ШЫМКЕНТТЕ ӨҢІРЛІК АЗАМАТТЫҚ ФОРУМ ӨТТІ

Шымкент қаласында «Уақыт сынақтары және өзгерістердегі жастардың рөлі. Елдік және халықаралық жастар саясаты» тақырыбында өңірлік Азаматтық форум өтіп жатыр. Жиынға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Қазақстанның Азаматтық Альянсы президенті Бану Нұрғазиева және Шымкент қаласындағы үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен белсенді мүшелері қатысты.

–Азаматтық қоғамды қалыптастыру мен дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің рөлін арттыруға ерекше назар аударып отыр. Қазіргі таңда Шымкент қаласында да азаматтық қоғам институттарының атқаратын қызмет аясы кеңейіп келеді. Оның бірі дәлелі ретінде қалада 550-ден астам үкіметтік емес ұйым тіркеліп жұмыс істеп жатқанын айтуға болады, – деді форумның ашылуында сөз алған қала әкімі М.Әйтенов.

Өз кезегінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі елімізде азаматтық қоғамның қалыптасуы мен нығаюына берік заңнамалық негіз қаланып жатқанын атап өтті.

–Президенттің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы қазір Мәжілістен өтіп, қазір Сенаттың қарауына келіп түскен. Сонымен қатар бүгінде «Онлайн петиция институты туралы» заң жобасы да Сенаттың қарауына ұсынылған. Сондай-ақ, «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңға да өзгертулер енгізуге бағытталған жоба Мәжіліске жолданды, – деген министр бұл заңнамалық негіздер азаматтық қоғам институттарының халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге және қоғамдық-саяси жүйені жаңғырту ісіне қазіргіден де белсендірек атсалысуына мүмкіндік беретінін айтты.

Форумда Қазақстанның Азаматтық Альянсы президенті Бану Нұрғазиева, Шымкент қаласы Азаматтық Альянсы төрағасы Жұмағали Білісбеков, «Жас ғалым-жастар» қоғамдық бірлестігінің басшысы Амантай Төлтебаев және өзгелер күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салды.

Айта кетейік, өңірлік форумда айтылған ұсыныстар мен көтерілген бастамалар тиісті мемлекеттік органдардың қарауына жолданып, ең өзектілері қазан айында Астана қаласында өтетін республикалық Азаматтық форумның күн тәртібіне ұсынылады.

 

 

ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТІП ЖАТЫР

Шымкенттің «Көрме орталығында» өтіп жатқан жәрмеңке екі күнге жалғасады. Жәрмеңкеде баспана алуға ниеттенгендер қаладағы тұрғын үй салып жатқан компаниялардың ұсынысымен танысып, жеңілдікпен үй алуына мүмкіндігі бар. Іс-шараны «Отбасы банктің» қалалық филиалы ұйымдастырып отыр. Келушілер таңғы сағат 10:00-ден кешкі 18:00-ге дейін банк клиенттері жәрмеңкеде ұсынған үйлермен танысады.

—Бүгінгі жәрмеңкеге «Отбасы банкімен» бірге Шымкент қаласындағы құрылыс саласындағы 20 компания қатысып жатыр. Жәрмеңкеде біздің қаламызда үйлер мен қандай кластағы ғимараттар салынып жатқаны, олардың бағасы, қалай алуға болатыны туралы толыққанды мәлімет алатын алаң ұсынылуда. Әр компания өкілдері қала тұрғындарымен жеке жұмыс істеп, кеңес беруде, — деді «Отбасы банктің» сату бөлімінің басшы Ақерке Үйсінбаева.

Жәрмеңкеге тұрғын үй саласындағы жетекші компаниялар қатысып жатыр.

Мұнда келуші азаматтар әр алуан ұсыныстардың ішінен өзіне оңтайлы нысандарды таңдап, жылжымайтын мүлікті сатып алу тәртібі бойынша банк кеңесшілерінен жан-жақты ақпарат алып, ең тиімді төлем жолдарын есептете алады. Іс-шараға қатысушылар жәрмеңке барысында несиеге алдын ала мақұлдау қызметін қолданып, заем алу туралы келісімін сол жерде-ақ жасауға болады.

