «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» жобасының мерзімі өзгеріп, төленетін еңбекақысы көтерілді. Мұндай шаралар мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сайкес, жастар арасында жұмыссыздық денгейін төмендету үшін қабылданған. «Жастар практикасы» бағдарламасының мерзімі 12 айға ұзарып, еңбекақысы 91 890 (30 АЕК) теңге, ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасының мерзімі 18 ай, төленетін еңбекақысы 30 айлық көрсеткішке өсті. Биыл ҚР Үкіметінің қаулысымен «2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде қалада 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру болса, оның ішінде 20 759 азаматты тұрақты жұмысқа орналастыру жоспарланған.

 

ЖАСТАРДЫ САЛАМАТТЫЛЫҚҚА БАУЛЫҒАН “SHYMKENT FEST” МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

 

Бүгін Абай саябағында Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Шымкент қаласында алғаш рет өткен «Shymkent fest» жобасының жабылу салтанаты өтті.

Екі ай мерзімге созылған фестиваль 14 бағытта, 12 мен 35 жас арасында, «Хиты всех времен», «Tik-tok vs нағыз бишілер» би батл, Street workout-тан жастар арасында қалалық жарыс және мастер-класс, «Shym youth life» скейт және граффити шоу, «NOSTALGIA GAME» балалық шағымның ойындары фестивалі, «Modern» заманауи жастардың мүмкіндіктері тақырыбында арнайы сурет салу байқауы, үстел теннисінен, «Brain blitz» интеллектуалды сайысы және «Sky movie» кино көрсетілімі, ән-би жарыстары өтті.

«Shymkent fest» жобасы - жаз мезгілінде қала жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, көше спорт түрлерін жастар арасында кеңінен дәріптеу және саламатты өмір салтын ұстануға баулуға бағытталған бірегей жоба.

Аталмыш жобаның жабылу салтанатына Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Серғазы Кәрімұлы қатысып, фестивальға атсалысып, белсенділік танытқан жастарға алғысын айтып, қала жастарын «12 тамыз — Халықаралық жастар күнімен» құттықтады.

Сонымен қатар, фестивальге белсене қатысып, жеңіске жеткен жастар марапатталды. Кеш ән, биге жалғасты.

Тілге тиек етейік, Шымқалада жастарды қолдау мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған. Мәселен, Шымкент жастарына бизнес жүргізу үшін 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде кредиттер 5 жылға 2,5% - бен беріледі. Несие алудың міндетті шарты-кепілдік мүлік. Қазіргі уақытта жас кәсіпкерлерден 60 өтінім берілді. Олардың 20% - ы комиссияның қарауына ұсынылды. Бизнеспен айналысқысы келетіндер үшін конкурстық негізде микрокредиттер беріледі. Атап айтқанда, 21 мен 35 жас аралығындағы жастар. Микрокредитті кез келген мақсатта 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығына-7 жылға дейін алуға болады. Сондай-ақ, кредиттік бағдарлама шеңберінде 1,5 жылға арналған кредиттік каникул көзделген. Көрсетілген мерзім ішінде Қарыз алушы кредит бойынша төлемдерді төлеуден босатылуы және өз қызметін жандандыру мүмкіндігіне ие болуы мүмкін.

 

ШЫМКЕНТТІҢ БАЗАР ЖАСТАР ЛИГАСЫ: АЛҒАШҚЫ ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев NEET санатындағы жастар санын жылына кем дегенде 1%-ға азайту және 2021 жылы 6%-ға дейін төмендету жөнінде тиімді шаралар қабылдауды міндеттеген болатын. Яғни жастарды жұмыспен қамтып, білім беру жобаларына тартуға бағытталған бірқатар шараларды қабылдауды тапсырған еді.

Осыған орай, 12 тамыз – Халықаралық жастар күні қарсаңында, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қолдауымен Шымкентте алғаш рет “Базар жастар лигасы” бастау алды.

Бүгінде Жастар ресурстық орталығының бастамасымен базар жастарын қолдау мақсатында “Базар жастар ұйымы” құрылған болатын. Қазіргі таңда 9 базарда жастарды қолдау ұйымдары жастармен тығыз байланыста жұмыс жүргізуде.

