ТҰРАНДЫҚТАРҒА ТӨРТ ОЙЫН АЛАҢШАСЫ ТАРТУ ЕТІЛДІ

Тұран ауданында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай төрт балалар ойын алаңшасы ашылды. Аудан әкімі Боранбай Нығметұлы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына арнайы келіп, ойын алаңшасының лентасын қиды. Ауданда биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 13 балалар ойын алаңшасы салыну жоспарланған. Бүгін соның ішінде Бәйдібек би көшесіндегі №246 тұрғын үй және Құрсай, Отырар, Ақтас шағынаудандарында ойын алаңшаларының құрылысы аяқталып, тұрғындарға пайдалануға берілді. Тұрғындар көптен күткен қуаныштарын балаларымен бірге тойлады. Аулаға жиналған бүлдіршіндер әткеншек теуіп, сырғанап мәз-мейрам. Аниматорлар балаларға сыйлық ретінде доп және тәттілер үлестірді.  –Тұран ауданының әкімдігі балалар мерекесіне үлкен сыйлық дайындады. Балалардың болашағы үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға тұрғындардың атынан алғыс айтамын, – деді Тұран ауданының тұрғыны Меруерт Мұсағалиева.  Айта кетейік, балалар алаңшасының құрылысын «Тұран-ГГ 2007» компаниясы жүргізді. Көп ұзамай Ақжар, Арғымақ, Құрса , Қазығұрт шағынаудандары және 112 орамда да балалар алаңшасы пайдалануға берілетін болады.  Мемлекет басшысы абаттандыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта «Халық қатысатын бюджеттің» үлесін 10 есе арттыруды тапсырды. Шымкент қаласында бұл жоба жүзеге асқалы тиімділігін көрсетті. Бюджет жоспары бастапқы 287 млн теңгеден 1,5 млрд теңгеге жуық артып, бес есе өсті. Тұрғындардың қатысуымен абаттандыру бойынша 66 жоба іріктеліп, іске асырылуда.Спорт алаңдарында жаттығуға арналған Workout элементтерімен бірге, демалушыларға арналған беседка, қоқыс жәшіктері және орындықтар қойылады. Мұндай бастама тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен белсенді айналысуға мүмкіндік береді. Айта кетсек, орнатылатын ойын және спорт элементтерінің басым бөлігі Шымкенттегі кәсіпорындарда өндірілген отандық өнімдер.Ашықтық пен жариялыққа негізделген «Халық қатысатын бюджет» - билікті бұқараға барынша жақындатудың тиімді құралы. Жобаны қаланың коммуналдық шаруашылығында да кеңінен енгізілетін болады.


Шымкенттің бас полицейі балаларды мерекемен құттықтады

«1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күні» қарсаңында Шымкент қаласы ПД-нің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков басшылық және жеке құрам қызметкерлерімен №4 балалар үйінің тәрбиеленушілерін мерекемен құттықтап қайтты.

Бүлдіршіндер арнайы келген тәртіп сақшыларын қазақы киіз үйде орналасқан қолөнер көрмесіне апарып, кейін мәжіліс залында мерекелік концерт қойды. Салтанатты шарада балалар үйінің басшысы Алия Бектемисова сөз сөйлеп, бүлдіршіндерді меншікті мейрамында назарсыз қалдырмағаны үшін полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.

Сондай-ақ, жігіттерді спортқа баулып, ел қорғайтын мықты азаматтарды тәрбиелеу мақсатында спорт үйірмесі ашылғанын арта тартып, онда қоян-қолтық ұрыс әдістерін үйрететін жаттықтырушы бар екенін атап айтты. Өз кезегінде жас спортшылар білетіндерін ортаға салып, жоғары деңгейде өнер көрсетті.