— Қазіргі уақытта 200 мыңға жуық шымкенттік тұрғын үй алу үшін «Отбасы банкінде» депозит жинап жатыр. 2023 жылдың басынан бері 15 мыңнан астам азамат дәл осы мақсатпен жаңа салым ашқан. Отбасы банкінің жинақ шоттарына деген мұндай сұраныс несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің төмен болуымен түсіндіріледі. Банк клиенттері бастапқы жарнаны өз шоттарында жинақтай отырып, кейін 3,5%-дан 10%-ға дейінгі мөлшерлемемен тұрғын үй сатып ала алады. 2023 жылдың басынан бері 2 567 шымкенттік отбасы осы мүмкіндік арқылы қоныс тойын тойлады, — деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев.

Банк мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыруға да белсенді атсалысуда. Осылайша, Шымкентте «2-10-20» бағдарламасы бойынша 204 отбасы қолжетімді шарттармен баспана алуға мүмкіндік алды.

Жәрмеңке барысында баспана таңдап, заем рәсімдеген қала тұрғындарына компания өкілдері 5-15 пайыз аралығында жеңілдіктер мен бонустар ұсынбақ.

ШЫМКЕНТ: АБАЙ АУДАНЫНДА 7 МЕКТЕП САЛЫНАДЫ

Бұл туралы Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрлан Тілеш ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте хабарлады. Ол атқарылған жұмыстар және ауданның одан әрі даму жоспарлары туралы айтып берді. Абай ауданының жалпы ауданы 24 мың га құрайды. Xалық саны-257,7 мың адам. Аудан аумағында 27 шағын аудан мен елді мекен орналасқан. Абай ауданында 202 көпқабатты үй, 1 274 көше, 93 әлеуметтік нысан бар. Баспасөз мәслихатында тұрғындарды ауыз сумен, сапалы электрмен, табиғи газбен, кәрізбен қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға талдау жасалды. Ауданның 27 елді мекенінің 26-сы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген (96,2%). 27 елді мекеннің 25-і электр жарығымен қамтамасыз етілген (92,5%). Ал қалған екі елді мекен жеке трансформаторларды пайдаланады. Сондай-ақ, 27 елді мекеннің 20-сы сапалы газды тұтынады (74,1%). Қалған 7 елді мекен қатты отынды пайдаланады. Көкбұлақ, Батыс, арғымақ, Ақжар, Ақтас, Ақтас-2, Нұршуақ елді мекендеріне газ құбырын салу жұмыстары басталды, олардың бір бөлігі жыл соңында аяқталады, ал кейбіреулері келесі жылға көшеді. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін 257 мыңнан астам халқы бар аудан ауыз сумен, сапалы электр энергиясымен толық қамтамасыз етіледі. Абай ауданына әлеуметтік маңызы бар денсаулық сақтау нысандары да қажет. Ауданда әзірге 18 емдеу мекемесі жұмыс істейді. Оның 11-і жеке, қалғандары мемлекеттік. Бірақ бұл жеткіліксіз. 2023-2024 жылдары жеке инвесторлар Ынтымақ шағын ауданының №14 емдеу орталығының филиалын салуға ниетті. Сондай – ақ, Қайнарбұлақ тұрғын алабында емхана салу жоспарлануда", - дейді Нұрлан Тілеш. Ауданда мектеп тапшылығын жою үшін 2023-2025 жылдары "жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында жеті заманауи оқу орны салынады. Қазір аудандағы мектептердің жалпы саны - 29, ал жекеменшік мектептердің саны - 16. 2023-2024 жылдары төрт мектеп салу жоспарлануда. 2024-2025 жылдары үш мектеп салынады. Аудан аумағында тұрақты негізде санитарлық жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда аудан аумағы 7 секторға бөлінген. Әр секторға тазалыққа жауапты мамандар бекітілді. Тазалау ауданның ішкі орамдық көшелері бар көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларында жүргізіледі. Тазалауды "Шымкентспец комплект" ЖШС және "Sana Global"ЖШС орындайды. Тазалауға 23 бірлік техника, 210 адам жұмылдырылды. Биыл ауданда 57 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Абай ауданының аумағындағы көшелер саны-1 274 және 1 080,1 км.573 км (48,5%) - асфальтталған жолдар; тас жолдар - 450,2 км (25,7%); қара жолдар - 57 километр (2,8%). Аудандағы халықтың қауіпсіздігі де әрқашан назарда. Биыл жоспарға енгізілген көшелер жарықтандырылады, осы аумақтарда 250 бейнебақылау камерасы орнатылады. "Халыққа қатысу бюджеті" аясында биыл 15 әмбебап спорт алаңы мен үш спорт алаңы салынады. Жобаның құны 497,5 млн теңге. Олар Бозарық, Самал-3, Асар, Достық, Қызылжар, Тұрлан, Нұршуақ, Алтынтөбе шағын аудандарында салынады. Ал үш спорт алаңы Асар, Достық, Қайнарбұлақ елді мекендерінде салынады. Бұдан басқа, ауданның экономикалық әлеуетін арттыру жөніндегі ірі жоба аудан аумағында "Бозарық" тамақ өнеркәсібінің индустриялық аймағын салу болып табылады. Ауданы 132,9 га индустриялық аймақта жалпы құны 29,5 млрд теңге болатын тамақ өнеркәсібімен айналысатын 30 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Мұнда 1,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

