ШЫМКЕНТКЕ 134, 2 МЛРД. ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

Бүгінде климаты жағымды, географиялық орналасуы оңтайлы, еңбекқор халқы бар Шымкент инвесторлар үшін өте қолайлы қалаға айналып отыр. Инвестақуалды жақсарту мақсатында атқарылып жатқан кешенді шаралар да шетелдік бизнес өкілдерінің республикадағы үшінші қалаға қызығушылығын арттыруда.

Осы бағытта қолға алынған қыруар жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылдың 4 айында қала экономикасына 134,2 млрд. теңге инвестиция тартылды. Көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20,1%-ға артып отыр. Сондай-ақ,

жыл соңына дейін 721,7 млрд.теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Осылайша биылғы көрсеткішті алдыңғы жылмен салыстырғанда 32%-ға арттыру көзделуде.

Мегаполис экономикасына өткен жылы 148,7 млн. АҚШ долларына тікелей шетелдік инвестициялар тартылған болатын. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібіне тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі - 161,3 млн теңгені құрайды.

Жалпы, 2023-2027 жылдар аралығында қаламызда жүзеге асырылатын құны 1,7 трлн. теңге құрайтын 227 инвестициялық жобалардың пулы жасалған.

Оның ішінде, шетелдік инвесторлардың қатысуымен 2670 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 10 жобаның іске асырылуы жоспарлануда.

Олардың ішінде тұрғын үйлер салу, құрылыс материалдарын өндіру,

синтетикалық иірілген жіп және мата өндірісіне қатысты ауқымды жобаларды айрықша атап өтуге болады.

Инвестиция тарту мәселесі - тікелей қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бақылауында. Жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бүгінде барлық бағытта кешенді шаралар жүргізілуде.

Тілге тиек етейік, қазір қаламызда 839 кәсіпорын белсенді жұмыс істеп келеді. Оның 24-і ірі кәсіпорын, 45-і орта және 770-сі шағын кәсіпорын. 2023 жылы өңдеу өнеркәсібінің өндірісін 767 млрд теңгеге жеткізу жоспарланыпты. Осы жылдың алғашқы тоқсанында 196 млрд теңгенің өнімі өңделіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 97,7 пайызды құраған. Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіретін кәсіпорындар да жыл басынан бері 9,140 мың тоннаның өнімін өндірген. Оның 3,824 тоннасын «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС өндірсе, «HILL Corporation» мекемесі – 5,316 мың тонна өнім шығарған. Ал, жылдық жоспар – өнімді 70 мың тоннаға жеткізу.

Инвестициялық жобалардың басым бөлігі өнеркәсіптік аймақтағы өндіріс орындарында іске асып жатыр. Бұл үшін қазір қала аумағында 869 гектар жерге 5 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда 350,5 млрд теңгені құрайтын 335 жоба іске асырылады. Қазірге дейін оның 273 жобасы жүзеге асып, 8016 жұмыс орны құрылған.

РЕСЕЙ ШЫМКЕНТКЕ ИНВЕСТИЦИЯ САЛУҒА ЫНТАЛЫ

Қазақстанның іргелес көрші елдермен тиімді ынтымақтастық орнату бағытындағы саяси шешімдері Ресейге салынған санкциялардың теріс әсерін азайтуға және дағдарыс кезіндегі экономикалық мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашады. Қазақстан осы уақытқа дейін жүргізген дипломатиясы арқылы Ресеймен қарым-қатынасын сақтап қалуға тырысып келеді.

Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық әріптестігін нығайтуда тұрақты кездесулер мен ең жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізілуде. Ресми ақпараттарға сүйенсек, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы өткен жылы 26,1 млрд. АҚШ долларына жеткен. Бұл рекордтық көрсеткіш. Қазақстаннан Ресейге экспорт 25%-ға өсіп 8,8 млрд. долларды құрады.