Сөз кезегін алған, мегаполистің бас полицейі балаларға ізгі тілегін айтып, оларға арналған сый-сияпаттарды табыс етті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев полицияға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мықтап тапсырды. Өйткені, туған өлкемізде өсіп келе жатқан әр бала - біздің өміріміздің мәні, берекесі мен болашағы екенін атап өткім келеді. Олардың қауіпсіздігі, тәрбиесі мен білімі ұлт келешегіне зор әсер ететіні айтпаса да белгілі. Сондықтан, қандай да бір қиындыққа тап болсаңыздар сіздерге біздің құшағымыз әрдайым ашық екенін, погонды аға-әпкелеріңіз дұрыс жол көрсетіп, құқықтық кеңес беруге қашан да дайын екенін жеткізгім келеді.» - деп, полиция генерал-майоры Қайрат Сұлтанбайұлы балаларға деген ерекше қамқорлығын көрсетті.

Шара соңында Шымкент қаласы ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерлері балаларға қарсыласты қарусыздандырудың түрлі әдіс-тәсілдерін көрсетіп, таңқалдырды.

Бұған қоса, № 6506 әскери бөлімінің сарбаздары бүлдіршіндерге өздерінің күнделікті ас мәзірінен дәм тату мүмкіндігін сыйлап, жігіттерді болашақта Отан алдындағы борышын өтеуге шақырды.

Мейірім мен қуанышқа, бақыт пен шаттықа толы кездесуден балалар мәз-мейрам болып тарқасты.

ШЫМКЕНТТІКТЕР САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ

31 мамыр – ел тарихындағы ең азалы кезеңнің бірін еске алу күні. Осыған орай "Қасірет" мемориалында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шара өтті. Қала әкімі Мұрат Әйтенов, зиялы қауым өкілдері, жергілікті тұрғындар еліміздің жарқын болашағы жолында тағдыр тауқыметін тартқан ұлт мақтаныштары мен арда азамттардың рухына құрмет көрсетті. Іс-шара алдымен ана мен бала ескерткішіне тағзым етуден басталды. Көпшілік саяси-қуғын сүргінге ұшыраған нәубет құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін 2020 жылы арнайы Мемлекеттік комиссия құрылды. Оңтүстiк Қазақстан, қазіргі Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша 2500-ден аса адам «Халық жауы» ретінде атылды. Бүгінде Шымкент қаласы Полиция департаментінің арнайы мемлекеттік мұрағатындағы қуғын-сүргінге ұшыраған 563 азаматтың құжаттары толық ақтау бойынша қаралуда.

Бүгінгідей бейбіт заман, кемелді келешек үшін жанын пида еткен қазақ зиялыларын ақтау, жаңарған қоғамда лайықты, мәртебелі ордарын беру - азаматтық парызымыз! Бүгінгі ұрпақ саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтап, мақтан етеді.

 Айта кетейік, 1-30 сәуір аралығында Шымкентте «Халық жады» акциясы өтті. Акция барысында қуғын-сүргін құрбандары мен олардың ұрпақтарының естеліктерін, 1930-1950 жылдары туған, ата-аналарының трагедиясын еске түсіре алатын куәгерлердің, аға буынның куәліктерін жиналды. Атап айтқанда, естелік-әңгімелер қуғын-сүргін құрбандарының әртүрлі санаттары бойынша: – бай, кулактар; – халық көтерілісіне қатысушылар; – Қазақстаннаан мәжбүрлі босқындар; – ГУЛАГ лагерьлерінің тұтқындары; – әскери тұтқындар; –жер аударылғандар; – арнайы қоныстанушылар; –діни қызмет өкілдері және тағы басқалары бойынша қызыл қуғындауға түскен құрбандардың ұрпақтарын өзінің ата-әжелерінің тарихынан естелік айтуға шақырған акция аясында «Халық жады» (Память народа) атты 20 томдық жинақты баспадан шығаруды жоспарланаған.


ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ ҰЛТТЫҚ БІРІҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУДІ 10 545 ОҚУШЫ ТАПСЫРАДЫ

Бұл туралы Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.

Баспасөз мәжілісінде Жанат Арысбекқызы оқу жылының аяқталуы туралы сөз қозғады.