ШЫМКЕНТ: ҚР МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлының кезекті кездесуі Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығында өтті.

Кездесуге «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Б.Төлегенов, Әл-Фараби ауданының әкімі Р.Мыңбаев, Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Б.Ержаппар, полиция департаментінің басшылық құрамы мен қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Миллионнан астам халқы бар үшінші мегаполис тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі басты назарды талап етеді. Шымкент қаласында қылмыс деңгейі мен төтенше жағдайлар қауіпін төмендету бойынша ауқымды шаралар атқарылуда. Осы орайда, «Қауіпсіз қала» бағдарламасы қолға алынған. Бұл бағдарлама ең алдымен қаланың орталық көшелерінде жүзеге асырылып, кейіннен елді мекендер мен ішкі орамдық жолдарда жалғасын тапты. Қоғамдық тәртіп пен көлік қозғалысын реттеуде бейнебақылау камераларының көмегі айтарлықтай нәтиже көрсетіп келеді.

Бүгінде Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығына жалпы 11 211 бейнебақылау камерасы біріктірілген. Қаланың көше қиылыстары мен тұрғын үйлердің аулаларына орнатылған бейнебақылау камералары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді және жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін автоматты түрде тіркеуге көмектеседі. «Қауіпсіз мектеп» бағдарламасы аясында 186 мемлекеттік және жекеменшік мектептерде 3318 бейнебақылау камерасы орнатылса, «Қауіпсіз аула» қағидасы бойынша «Қазақтелеком» АҚ-ның 2 430 бейнебақылау камерасы ҚПД ЖБО-на біріктірілді. Сонымен қатар, жерасты өткелерінде, денсаулық сақтау нысандарында, сауда орталықтары, базарлар және дүкендерде 262 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. 2023 жылдың 7 айында бейнебақылау камераның көмегімен 293 қылмыс ашылып, 33 602 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Дегенмен, Мәжіліс депутаты Полиция департаменті Жедел басқару орталығының жұмысына біршама сын-пікірлер айтып, ол мәселелерді жүйелі шешу бойынша ұсыныстарын жолдады. Атап айтқанда, мопедтер мен электр скутерлерінің жол қозғалысына тигізіп жатқан зардаптарын алға тартып, ҚПД ЖБО тарапынан осы бағытта шараларды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, қаладағы коммуналдық мекеме жұмысшыларының жүк тасымалдайтын көліктермен қатынауына қатаң тиым салып, еңбек адамдарының қауіпсіздігін қадағалау керектігін айтты. Бөлініп жатқан қаржыны тиімді пайдаланып, жұмыс сапасын көтеруді міндеттеді.