Ал еліміздің мегаполисі Шымкент пен Ресей арасындағы экономикалық байланыс жылдан жылға артуда. Ресей инвесторларымен қалада ірі инвестициялық жобалар іске асып келеді. Мәселен, «Hevel Kazakhstan» ЖШС (Ресей) – инвестициялық құны 6,2 млрд. теңгені құрайтын, қуаттылығы 50 МВт Күн электр станциясының құрылысы жобасын жүзеге асырды. Қазіргі таңда ресейлік «Бона Файд Групп» ЖШС инвестициялық құны 60 млн. теңгені құрайтын, жобалық қуаттылығы жылына 252 мың дана әйелдер фитнес киімдерін өндіретін жобаны бастап кетті. Өндіріс орны 2023 жылы іске қосылады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, индустриалды аймақта «Гекса» ЖШҚ (Ресей/Қазақстан) - инвестициялық құны 3,2 млрд. теңгені құрайтын бірлескен жаңа жобаны қолға алмақ. Өндіріс орны қуаттылығы жылына 6 мың тонна тоқыма емес материалдар шығарады. Іске асыру мерзімі – 2023 жыл.Инвестициялық құны 1,3 млрд. теңгені құрайтын, жобалық қуаттылығы жылына 300 мың м3 темір-бетон өнімдері, темір-бетон бұйымдарын өндіру зауытын салу жобасы іске асады деп жоспарланған. Ресейлік «ДСК 17» ЖШС іске асыратын зауыт құрылысы 2024 жылы аяқталады.

ШЫМКЕНТ: БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕРДІҢ ҚОРЫТЫНДЫ АТТЕСТАТТАУ ТАЛАПТАРЫ

Шымкент қаласының әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен 2022-2023 оқу жылын аяқтау және 9,11-сынып білім алушыларын қорытынды аттестаттау бойынша 2023 жылдың 26 мамыр күні сағат 15.00-де №87 жоббм базасында жауапты орынбасарларға ақпараттық семинар ұйымдастырылды.

Білім басқармасы басшысының орынбасары М.А.Абдраимова және оқу-тәрбие бөлімінің бас маманы Исаева А. жалпы орта мектептердегі білім алушыларды аттестаттау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2008 жылғы 18 наурыздағы «Білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» №125 Бұйрығының негізінде іске асырылуын нақтылады.

Әдіскер Ш.Айтбаева қорытынды аттестаттауда пән бойынша емтихан тапсырмаларының форматы туралы толық ақпарат берді.

Білім беру ұйымдарында жалпы орта білім туралы аттестаттарды тапсыру ағымдағы жылғы 20-22 маусым аралығында жүргізіледі.

9 (10) сыныптарда қорытынды бітіру емтихандары – 2-13 маусым аралығында, 11 (12) сыныптарда мемлекеттік бітіру емтихандары – 5-19 маусым аралығында өтеді.

9 (10)-сынып оқушыларын қорытынды аттестаттау:

Ана тілі (оқыту тілі) бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан, гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектеп білім алушылары үшін жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе) – 2023 жылғы 2 маусым;

математика (алгебра) бойынша жазбаша емтихан (бақылау жұмысы) – 2023 жылғы 6 маусым;

орыс/ өзбек/ ұйғыр/ тәжік тілінде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) – 2023 жылғы 9 маусым;

таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 2023 жылғы 13 маусым;

11 (12) сынып оқушыларын қорытынды аттестаттау:

ана тілі (оқыту тілі) бойынша жазбаша емтихан – 2023 жылғы 5 маусым;

алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан – 2023 жылғы 8 маусым;

Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан – 2023 жылғы 12 маусым;

орыс/өзбек/ұйғыр/тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде/сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде/сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан – 2023 жылғы 15 маусым;

таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзілік тарих, құқық негіздері, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 2023 жылғы 19 маусым.

Жиын соңында қатысушыларға оқу жылының аяқталуы, құжаттамаларды рәсімдеу, қорытынды аттестаттау талаптары бойынша барлық туындаған сұрақтарға жауап берілді.

 

 

ШЫМКЕНТТЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІН ҚАЙТА ӨҢДЕЙТІН 45-ТЕН АСТАМ КӘСІПОРЫН БАР

Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 45-тен астам кәсіпорын жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін арттыру мақсатында биыл тағы 3 кәсіпорын (сүтті қайта өңдейтін) іске қосылады. Қазіргі таңда сүтті қайта өңдеп қатты ірімшік пен сары май өндіруші 6 кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, олардың жыл сайын қуаттылығы артып келеді.

Шымкент қаласының Қайнарбұлақ тұрғын алабында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бойынша жалпы ауданы 132 га «Бозарық» тамақ өнеркәсібінің индустриялық аймағын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылып жатқан индустриялық аймақтың 2023 жылы инженерлік-инфрақұрылымдық желілерін салу жұмыстары аяқталады.

Шаһарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлік субъектелерімен келісім-шарттар түзіліп, 100-ден астам сауда орындарында бірінші қажетті тауарлар белгіленген бағада сатылып жатыр. Биыл әлеуметтік сауда орындарының санын ұлғайту жоспарланған.

Бұдан бөлек, қант, ұн, жұмыртқа, нан және ет (сиыр еті, тауық еті) өнімдерін өндіретін тауар өндірушілермен айналым бағыты бойынша келісім-шарттар түзілген. Көкөніс өнімдерінің бағасын маусымаралық кезеңде тұрақты ұстап тұру мақсатында, егістік алқаптары бар шаруа қожалықтарымен баға өсімінің алдын алу бойынша форвардтық келісімшарттар түзілді.

Сондай-ақ, жергілікті тауар өндірушілердің және шаруа қожалықтардың қатысуымен апта сайын қаланың 8 жерінде жәрмеңкелер ұйымдастырылып, күнделікті тұтынатын тауарлар нарықтан 10-15% төмен бағада сатылуда.

Бүгінде бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және бағаны тұрақты ұстап тұру мақсатында сауда желілерімен өзара ынтымақтастық туралы екі жақты меморандумға қол қойылды. Жалпы қала аумағында азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ, баға тұрақты бақылауда.

 

 

 

ШЫМКЕНТ: «ФАН-КЛУБ СПОРТ БИІ» САЙЫСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АНЫҚТАЛДЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың қолдауымен үшінші жыл жалғасын тапқан «Шымкент жастар лигасы» жобасы аясында қаламыздың жалпы орта білім беру мекемелері арасында «Фан-клуб спорт биі» сайысының финалдық кезеңі өтті.  

Жобаның мақсаты — Шымкентте бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастыру.

— Аталған жобада Шымкент қаласынан 6 000-ға жуық жас «Фан клуб» мүшесі ретінде өнер көрсетіп келеді. Бұл жоба мектептер арасындағы достықты, ынтымақтастықты нығайту, жастардың бұқаралық спортқа деген белсенділігін арттыру мақсатында өтіп жатыр. Қаладағы 151 мектеп арасында сайыс ұйымдастырылып, финалдық кезеңге 24 команда өтті. Жас спортшыларымыз тынбай еңбек етіп, әлемдік деңгейде Қазақстанды танытуда. Бүгінгі өнер көрсеткен оқушыларға айтарым, өз өнерлеріңізді шыңдап, республикалық дәрежеге жете беріңіздер. Барлығына сәттілік! - деді Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Серғазы Кәрімұлы.

Айта кетейік, команда бишілері спорттық және акробатикалық жаттығудан сайысқа түсті.⠀Басжүлдеге№84 жалпыортамектебілайықдептанылды. І орынды – Т.Рұсқұлов атындағы №25 мектеп гимназиясы алса, ІІ орын – Д.И.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейіне бұйырды. ІІІ орынға О.Жандосов атындағы №30 жалпы орта мектебінің өнерлі жастары қол жеткізді. Еске сала кетейік, «Шымкент жастар лигасы» биыл үшінші жыл дәстүрлі түрде өтіп жатыр. Мектеп оқушылары волейбол, шахмат, футбол, баскетболдан сынға түсуде. Солардың ішінде бүгін баскетболдан ширек финал басталды.

– Жоба мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортпен шұғылдану арқылы олардың ерік пен табандылығын қалыптастыру және ел чемпионаттарына команда жасақтау мақсатында ұйымдастырылған. Былтырғы жылы жеңімпаз командаға автобус сыйға берілді. Биылғы жеңімпаздарды да үлкен жүлделер күтіп тұр, – дейді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт және инфрақұрылым бөлімінің басшысы Мақсат Орынбаев.

Ойын нәтижесі бойынша, №55 жалпы орта білім беретін мектеп, М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы, Қ.Сыпатаев атындағы №7 IT мектеп-лицейі және Назарбаев Зияткерлік мектептері ширек финалда бақ сынасты.


ЕВРОПАНЫҢ МЕМЛЕКЕТТЕРІНДЕГІ МОДЕЛЬДІ ПЛАТФОРМА – ШЫМКЕНТТЕ

Шымкентте медициналық ұйымдарда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің әлемдік озық практикасы енгізіледі. Бұл бойынша қаладағы 4 медициналық ұйымның бас дәрігері сәуір-мамыр айларында оқудан өткен. Бүгін озық тәжірибені қолдану бойынша Шымкент қалалық №6 емханада 3 күндік семинар басталды.