– Осы оқу жылында қаламыздағы 897 білім беру ұйымдарында 399 598 оқушы тәрбиеленуде. Оның ішінде: 246 мектепте 249 544 оқушы білім алуда. Оның 11 653-і он бірінші сыныпта, ал 21 485-і тоғызыншы сыныпта. Биыл 11-сыныпты бітіруші 11 653 түлектің 10 545-і (90,4%) ҰБТ-ді тапсыратын болады. ҰБТ ағымдағы жылғы 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өткізіледі. ҰБТ-ге қатысушыларының деректер базасына тіркелуі өз бетінше 2023 жылғы 28 сәуір мен 14 мамыр аралығында жүргізілді. Осы аралыққа дейін тестілеуге екі рет өтініш беруге мүмкіндік берілді. Барлық тестілеу өткізу орталықтары қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Сынып сағаты оқу жылының қорытындысын шығару, балаларды жазғы демалыс кезінде өзін-өзі ұйымдастыруға, ынталандыруға және тәрбиелеуге бағытталып отыр. Бірінші маусым – оқу жылының аяқталуы бойынша салтанатты жиынды өткізу форматын білім беру ұйымдары таңдайды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары сақталады. Ал қорытынды аттестаттауға жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарына сәйкес үлгілік жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген 11 (12) сынып білім алушылары жіберіледі. Ал 9 (10) сынып білім алушыларының қорытынды бітіру емтихандары 2023 жылғы 2-13 маусым аралығында төрт пән бойынша: Ана тілі, Математика, Қазақ тілі мен әдебиеті (орыс, өзбек) және таңдау пәндері бойынша. Сондай-ақ 11 (12) сыныптың білім алушылары үшін бітіру емтихандары 2023 жылғы 5-19 маусым аралығында бес пән бойынша: Ана тілі, Математика, Қазақстан тарихы, Қазақ тілі және әдебиеті (орыс, өзбек) және таңдау пәндері бойынша, - өтеді деді Ж.Тәжиева.

Брифингте белгілі болғандай, он бірінші сыныпты бітіруші оқушылар саны - 11 653. Оның ішінде: «Алтын белгі» белгісіне үміткерлер саны - 316. «Алтын белгі» аттестаты және «Алтын белгі» белгісінің берілуі: Үлгілі мінез-құлық танытқан және 5-11 (12) сыныптар аралығында барлық пәндерден жылдық және қорытынды бағалары «5» болған және жалпы орта білімі бойынша қорытынды аттестаттаудан барлық пән бойынша «5» деген бағаға өткен 11 (12) сынып бітірушілеріне жалпы орта білім туралы "Алтын белгі" аттестаты және «Алтын белгі» белгісі беріледі. Білім беру ұйымдарының «Үздік аттестатқа» берілген сұраныстарының нәтижесінде 11 сынып бойынша 641 оқушы. Сонымен қатар 9 сынып бойынша «Үздік аттестатқа» үміткер 1 158 оқушы болып отыр.

Спикердің сөзінше, жаз айында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында аз қамтылған отбасының балаларына қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерлеріне тегін жолдама беріледі. Қазіргі таңда мектептерде ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Биыл Шымкентте 154 270 оқушының жазғы демалысын тиімді өткізу шаралары жоспарланған. Бұл қаладағы мектеп оқушыларының 64,8 пайызын қамтуда. Оның ішінде 16 715-і қала сыртындағы, 137 555-і мектеп жанындағы лагерлерде демалатын болады. Әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына басымдық берілген.

ШЫМКЕНТ ӘУЕЖАЙЫНДА ЖАҢА ТЕРМИНАЛ САЛЫНАДЫ

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азаматтық авиация саласын дамыту, АИТВ инфекциясының алдын алу мен емдеудің кешенді шаралары талқыланды.

Бүгінгі таңда республикада аптасына 56 бағыт бойынша 700-ден астам ішкі рейс орындалады, 103 бағыт бойынша 27 елге халықаралық әуе тасымалдары қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге биыл тағы 9 бағыт қосылатын болды. Бүгінде елімізде ұшу қауіпсіздігінің халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі 82%-ды құрайды. Бұл – ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Қазір республика Еуропалық Одақтың Дания, Польша сияқты елдерімен бір деңгейде тұр.