– Жедел басқару орталығын қаланың көзі, құлағы десек те болады. Мен қаланың тұрғыны ретінде біршама кемшіліктерді алға тарттым. Қалада бейнебақылау камералары, дабыл бастырмасы жұмыс істейді. Алайда бұл мәселеде камералардың саны емес, сапасы мен төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге дайындығы маңызды және халықпен профилактикалық жұмыстардың жүйелі жасалынуында,– дейді Болатбек Нажметдинұлы.

Сондай-ақ, Шымкент қаласының Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Александр Попов айтылған сын-ескертпе бойынша шаралар жасалатынын, жұмыс тиімділігін арттыру үшін әлі де қызметкерлердің жетіспейтінін алға тартты.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 2023 жылы 1500 дана бейнекамера орнату көзделген. Орнатылатын бір жарым мың камераның 500-і жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Сонымен қатар, 2024 жылға 2000 дана бейнебақылау камераларын орнату жоспарлануда.

ШЫМКЕНТТЕГІ ТЕМІР ЖОЛ ВОКЗАЛЫНЫҢ ҒИМАРАТЫ ТАЛАПҚА САЙ БОЙ КӨТЕРУДЕ

Халық санының жылдан-жылға артуы мен қалаға келетін туристердің көбеюі теміржол вокзалының жұмыс жүктемесін арттырып қана қоймай, сервистік қызметті жақсартуды талап етуде. Қаланың даму жоспарына сәйкес, Теміржол вокзалының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары қазір қарқынды жүргізілуде. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге қайта құру жұмыстарының барысын қадағалады. Жауаптыларға құрылысты дер кекзінде әрі сапалы тұрде жұргізуді тапсырды.

Қазіргі таңда теміржол вокзалы 2- қабатының құрылыс жұмыстары 80 пайызға, бірінші қабаты 30 пайызға орындалды.

Реконструкциялау жобасына сәйкес, теміржол вокзалының аумағы 2249,33 шаршы метрге ұлғаяды. Ғимараттың жолаушы өткізу қабілеті қазір тәулігіне 2 мың адамды құрайды. Қайта құрудан кейін вокзал тәулігіне 6 мың адамға дейін қамти алады. Сондай-ақ жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай екі күту залы қарастырылған. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалады.

Құрылыс жұмыстары 5 кезең бойынша жүргізіледі. Қазір монтаждау жұмыстары жалғасып, нысанда жылу, жарық жүйелері тартылуда.

Сондай-ақ, өрт сөндіру дабылдары, интернет жүйесі және бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары атқарылуда. Ал бірінші қабатта құрылысшылар колонналарды күшейту жұмыстарын жүргізуде. Вокзал ғимараты республикалық маңызы бар қаланың ерекшелігіне сай қайта құрылып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Мұрат Дүйсенбекұлы вокзал құрылысын жобаға сәйкес атқарып, нысанды мерзімінде қолданысқа беруді тапсырды. Сондай-ақ жолаушыларға қолайлы болу үшін желдеткіш жүйесін тиісті талаптарға сай жүргізуді ескертті.

ШЫМКЕНТ: ГАЗ СТАНЦИЯСЫ КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Қаланың жолаушылар көлігін дамытудың кешенді кестесіне сәкес, бүгінде 78 бағытта қоғамдық көліктер жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетеді. Қала аумағына күнделікті бағытқа 895 автобус шығады.

Бүгін қала әкімі М.Әйтенов жауаптылармен бірге қоғамдық көлік қызметінде атқарылып жатқан жұмыстар барысын тексерді. Қазіргі таңда мегаполисте әлеуметтік мәні бар маршруттардың тізімімен 77 маршрут айкындалған.