8 тамызда бастау алған турнирдің бірінші кезеңі аяқталып, ұлдар арасындағы кіші футбол мәресіне жетті. Мұндай жарыстар, жастарға салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Футбол ойынына қатысушылар арнайы тағайындалған бас төрешінің бақылауымен жеребе тарту арқылы командаларға бөлініп, жарысқа түсті.

Бас төрешінің бекіткен топтық ойын кестесіне сәйкес 16 команда кезең-кезеңімен ойнап, 1/4 кезеңіне 8 команда (Север сауда орталығы, Технодом, Айна, Барыс, Авто-НҰР, Көне қала, Акбар және Жібек жолы базары ) жолдама алды.

Марапаттау рәсіміне Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шүкірханұлы арнайы қатысып, барша жастарды 12 тамыз – Халықаралық жастар күнімен және турнирде жеңіске жеткен командаларды құттықтады.

Ұлдар арасында өткен кіші футбол ойынының жүлделі I-орын, II-орын және III-орын иегерлерін және "Үздік шабуылшы", "Үздік қорғушы" және "Үздік қақпашы" номинация иегерлеріне «Базар жастар лигасы» кубогы табысталды.

Сонымен қатар, жеңімпаз командаларға дипломдар мен арнайы сертификаттар берілді.

Турнир нәтижесінде:

• I - орын – «Акбар» базар командасы(10-планшет)

• II - орын – «Көне қала» базаоы командасы(10-смартфон)

• III - орын – «Барыс» базар командасы (10-велосипед)

Турнирдің екінші кезеңі 14 тамыз күні қыздар арасында волейболдан өтетін болады.

"ДАЛА СЕМИНАРЫ" МЕГАПОЛИС АГРОСЕКТОРЫН ДАМЫТУҒА СЕРПІН БЕРЕДІ

Бүгін Алтынтөбе тұрғын алабында өткен "Дала күні" көшпелі семинарында ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен жергілікті шаруа қожалықтарының өкілдері саланы дамыту бағытында пікір алмасты.

Агросектордағы озық тәжірибелер талқыланған жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты. Ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері қарастырылған басқосуда үй іргелік жерлерді бақшаға пайдалану әдісі, сол арқылы халықтың табысын арттыру тетіктері пысықталды. Сондай-ақ аграрлар озық технологиялармен көкөніс дақылдарын өндіру, биогумустан тыңайтқыш дайындау технологиясы, тамшылатып суғару әдістеріне қатысты кластерлі жобалар тақырыбында пікір алмасты.

Бүгінде мегаполисте Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығын дамытудың кешенді жобалары жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 91 кластерлі жобаның тізімі бекітіліп, 62 жоба іске асырылды. Құлпынай, ащы бұрыш, көкөніс өсіру, мал бордақылау, бал ара шаруашылығы, балық шаруашылығы бағытындағы жобалар қазірден тиімділігін көрсетуде.

«Бүгінде қаламызда "Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту Ұлттық жобасы» аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатындағы кешенді шаралар өз нәтижесін беруде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жыл сайын егістік алқаптардан жиналатын өнім көлемі де артып келеді. Кешенді шаралар қала тұрғындарының тұрмысын жақсартып, сапалы өніммен қамтуға мүмкіндік беруде. Бүгінгі семинар алдағы уақытта мегаполис агросекторының дамуына жол ашып, тың жобаларды жүзеге асыруға сеп болады деп сенемін" - деді М.Дүйсенбекұлы.

Ауылшаруашылығы өкілдері семинар барысында озық идеялары мен тың технологияға негізделген үздік жобаларымен бөлісті. Аграрлардың бүгінгі басқосуы саланың жетістіктері мен өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берген еркін диалог алаңына айналды.

 

ШЫМКЕНТТЕ ҚАЛДЫҚТАРДЫ ҚАЙТА ӨҢДЕЙТІН КӘСІПОРЫН РЕЗЕҢКЕ ЖАБЫНДЫЛАРЫН ШЫҒАРАДЫ

Шымкент қаласында шиналар және құрамында резеңке бар қалдықтарды кәдеге жаратып, қайта өңдейтін «ЭКО Шина» компаниясы еліміздегі ең ірі зауыттардың бірі. Кәсіпорын 2009 жылдың 1 қазанында тіркелген, негізгі қызметі пайдаланылған шиналарды жинау және өңдеу және резеңке бұйымдарын өндіру.