Биыл Шымкент, Алматы, Қызылорда және Қостанай әуежайларын жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Саланы дамыту жоспарында ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейін 90%-ға дейін арттыру, әуежайлардың барлық терминалдарын реконструкциялау, Шымкент және Алматы әуежайларында жаңа терминалдар құрылысын аяқтау мәселелері қамтылған.

Сондай-ақ Премьер-Министр отандық авиакомпанияларға жолаушылардың сын-ескертулерін назарға алып, уәкілетті мемлекеттік органдарға әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі жол карталарын әзірлеуді, әуежайлардың маңындағы заңсыз берілген жер учаскелерін алып қою жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ авиакеросин өндірісін ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды.

Сондай-ақ бүгінгі жиында адамның иммун тапшылығы вирусына қатысты қазіргі ахуал қаралып, тиісті медициналық көмек көрсету шаралары пысықталды.

Қауіпті вируспен өмір сүретін адамдарға қоғам көзқарасын жақсарту қажеттігін жеткізген Үкімет басшысы Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, ақпараттық материалдар, роликтер әлеуметтік желілер арқылы халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін тапсырды.

Ә.Смайылов санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер тарапынан халыққа медициналық қызметтерді, сол сияқты жұқтыру қаупі бар басқа да ем-шаралар көрсету кезінде инфекциялық қауіпсіздікке қатаң бақылау жасау қажеттігін ескертті.

 

ШЫМШАҺАРДА ЖОЛ САПАСЫ ЖАҚСАРДЫ

  Шымкент қаласында бүгінде жол-құрылыс жұмыстары қарқын алған. Қаладағы асфальт жолдың жақсы және қанағаттанарлық үлесі 67,4%-ды құрайды. Шаһарда жол инфрақұрылымын дамыту, жол сапасы мен көшедегі көлік қозғалысын реттеу – маңызды басым бағыттардың бірі. Шымкент – автокөліктің көбеюі бойынша елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі.  Осыған орай, соңғы жылдары қалада жол құрылысы бұрын соңды болмаған қарқынмен дамып келеді.

   Атап айтқанда, қазіргі уақытта Ташкент - Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Онда 31 шақырым, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жоспарланған. Бүгінде 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары, Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. Биыл 2-ші және 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр. Одан бөлек, 16 шақырым «Оңтүстік айналма жолының» құрылысы қарқын алған. Аталған нысан Шымкент қаласы аумағымен қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін азайтуға және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде.

Сондай-ақ, қаланың оңтүстік бағыттағы жалғыз кірме-шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы салынуда. Нысан 6 кезеңнен тұрады. Оған қоса, Шығыс айналма, Өтегенов, Адырбеков көшелері, Темірлан тас жолының бойында жолаушылар өткелін салу жұмыстары атқарылап жатыр. Сонымен бірге, Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы қарқынды іске асырылуда. 15 мамыр күні халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында Арғынбеков көшесі ашылды. Жолайрық құрылысын биыл жыл соңына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

 

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА БАЛАМАСЫ ЖОҚ АЛЮМИНИЙ БАНКАЛАР ШЫМКЕНТТЕ ШЫҒАРЫЛАДЫ

Шымкент экономикасына ауқымды инвестициялар тартудан басқа, жоғары стандарттарға сай өндірістерді дамыту көзделген. Солардың бірі - "QAZALPACK" зауыты-Орталық Азиядағы алюминий банкаларын өндіру бойынша бірегей жобаны іске асыратын алғашқы компания. Ол Шымкент қаласының "Оңтүстік" индустриялық аймағының аумағында орналасқан. Зауыт нарықта үлкен сұранысқа ие қақпағы бар алюминий банкаларды шығарады, - деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта инвестициялық жоба толығымен жүзеге асырылды және жақсы жұмыс істейді. Зауыттың максималды өндірістік қуаты жылына 500 миллион банка құрайды. Кәсіпорын АҚШ өндіретін жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған. Жобаның құны 23,4 млрд теңгені құрады, 157 жаңа жұмыс орны құрылды. Барлық қызметкерлер арнайы оқудан және тағылымдамадан өтті.