Аталған бағыттағы автобус маршруттары қала аумағын, сонымен қатар шет аймақтарда орналасқан барлық шағынаудандар мен тұрғын алабтарды қоғамдық көлікпен қамтиды. Автобустардағы кондукторсыз жүйе де қызмет сапасын жақсартып, жолаушылар үшін тиімділігін көрсетуде. Сондай-ақ бұл жүйе автобус жүргізушілерінің де жалақысын арттыруға септігін тигізіп отыр. Қалада жалпы резервпен қоса санағанда 1100-ден аса автобус, 10 автопарк бар. Сондай-ақ жолаушылардың қолайлылығы үшін қоғамдық көліктерді заман талабына сай жаңарту да басты назарда. Қалада барлық дерлік автобустар жаңа “Yutong” және “Ankai” маркалы заманауи көліктерге ауыстырылды. Тұрақты маршруттарда 600-ден астам автобус жанар-жағар май ретінде экологиялық таза газ-метанды пайдаланады.

Көліктерді газ отынымен қамтамасыз ету үшін 2 газ станциясы қызмет көрсетуде, ал үшінші станциясының құрылысы қазір қарқынды жүргізілуде. М.Дүйсенбекұлы станцияның құрылыс барысын қадағалады. Жауаптыларға құрылыс ерекшеліктерін назарға алып, жұмыстарды жобаға сәйкес атқаруды тапсырды. Сондай-ақ газ құбырларын тартуда орын алған өзекті мәселелерді шешу бойынша тиісті басқармаға нақты тапсырма берді. Автобустардың тасымалдау сапасын арттырып, қозғалыс жиігілін қадағалау қажеттігін ескертті. Жоспарға сәйкес, аталған станцияның құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беру 2024 жылдың сәуір айына жоспарланған.

 



ҚАЛА ӘКІМІ ҮШІНШІ МЕГАПОЛИС ЖОЛДАРЫН ҚАУІПСІЗ ЕТУДЕ ЖАҢА ЖОБАЛАР ҰСЫНУДЫ ТАПСЫРДЫ

Деп xабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі. Баспасөз қызметінің мәліметінше,  қала әкімі М. Әйтеновтің қатысуымен өткен арнайы жиында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Бүгінде қала аумағында жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ретсіз орналасқан базарлардың айналасында автотұрақ, аяқжол, жол белгілері және жол таңбалары, темір жол қоршаулары орнатылып ретке келтірілді.

Сонымен қатар қауіпсіздікті қамту үшін көшелерде 2235 жол белгісі орнатылып, 302 жол белгісі қайта қалпына келтірілді. 48 көшеге пластикалық жол таңбасы және 24 көшеге бояудан жол таңбасы сызылды. Мектептер маңында 146 орында жаяу жүргіншілер өткелдерін жаңарту жұмыстары атқарылуда.

Жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында Абай, Тұран, Әл-Фараби, Еңбекші ауданы, Қаратау аудандарында шұңқыр жолдар жамалды. №45 мектеп маңына және көше қиылыстарында бағдаршам орнатылды. Жыл соңына дейін жоспарға сәйкес Шығыс айналма жолына 2 бағдаршам және А-2 айналма жолына 3 бағдаршам орнатылады.

М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға халық көп шоғырланатын аумақтардағы жол қауіпсіздігін арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ «Колос» базары аумағындағы қолайсыздықтарды жойып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін күшейту бойынша нақты ұсыныстар дайындау қажеттігін ескертті. Сондай-ақ сала мамандарына қала аумағында жолдардың қауіпсіздігіне талдау жасап, әрқайсысының ерекшелігін ескере отырып, жеке жобалар ұсыну бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Нәтижесінде мегаполис жолдарын жүргізушілерге де жаяу жүргіншілерге қауіпсіз ету көзделуде.

ШЫМКЕНТ: ҚАЛА ӘКІМІ ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА АРНАЛҒАН ТЕХНИКАЛАРДЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫН ТЕКСЕРДІ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаланың қысқы маусымға дайындығын пысықтады. Алдымен Қаратау ауданы аумағының тазалығына жауапты «Жасыл жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасына барған Мұрат Дүйсенбекұлы қала көшелерін қардан тазарту жұмыстарына арналған техникаларды арнайы шолып өтті.

Нақты айтсақ, қысқы маусымға қазір әр ауданнан 80-ге жуық техника әзір тұр. Сонымен қатар қала аумағындағы 5 аудан бойынша қар күреудің ситуациялық сызбасы әзірленген.

Нысан басында қала әкімі тиісті басқарма мен мердігер мекемелердің басшыларына көктайғақтың алдын алатын шараларға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Әрі қарай техникалық базаны қосымша техникалармен күшейту, шұғыл қар күрейтін, құм шашатын көліктердің қызметі талапқа сай болу қажеттігін қатаң ескертіп өтті.

Мұнан соң қала әкімі Абай ауданындағы «КазСтройКапитал» ЖШС-інің базасымен де танысты. Әр ауданға қойылатын талап ортақ. Ең бірінші қысқы техникалардың ауа-райының кез келген төтенше жағдайларына сақадай сай тұруы. Сондықтан дайындық жұмыстары әрі қарай да жалғасатын болады.

Айта кетейік, қала әкімі Мұрат Әйтенов қаланың қысқы маусымға дайындық жұмыстарын пысықтау барысында Әл-Фараби, Тұран ауданы және Еңбекші ауданы аумағындағы жауапты мекемелердің базасын аралап, олардың техникалық қызметіндегі сапасын қадағалады.

Әл-Фараби ауданына қарасты «Таза өлке» ЖШС-інің базасында қазір 66 қар күреу техникалары іске жарап тұр. Аталған аудан бойынша қар тазалау жұмыстары 5 бағытқа бөлінген.

Ал Тұран ауданы бойынша тазалау жұмыстары 4 бағытта атқарылады. Сонымен қатар мұнда 68 арнайы техника дайындалған, жауапты мердігер мекеме «ШымкентСпецКомплек» ЖШС-і мамандары болса, Еңбекші ауданына жауапты «Группа Интекс» ЖШС-і.

Сонымен қысқы маусымдағы тазалау жұмыстары бойынша қалада 450-ге жуық көлік техникасы жұмылдырылады. Айта кетейік, қысқы кезеңге дайындық жұмыстары бойынша бес ауданда ситуациялық сызба әзірленген.

 

 

 

ШЫМКЕНТ: ҚАЛА ӘКІМІ ЖАСТАРДЫ МЕГАПОЛИСТІ ДАМЫТУҒА АТСАЛЫСУҒА ШАҚЫРДЫ

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысында атқарылған жұмыстар мен өзекті проблемалар қаралды. Бүгінде еліміздің жастарына үлкен қолдау көрсетіп отырған Президент тапсырмасы шеңберінде қалада осы санатқа кіретін азаматтардың жан-жақты дамуына, білім алуына, кәсіпкерлікпен айналысуына тиісті көмектер көрсетілуде.  Қазір қала аумағында бұл санатқа кіретін азаматтар саны – 363 мыңға жетті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұлттық жоба аясында биылдан бастап жастарға жеңілдікпен шағын несие беру қолға алынды. Енді 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар 2,5 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Осы бағытта қала бюджетінен 261 жасқа шағын несие беру жоспарда бар. Бұл – кәсіпкерлікпен, тауар өндірумен, сатумен, қызметтер көрсетумен, өнім өндірумен айналысқысы келетін жастарға берілген үлкен қолдау.

Жастарды жұмыспен қамтуда «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары да өз нәтижесін беруде. Сондай-ақ кеңес отырысында жастар арасындағы  қылмыс пен құқық бұзушылық және нашақорлықтың алдын алу шаралары талқыланды.

М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға жастарды қолдау шараларын сапалы, нәтижелі атқаруды тапсырды. Сондай-ақ несие алған азаматтардың жобаларына жан-жақты талдау жүргізіп, бағытталған қаржының мақсатты әрі нәтижелі игерілгеніне тұрақты мониторинг жасауды ескертті.  Сонымен қатар жастарға арнайы айына екі рет бос жұмыс орындарының жәрменкесін тұрақты түрде өткізу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

«Қаланы абаттандыруда, көріктендіруде белсенді жастардың күшін пайдалану тиімді болады. Бірлесе жұмыс істеу  жастар үшін үлкен тәжірибе. Қай істе де сапаны көздеуіміз керек. Бұл ретте жастарды қолдаудағы мемлекеттік бағдарламалардың сапалы, нәтижелі орындалуы маңызды. Бүгінде қай санаттағы жастарға болмасын, мемлекеттік қолдау жан-жақты қарастырылған.Еңбек өтілі болмағандықтан жұмысқа орналаса алмай жүрген жастарға арналған арнайы бағдарламалар жасалды. Кәсіппен айналысқысы келетін жастарға да үлкен мүмкіндіктер бар.Жас буынды баспанамен қамту шаралары да нәтижесін беруде. Тіпті кезінде білім ала алмай қалған жастарға жан-жақты көмектер көрсетіледі. Бір сөзбен айтқанда, жас буынның болашағын құруға барлық мүмкіндіктер қарастырылған» - деді қала әкімі.  

Кеңестің қорытындысында түрлі саладағы озат жастар арнайы марапатталып, сый-құрметке бөленді. Қала әкімі қоғамның қозғаушы күші – жастарды мегаполистің дамуына атсалысуға, мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдалана отырып, жаңаша, тың жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

 

 

ШЫМКЕНТТЕГІ ТҰРАН, БОЗАРЫҚ, АҚЖАЙЫҚ ШАҒЫНАУДАНДАРЫНДА ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Елімізде баспананы қолжетімді ету – жергілікті әкімдік тарапынан жүзеге асырылып жатқан басты стратегиялық жоспарлардың бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік әл-ауқаттың тұрғын үй мәселесімен тікелей байланысты екенін және тұрғын үй құрылысы әлеуметтік мәселелерді шеше отырып, экономикалық өсімнің локомотиві бола алатынын айтқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте соңғы жылдарда арнайы бағдарламалар есебінен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде.  Үкімет қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында 2023 жылы құрылыс басқармасы тарапынан мемлекеттік бюджеттен 312,4 мың шаршы метрді құрайтын 4 090 пәтерлі 98 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінде Тұран ықшам ауданында 18 үй, Бозарық мөлтек ауданында 54 үй, Ақжайық мөлтек ауданында 26 үй салынуда. Өндірістік кестеге сәйкес 67 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға беріледі. Оның 61-і кредиттік, 6-ы арендалық баспаналар.  Бұдан бөлек, жыл қорытындысымен жұмыс істейтін жастарға 900 пәтерді және халықтың әлеумкеттік осал топтарына 505 пәтерді нарықтан сатып алу жоспарлануда. Шымкентте биыл 160 нысан салу жоспарлануда. Құрылыс жобасына 98 тұрғын үй, 18 инженерлік инфрақұрылым нысандары, мәдениет және 7 білім беру нысандары, 3 төтенше жағдай кешені, 4 спорт кешені, 2 саябақ енгізілді. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы саласында мегаполисте ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2020 жылы тұрғын үй құрылысын жүргізу бұдан екі есеге дейін төмен болатын. Биылғы жылы 1 млн 73 мың шаршы метр үйді тапсыру жоспарлануда.Биыл Шымкент қаласында жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарлама аясында 324 арендалық пәтер тұрғын үй кезегі келген халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына, көпбалалы отбасыларға сонымен қатар жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға, тұрғын үй кезегіндегі мемлекеттік қызметкерлерге, ал 888 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға қолдынысқа беру көзделген. Бұдан бөлек жыл соңына дейін тұрғын үй кезегіндегі әр түрлі санаттар бойынша тағы 505 отбасыны қамту жоспарлануда. Қазіргі таңда бұл бойынша тиісті мекемеге ұсыныс беріліп, жұмыстар атқарылуда. Осылайша биыл тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға табысталатын пәтер саны артпақ.Сонымен қатар биыл «Отбасы банк» арқылы несиелік негізде 1732 отбасыны баспанамен қамту жоспарланып, қазір 973 азамат ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болды. Оның ішінде "5-20-25" бағдарламасы бойынша 609 пәтер, "2-10-20 Бақытты отбасы" бойынша -293 пәтер, «Шаңырақ» бағдарламасы - 71.