Өзінің шикізатын пайдалана отырып, «ЭКО Шина» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі резеңке еден жабындарын шығарумен айналысады. Резеңке жабыны - заманауи құрылыста өз орнын берік алған және ашық және жабық спорттық және аулалық ойын алаңдары үшін ең қолайлы заманауи, ыңғайлы жабын.

«Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында кәсіпорын 2023 жылы «Банк ЦентрКредит» АҚ-тан көмір брикеттерін өндіруге арналған құрал-жабдықтарды алуға жылына 21,75%-бен қаражат алды, ал оның 14,75%-ын «Даму» қоры субсидиялайды.

Сондай-ақ, «Даму» Қоры кепілзаттың жетіспейтін бөлігіне кепілдік берді, ал қалған 8% кәсіпкер төлейді.

Қалдықтарды басқару саласында жұмыс істей отырып, кәсіпорын істен шыққан шиналарды жойып, аймақтың экологиялық қауіпсіздігі мәселесін шешеді, халық тұтынатын тауарлар өндірісінде қайталама шикізатты пайдалану арқылы ресурстарды үнемдеу бағытын дамытады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін арттыру тапсырмасы аясында ағымдағы жылы 3 сүтті қайта өңдеуші кәсіпорын іске қосылды. Қазіргі таңда, «Өңдеуші кәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімін тереңдете өңдеп, өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау» бағдарламасы аясында сүтті қайта өңдеп қатты ірімшік пен сары май өндіруші 8 кәсіпорынға мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп, жыл сайын қуаттылығы артып келеді.

 

ШЫМКЕНТ: ЖАҢА ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНДАҒЫ 53 ҮЙІРМЕГЕ 2400 ОҚУШЫ ҚАБЫЛДАНДЫ

Шымкент қаласының Арғынбеков-Шаяхметов көшелерінің қиылысында орналасқан №2 оқушылар сарайында бүгін ашық есік күні өтті. Жаңадан ашылған оқушылар сарайы жыл бойы үздіксіз жұмыс істейді. Деп xабарлайды Шымкент қаласы әкмідігінің баспасөз қызметі.

Мұнда «Mindal.kz» порталына тіркелу әлі де жүріп жатыр және белгілі мерзімде тіркелу уақыты бітіп қалмайды, яғни жыл бойына өзіңіз таңдаған үйірмелерде бос орын шықса, кез келген сәтте тіркеліп, өтініш қалдыра аласыз. Осы кезге дейін №2 оқушылар сарайына Mindal.kz бірегей платформасы арқылы өтінім білдіргендердің саны 4 мыңнан асты. Бұл - күн сайын мыңнан астам өтініш келіп түсіп жатыр деген сөз.

Оқушылар спорт және сауықтыру бағытында 15 үйірме, гуманитарлық және жастар қозғалысы бағытында 5, өнер және музыкалық бағытта 14, психологиялық дайындық бағытында 3, көркем эстетикалық бағытта 5 үйірме бар. Үйірменің жалпы саны – 53.

Ал ғылыми-техникалық бағыт бойынша 11 үйірме бар. Оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны – 6. Физика, биотехнология, кипавтоматика, дизайн және 3Д модельдеу, робототехника. lego құрылысы, химия үйірмелері жұмыс істеп тұр.

Гуманитарлық және жастар қозғалысы бағыты бойынша 5 үйірме, журналистика, шешендік өнер, (ораторлық өнер – қазақ және орыс тілдерінде), журналистика қазақ және орыс тілдерінде, ағылшын тілі (лингвистика), дебат клубы оқушылармен жұмысты бастап кетті.

Өнер және музыкалық бағыт бойынша домбыра, хореография, фортепиано, жетіген, қылқобыз, вокал, драма театр режиссері, скрипка, ал көркем-эстетикалық бағыт бойынша ағаш өңдеу технологиясы, бейнелеу, қыш өнері, қолөнер үйірмелері жұмыс істеп тұр.

«Қабілетін арттырғысы келетін әрбір оқушыға есік ашық!»дейді мұндағылар.