Жоба сатылымға шығатын шырындарды, газдалған және газдалмаған алкогольсіз сусындарды құю үшін әртүрлі өлшемдегі қақпақтары оңай ашылатын алюминий банкаларды пайдаланады.

Жоба қазақстандық нарықтың 80% - на дейін қамтитын өндірісті дамытуды көздейді.

Маңызды фактор-экологиялық аспект. Алюминий банка-әлемдегі ең тұрақты және қайта өңдеуге болатын қаптама. Алюминий банкалардың жартысынан көбі қайта өңделеді және оларды күнделікті өмірде қайта пайдалануға болады.

"KazAlPack" ЖШС жобасы "Қазақстан Халық Банкі" АҚ және "Даму" кәсіпкерлікті дамыту Қорының қолдауымен "қарапайым заттар экономикасы"бағдарламасы аясында іске асырылды.

"Оңтүстік" индустриялық аймағында орналасқан бірегей жоба 20 000 шаршы метр аумақты алып жатыр, компания Қазақстан нарығының үштен бірін өз өнімдерімен қамтып қана қоймай, оны республикадан тыс жерлерге экспорттай алады.

Қазақстанның үшінші мегаполисі инвесторларды тарту және жаңа өндірістер ашу бойынша көшбасшылардың бірі болып табылады.

 

ШЫМКЕНТТЕГІ «БОЗАРЫҚ» ӨНДІРІСТІК АЙМАҒЫ - ТАМАҚ ӨНЕРКӘСІБІ НАРЫҒЫНА ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСПАҚ

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылып жатқан индустриялық аймақтың 2023 жылы инженерлік-инфрақұрылымдық желілерін салуды аяқтау жоспарлануда.

Бүгінгі таңда онда орналастырылатын құны 18 млрд. теңгені құрайтын 27 инвестициялық жобалар әзірленді. Олардың бірі құны 1,1 млрд. теңгені құрайтын консервіленген және өзге де өнімдерді, жартылай фабрикаттарды өндіру және орау үшін көкөністерді, ет өнімдерін, жемістер мен жидектерді өңдеу зауыты. Сонымен қатар, құны 1,5 млрд. теңге тұратын консервіленген ет өндірісі бар. Мұнан өзге косметикалық май және жеміс-жидек тағамдарын өндіретін зауыт, кондитерлік өнімдер өндіру, түрік шұжықтарын өндіру, нан үгіндісін өндіру, сүт өнімдерінің өндірісі, құрама жем өндіру жобасы бар. Сондай-ақ, сұйық май өндірісі, макарон өндіру, етті қайта өңдеу

Ал, өндірісті «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағы аумағына орналастыру кезінде инвесторға жалдау шартымен инфрақұрылымы жүргізілген дайын жер телімі беріледі.

Индустриялық аймақтың қатысу үшін «Shymkent» ӘКК» АҚ-ның Шымкент қаласындағы Филиалы индустриялық аймақтардың басқарушы компаниясынан қажетті құжаттардың тізбесін тапсырып, өтінім жазу керек. Басқарушы компания қажетті құжаттар тізбесін 3 жұмыс күні ішінде қарайды. Сонымен бірге компания қажетті құжаттардың тізбесін Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына 1 жұмыс күні ішінде жібереді. Ал комиссия болып табылатын

Сондай-ақ, қала әкімінің төрағалығымен инвестициялық штаб тұрақты қызмет атқарады, онда инвестициялық жобалар мен проблемалық мәселелер қарастырылады және инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіледі.

ШЫМКЕНТТЕГІ 23 БАЛАБАҚША СЫНҒА ТҮСКЕН БАЙҚАУ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

« 1 –Маусым Балаларды қорғау» күніне орай “Айгөлек” балалар шығармашылық байқауы қорытындыланды. 