Жиынға «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлебай Қосиябекұлы келді. Қалалық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев, бірқатар дәрігер-профессорлар шаһардағы №1, 3, 6, 7 емханаларды аралап, дайындығын бақылады.

–Жобаның мақсаты – халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, науқастарға сапалы және жедел көмек көрсету, озық инновациялық технологияларды пайдалану, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру. Бұл жобада пациент және оның отбасының қажеттіліктері төңірегінде барлық медициналық қызметтерді біріктіріліп, көрсетіледі. Европаның 53 мемлекетінде модельді платформа болып жарияланған бұл жобаның берері көп. Жоба аясында халықтың да медициналық білімі артпақ. Бүгінгі таңда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету стандарты әзірленді. Стандартта халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған «Адам – Бағдарланған тәсіл» МСАК озық тәжірибелерін енгізу, ерлер денсаулығы, салауатты тамақтану, денсаулық мектептері, балаға мейірімді қарым-қатынас, ақыл-ой денсаулығы енгізілген,–деді профессор Т.Қосиябекұлы.

Айта кетейік, 2022 жылы Алматы облысының Еңбекші қазақ ауданында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының МСАК алғашқы медициналық-санитарлық көмектің озық тәжірибелерін көрсету бойынша алғашқы демонстрациялық алаңы ашылған болатын. Еңбекші қазақ ауданы қазіргі уақытта озық тәжірибелерді енгізудің табысты нәтижелерін көрсетуде. Халықтың МСАК медбикелері мен әлеуметтік қызметкерлерге жүгіну саны артып, отбасылық дәрігерлерге жүгіну саны үш есеге, ал бейіндегі мамандарға жүгіну саны 50 пайызға азайған.

Шымкентте гарнизондық тарату өтті

Ішкі істер министрінің нұсқауымен Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков жеке құрам қызметкерлері арасында гарнизондық тарату өткізді.

Мегаполистің әкімдік ғимаратының алаңына Полиция департаментінің тәуліктік нарядқа түсетін барлық сақшылары түгел жиналды.

Мұндағы мақсат - полицейлердің қызметтік міндетті атқару үшін қаншалықты талапқа сай екенін тексеру, олардың құжаттары мен құрал-жабдықтарын және сыртқы келбеті мен нысанды киім үлгісін жіті назарға алып, кемшіліктер кездессе дер кезінде шара қолдану болып табылады.

Маңызы зор шарада полиция генерал-майоры Қайрат Сұлтанбайұлы әр қызметкерді жеке өзі тексеріп, олардың тиянақтылығына сыни көзқараспен қарады.

Халықпен етене жақын жұмыс істейтін орган қызметкерлері ретінде сыртқы келбетке және нысанды киімді үлгісіне күтіммен қарауды ескертті.

- Қатарда тұрған әр сақшы бүгінгі Шымкент полициясының айнасы. Сондықтан, сіздер азаматтармен қарым-қатынас орнату кезінде мәдениетті, жинақы, заң талаптарына қатаң бағынатын, қызметтік құжаттары мен жабдықтары түгел полицей болу қажетсіздер. Жұртты тәртіпке шақырып, қылмысқа жол бермеу үшін антқа адал, талапқа сай қызмет етіңіздер.-, деді Қ.Дәлбеков.

Полиция қызметкері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жедел іс-қимылдарға әрқашан сақадай сай болуы тиіс. Төтенше жағдайларда шұғыл әрекет етіп, адам тағдыры қыл үстінде тұрса құтқару жабдықтарын өз пайдасына жарата білуі қажет.

Осы мақсатта тәуліктік нарядқа түсетін тәртіп сақшыларының қызметтік құрал-жабдықтары мен құжаттары, нысанды киім үлгісі жіті тексеріліп, кемшіліктерді түзету үшін басшылық құрамға тиісті тапсырма берілді.

Гарнизондық тарату кезінде өз қызметтік міндетін адал атқарып, жоғары нәтижеге қол жеткізген полицейлер марапатталып, тексеру жұмыстары саптық байқаумен аяқталды.

Айта кетейік, аталған шара әр айдың соңғы жұмасында өткізіледі.

ШЫМКЕНТ: НАШАҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ШАРАЛАРЫ ЖАСТАРҒА ТҮСІНДІРІЛУДЕ

Болашақ медицина қызметкерлері нашақорлықтың алдын алу жұмыстарына ат салысуға ниетті.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан Халқына жолдауында айтылған бастамаларға сәйкес, ішкі істер органдарының қызметкерлері өзге де мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жалпы ел аумағында есірткіні қолдану мен нашақорлықтың алдын алу бағытында түрлі профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.

Осы орайда, Шымкент қаласының Полиция департаменті оқу жылы барысында қаламыздың барлық білім беру мекемелерінде, оның ішінде мектептерде, орта арнаулы және жоғарғы оқу орындарында жасөспірімдер мен жастар арасында есірткі қолданудың және нашақорлықтың алдын алу бойынша арнайы ақпараттық-түсіндірмелік дәрістер өткізуде.

«Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» қарсаңында кезекті іс-шара «Жоғары медицина колледжінде» жалғасын тапты.

Оған Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков, «Психикалық денсаулық орталығының» наркологы Асем Шаукенбаева, «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының» мұғалімі Назира Жүргенбаева және «Жастар ресурстық орталығының» маманы Арайлым Әлім қатысты.

«Басты байлық - денсаулық» деген қағиданы ұстанған олар көрсетілген мәселелер бойынша болашақ медицина қызметкерлеріне толыққанды ақпарат беріп, жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, алдағы демалыстарындағы бос уақытында пайдалы істермен айналысуға шақырды.

Сөз соңында студенттер аталған бастамаларды қолдайтындарын және алдағы уақытта оқуды аяқтаған соң осы бағытта жұмыс жүргізуге ниетті екендерін жеткізді.

ШЫМКЕНТТЕ "LUX SHOES" АЯҚ КИІМ ӨНДІРІСІНДЕ ЖАҢА ЖЕЛІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Ел экономикасының табысты дамуының кепілі-отандық өнім. "Lux Shoes" Шымкент фабрикасы "FANTES" және "COMELZ" түрік маркалы жабдықтарында заманауи итальяндық технология бойынша аяқ киім шығарады.

Аяқ киім өндірісінде түрік шаблондары қолданылады, бірақ модельдер осында жасалады. Бұл ретте "Lux Shoes" брендінің аяқ киімдері түркиялық аяқкиімнен арзанырақ. 2018 жылдан бастап нарықтағы отандық өндіріске үлес қосып келе жатқан компания жақында "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы аясында аяқ киім тігудің жаңа желісін іске қосты.

Отандық аяқ киім өндірісіне маманданған кәсіпорын 2018 жылдың тамыз айында "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағында жұмысын бастады. Жобаның инвестиция көлемі-693 миллион теңге. Зауытта 45 адам жұмыс істейді.

Аяқ киімнің барлық түрлері таза былғарыдан жасалған және сапалы.

Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары үшін белгіленген жеңілдіктер кәсіпорынның тұрақты дамуына және нарықты отандық өнімдермен қамтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағы 2005 жылдың шілдесінде құрылған және Қазақстан Республикасының оңтүстік өңірінде мақта-тоқыма кластерін құрудың алғашқы қадамдарының бірі болып табылады. "Оңтүстік" АЭА өңір үшін және жалпы Қазақстан үшін перспективалы тоқыма секторына инвесторларды тарту үшін құрылған. "Оңтүстік" АЭА-ны дамытуға шамамен 1 млрд. доллар жеке инвестиция тарту жоспарлануда.

Атап айтқанда, "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестициялық құны 130.4 млрд теңге болатын 53 жобаны іске асыру жоспарлануда. Осы жобаларды толық іске асыру кезінде 6 198 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

"Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағында әзірге 31 кәсіпорын ашылды. Солардың бірі-2013 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан "Бал Текстиль" кілем фабрикасы.

Әрине, бір поста "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағында жұмыс істейтін 31 кәсіпорын туралы егжей-тегжейлі айту қиын. Осыған қарамастан, 31 кәсіпорын 53.2 млрд теңге инвестиция тартты және мұнда 2 309 адам еңбек етуде, бұл өңірдің қаншалықты табысты екенін көрсетеді. Сондай-ақ, осы арнайы экономикалық аймақтың кәсіпорындары шығаратын тауарлар әлемнің 22 еліне экспортталады: АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Бельгия, Италия, Корея, Хорватия, Түркия, Беларусь, Қытай, Өзбекстан, Ресей. Алдағы жоспарға сәйкес 2022-2024 жылдары жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейтуге, өндірістік қуаттарды ұлғайтуға және жаңа зауыт-фабрикаларды ашуға бағытталған 22 жоба іске асырылуы тиіс.