Шымкент қаласы білім басқарамасының «Мектепке дейінгі дамыту орталығының» жылдық жоспарына сәйкес және «1 –Маусым Балаларды қорғау күні» мерекесіне орай мектеп жасына дейнгі жастағы балалардың рухани –адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, мектеп жасына дейінгі өнерлі, талантты балаларды анықтау, оларға қолдау көрсету мақсатында қала көлемінде меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі ұйым бүлдіршіндерімен ұйымдастырылған « Айгөлек» балалар шығармашылық байқауының қалалық кезеңінің қортыныдысы бойынша өз өнерлерімен сахна төрінде 23 мектепке дейінгі ұйым өнерлерін көрсетіп, жиналған көреременге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Байқауды қорытындылай келе «Айгөлек» шығармашылық балалар байқауының жүлделі орынға №56 «Тұлпар» және ЖШС «Айжарық –Аяулым» бөбекжай -бақшалары иемденді.

Үздік өнерлерімен №68 «Балауса», №31 «Салтанат», №61 «Нұртас», №95 «Алтын дән», №44 «Жанар», №36 «Ерке-Наз», №74 Айдана», №98 «Мерей» бөбекжай - бақшалары I- орынға ие болып, көрермендерді қуантты.

Өнерге деген құштарлықтары мен сахна жұлдыздары бола білген №73 «Айжан», №126 «Шұғыла», №35 «Сәуле», №97 «Ақмарал, № 46 «Ақбөпе» , №13 «Ертөстік», ЖШС «Армантай», ЖШС « Балбота» бөбекжай - бақшалары II – орынға ие болды.

Мың бұралған әнші,биші бүлдіршіндеріміз №118 «Әсел», №34 «Ақжелкен», №26 «Самұрық», ЖШС «Ай-бике», «Бақ –Нұр Ел» бөбекжай - бақшалары III –орынға ие болды.

Ұлтымыздың мәдени өнер саласындағы жетістіктерін насихаттап, оның өркендеуіне ықпал жасау «Айгөлек» балалар шығармашылық байқауының басты мақсаты еді.

Жеңімпаздарды құттықтаймыз!

Қатысушылар: Мектепке дейінгі ұйым меңгерушілері, педагогтар, ата-аналар. 

ШЫМКЕНТТЕ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ АЛУҒА ЖАСТАРДЫҢ ЫНТАСЫ ЖОҒАРЫ

Елімізде жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беру басталды. Осы мақсаттарға 2023 жылға 29 млрд теңге қарастырылған. Осы қаражат есебінен 5,8 мың жас адамға жеңілдігі бар кредит беру жоспарланған. Биыл шымкенттік  260-қа жуық жас жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алады. Бұл игілікті істер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастардың кәсіпкерлігін дамыту үшін жылдық 2,5 пайыз жеңілдікпен микрокредит беру тапсырмасы аясында жүзеге асырылғалы отыр.

Мемлекет басшысы жастардың кәсіпкерлік бастамалары үшін 2,5 пайыздан жеңілдетілген микрокредит беру тапсырмасын іске асыру барысында Шымкент қаласынан биылғы жылы 261 кәсіп бастаушы жасқа микрокредит беру мақсатында республикалық бюджеттен 1 305,0 млн. теңге қарастырылған.

Кредиттер мерзімі – 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы бағытында алса, яғни ірі қара мал немесе жылқы өсіремін деп алса 7 жылға дейін беріледі. Шағын несиені алған жастар 1,5 жыл кредиттің жарнасын төлеуден босатылады.

Қазір жастар кәсібін жеңілдетілген несиелендіруге қатысты Шымкент қаласының әкімдігі, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Қаржы министрлігімен үш жақты кредиттік шарт жасалды.

Сенім білдірілген өкіл болып «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен айқындалды.

Бүгінгі таңда 2 комиссияның отырысы өтті. Онда 63 құжат қаралып, 31 адам комиссияның оң қорытындысын алды.Биылғы жылдың 30 мамырында Шымкент қаласы бойынша жастарға микрокредиттер беру мақсатында бизнес-жобаларды іріктеу үшін конкурс комиссиясының келесі отырысы өтті.

Айта кетейік, жеңілдетілген несиені жаңадан кәсіп ашқысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады.