Шымкенттік ақсақалдар кеңесі бас қосты

Шымкенттегі «Достық» үйінде қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің алғашқы отырысы өтті.

Жиынға Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов қатысып, ақсақалдар кеңесінің ережесі мен құрамы қалалық ассамблея төрағасының шешімімен бекітілгенін айтты. Консультативтік-кеңесші органмен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат аясында бірлесе жұмыс жүргізетінін жеткізді.

– Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ақсақалдар кеңесін құру туралы тапсырмасын орындау мақсатында құрылған кеңес – мемлекеттік органдарға, азаматтық қоғам институттарына қазақстандық бірегейлікті нығайту, азаматтарды қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтары төңірегінде шоғырландыруға жәрдемдесу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, этносаралық жанжалдың алдын алу сынды міндеттерді қоғамдық негізде іске асырады, деді басқарма басшысы.

Мемлекет және қоғам қайраткері, кеңес төрағасы Орынбай Рахманбердиевтың жетекшілігімен өткен отырыста: «Мекемелерде, кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбек құқығының сақталуы» және «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың Әл-Фараби ауданында орындалуы» қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов, Әл-Фараби ауданы әкімнің орынбасары Балтабай Смайлов баяндама жасап, кеңес мүшелерінің сауалдарына жауап берді.

Ақсақалдар кеңесі – қоғамдық және тұрмыстық қатынастарды зерделеу, халықтың проблемалық және өзекті мәселелері бойынша тыңдау өткізу, қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша сала мамандарымен өзара іс-қимыл ұйымдастыру, тиісті органдармен бірге этникалық деңгейге өтуі мүмкін жанжалдарды шешуге атсалысу, халық арасында бірлікті нығайту мәселелері бойынша кездесулер өткізу, мемлекеттік органдарға ұсынымдар енгізу сынды бірқатар өкілеттіктерге ие.

Айта кетейік, кеңеске жасы 60-тан асқан абыройлы ақсақалдар мен белсенді этнос өкілдері және қоғамдық пікір көшбасшылары енген.

Шымкентте 200-ге жуық азамат генералдың жеке қабылдауына қатысты

 

Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз орталығы осылай деп хабарлама таратты.

Шымкент қаласы Полиция департаментінде әр аптаның сәрсенбісінде күндізгі сағат 15:00-18:00 аралығында полиция генерал майоры Қайрат Дәлбековтің қатысуымен азаматтарды жеке қабылдау өтеді. Халықпен кездесуге полиция департаментінің бастығынан бөлек, барлық басшылық құрам қызметкерлері қатысып, әр арыз-шағым бойынша сауалдарға жауап береді.

Мәселен, жыл басынан бері генерал Қайрат Сұлтанбайұлының жеке қабылдауына 195 адам қатысқан. Ал, кеше 20 адаммен жүздесіп, оларды мазалаған мәселелерге назар аударды. Тұрғындардың басым көпшілігі, алаяқтыққа және қылмыстық істерді тергеу мәселесіне қатысты арыз-шағымдары мен пікірлерін жеткізді. Сәйкесінше, департамент бастығы Қ.Дәлбеков аталған саланың жауапты мамандарына қатаң тапсырма беріп, әр істі жеке бақылауында ұстайтынын ескертті.

Бұдан бөлек, жиналғандар арасында полиция қызметкерлеріне деген алғысы бар азаматтар да кездесті. Оның ішінде, зейнеткер қарт кісі полицейлердің құқықтық көмек көрсетіп, жол сілтегені үшін және үлкенге деген зор құрметі мен кішіпейілдігі үшін алғыс білдірді.

Айта кетейік, егер сіздің де шешілмеген мәселеңіз, тыңдалмаған уәжіңіз болса « 97-66-39 » байланыс нөміріне хабарласып, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтің жеке қабылдауына жазыла аласыздар.

 

Шымкент: 2023 жыл - «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жарияланды

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Түркістан көлік компаниясы» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымымен кездесті.

Онлайн форматта өткен кездесуге «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға міндетін атқарушы Жарқынбек Құрманбек, «Түркістан көлік компаниясы» ЖШС басшысы Мейірхан Пірназаров, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбдібек Үкібаев пен мекеме қызметкерлері қатысты.

Кездесуді «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға міндетін атқарушы Жарқынбек Құрманбек ашып беріп, мәжіліс қатысушыларымен таныстырды. Таныстырылымнан соң бастауыш кәсіподақ ұйымының атқарған жұмыстары және жеткен жетістіктері бойынша арнайы дайындалған бейнематериал қатысушылардың назарына ұсынылды. Жиында алғашқы сөз алған ҚР КФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында өткізіліп жатқан кездесулер тәжірибе алмасу және еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Сөз кезегін алған бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбдібек Үкібаев бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы, міндеттері мен табыстары және алдағы жоспарлармен бөлісті. Оның мәлімдеуінше, бүгінде компанияда жұмыс істейтін 690 қызметкер бар. Барлығы да кәсіподақ мүшелері. Кәсіподақ ұйымының жұмысшылары үшін қолайлы жағдай жасалған, әр қызметкерге мейрамдарда толыққанды кәсіподақ тарапынан қолдау көрсетіліп, еңбектері еленіп отырады. Мерейтой, туған күн, зейнет жасына келген қызметкерлерге Алғыс хат және арнайы сыйлықтар ұйымдастырады. Сондай-ақ, еңбегі сіңген қызметкерлерге санаторийлерге жолдама табыстау жолын да қарастырады. Кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, құқықтық мүдделерін қорғау 100 пайызға сақталған. Кездесуде сөз сөйлеген автопарк басшылығы Мейірхан Пірназаров кәсіподақтың ықпалымен жүргізушілердің жалақылары артқаны үлкен қуаныш болғанын жеткізді. Сонымен қатар, қоғамдық көлік жүргізушілерінің тапшылығы жайында айтып, мәселеге қатысты мамандыққа қызықтыру мақсатында арнайы ұсыныс дайындалып жатқанын жеткізді. АКБ төраға міндетін атқарушы Жарқынбек Құрманбек алдағы уақытта компания қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігі мен техникалық қауіпсіздіктері жағынан біліктіліктерін арттыру бойынша оқыту жүргізілетінін жеткізді.

Кездесуді қорытындылаған Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев биыл ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2023 жыл - «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, еңбеккерлерге еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, техникалық инспекторлардың жұмысы мен өндірістік жазатайым оқиғаларды болдырмау басты назарда екенін алға тартты. «Түркістан көлік компаниясы» бүгінде әлеуметтік жауапкершілік жүгін жүктеп келе жатқанына тоқталып, техника қауіпсіздігі мен еңбек қауіпсіздіктері бағытында атқарылар жұмыстарды толыққанды ілгерілетіп, жөнге келтіруді алға тартты. Ал, басқа да шешілмейтін мәселелер бойынша ҚР Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, заң аясында тиісті жұмыстар атқарылып, шешілу жолын қарастыратынын, мәселелер жауапсыз қалмайтынын мәлімдеді. Төраға орынбасары жиынға оң бағасын беріп, кәсіподақ мүшелеріне сәттілік тіледі.

200-ден астам шымкенттік жас кәсіпкер жеңілдікпен несие ала алады

Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында биылдан бастап берілетін шағын несиені 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады.

Мемлекеттік қолдау биыл қаладағы 261 жасқа көрсетіледі. Өтініш берген сәтте үміткердің жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұмысшы жастар да қатыса алады.

Несиелеу шарттары:

• Несие сомасы: 5 млн теңгеге дейін

• Сыйақы мөлшерлемесі: жылдық 2,5%

• Несие мерзімі: мал шаруашылығын дамытуға – 7 жылға дейін; бизнестің басқа бағыттары үшін – 5 жылға дейін.

• Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезең қарастырылған.

Несие кепіл мүлікпен қамтылуы міндетті. Кепіл ретінде жылжымалы (арнайы техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепіл мүлік болмаған жағдайда кепіл беруші ретінде ата-аналарын, туыстарын және т.б. тартуға болады.

Өтінім беруге құжаттар “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ филиалында қабылдануда.

Мекенжайы: Әл-Фараби ауданы, Қонаев даңғылы, 3/3.

Қажетті құжаттар тізімі:

1. жеке басын куәландыратын құжат;

2. жоба бойынша бизнес-жоспар;

3. қызмет көрсететін банк шотын растайтын анықтамалар;

4. қаржы ұйымдарынан (несие болған жағдайда) несие берешегінің, оның ішінде мерзімі өткен берешек туралы анықтамалар;

5. қатысушының/үміткердің жалақысын және өзге де табыстарын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме);

6. кепіл мүлікті бағалау туралы есеп;

7. кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.

Шағын несие беру туралы шешімді комиссия қабылдайды. Комиссия мүшелігіне мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдардың, “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының, БАҚ өкілдері кіреді.

Үміткерлер бизнес-жобасын комиссия отырысында таныстырады. Жоба өзекті, дәлелді, экономикалық тұрғыдан негізделген, әлеуметтік маңызы бар, өміршең болуы шарт.

 

Шымкентте «Жұлдыз», «Бозарық» және «Стандарт» жаңа индустриалды аймақтары ашылады

 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында индустриялық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөнінде шаралар қабылдау туралы нақты тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысы «Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырамын. ...жалпы, инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі» деп атап өткен болатын.

Осыған орай Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру бағытында бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Жұлдыз» индустриалды аймағы қосымша 155 гектарға, ал, Шымкент сауда-логистикалық орталығының аумағы 136 гектарға кеңейтілген. Сонымен қатар қазір Шымкентте тамақ өнеркәсібіне бағытталған «Бозарық» индустриалды аймағының құрылысы жүргізілуде.

Шымкент қаласы әкімдігі «Бозарық» және «Жұлдыз» индустриалды аймақтарының тұжырымдамасы мен қоршаған ортаға әсерін бағалау құжаттарын әзірледі. Бұл индустриалды аймақтардың инфрақұрылым құрылысына республикалық бюджеттен тікелей қаржы тарту және осы аймақтарға «республикалық индустриалды аймақ» мәртебесін беруге жол ашады.

Айта кетейік, Шымкент қаласының өндірістік қуаты негізінен 5 өнеркәсіптік аймақта шоғырланған. Бұл аймақтарда жалпы 230-ға жуық инвестициялық жоба жүзеге асуда. Қазірдің өзінде 14 мыңдай тұрақты жұмыс орны құрылған. Қалаға келіп, жаңа кәсіпорындар ашуға ниетті инвесторлардың көп болуына байланысты, жоғарыда айтқанымыздай, «Жұлдыз», «Бозарық» және «Стандарт» атты жаңа индустриалды аймақтар құру бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Одан бөлек, Президент тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласындағы көлік-логистикалық орталығын Қазақстанның бүкіл оңтүстік өңірінің логистикалық хабына айналдыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Жалпы, Шымкент қаласының әкімдігі алдағы бесжылдықта қала экономикасына 6 триллион теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр.

 

 

Жол картасын жүзеге асыруда қалалық білім жүйесінде не өзгерді?

ҚР Оқу-ағарту министрлігі білім беру жүйесін дамыту бойынша Жол карталарын әзірлеуді жалғастыруда. Министрлік пен әкімдіктердің бірлескен құжаты өңірлердегі білім саласындағы мәселелерді нақты шешіп, кешенді дамытуға бағытталған.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері жол картасы республикалық маңызы бар үш қалада және Ақтөбе облысында қабылданды. Шымкент қаласының жол картасын жүзеге асыру нәтижелері:

• Жоғарғы жылдамдықтағы 100 мб/с төмен емес интернет желісімен 100 мектеп қамтамасыз етілді. Қаралған қаржы – 554,3 млн.тг.

• Білім беру ұйымдарына арнайы талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау жүйелері, турникеттер, дабыл батырмалары толығымен орнатылып, Полиция Департаментінің Жедел басқару орталығына қосылып, І-дәрежелі мамандандырылған күзетпен келісім-шарт түзілді.

• 3 мектептің құрылысы ағымдағы жылдың шілде айында пайдалануға беріліп, үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесі толығымен шешіледі. Сонымен қатар, Шымкент аграрлық-техникалық колледжіне соңғы үлгідегі қосымша құрылысы ағымдағы жылдың маусым айында пайдалануға беріледі.

• Бір айда 8 000 баланы қосымша білім берумен қамту мүмкіндігі бар соңғы үлгідегі «Оқушылар сарайы» және 1 800 балаға арналған «Өнер мектебі» ағымдағы жылдың мамыр айында пайдалануға беріледі.

• 4 мектепке типтік үлгідегі спорт алаңшасын салу құрылыстары басталды. 185,6 млн.тг. қаржы қаралды.

• Жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 1 767,4 млн.тг. қаржы қаралып, жалпы 141 мектепке кабинеттер, 320 дана интерактивті панельдер сатып алынуда. Нәтижесінде, пән кабинеттер үлесі 72%-дан 85% артатын болады.

• Балаларға қолайлы жағдай жасау мақсатында білім ұйымдары жанындағы 35 жаяу жүргіншілер өткелі, 12 бағдаршам, 42 жол белгілері, 16 көшелердің жарықтандырылуы мен 812 метр жаяу жүргіншілердің аяқжолдары талаптарға сәйкестендірілді. Қаралған қаржы – 486 млн.тг.

Шымкентте «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты іске қосылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керегін айтқан болатын. Президент ұсынған жаңа саясатқа сәйкес қайсы монополист инфрақұрылым желілерін жаңартуға инвестиция салса, мемлекет сол компанияға коммуналдық тарифтерді өсіруге рұқсат береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі бірқатар шараларды қолға алған. Атап айтқанда, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-і инвестициялық бағдарлама қабылдап, 2022 жылы 121,3 шақырым электр желілері жаңартылған. Ал, биыл 126,3 шақырым желілер мен 4 қосалқы станциясын жаңарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, компания 2024 жылы 147,8 шақырым желі мен 3 қосалқы станцияны, 2025 жылы 90,2 шақырым желі мен 5 қосалқы станцияны жаңарту көзделіп отыр.

Бұдан бөлек Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан инженерлік инфрақұрылым желілеріне жұмыстары жүргізіліпті. «КазТрансГаз Аймақ» АҚ-ына тиесілі 898,9 шақырым табиғи газ құбыры жаңғырту үшін 28,2 млрд. теңге қажет. Бұл Шымкент қаласындағы газ құбырларының тозу деңгейін 12 пайызға төмендетеді.

Ал, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і 1 902,1 шақырым электр желісін жаңартуы тиіс. Ол үшін 31,4 млрд. теңге инвестиция тартылуы қажет. Бұл электр желілерінің тозу деңгейін 20 пайызға төмендетеді. Сондай-ақ, «Қуатжылуорталық-3» 19,8 шақырымдық жылу жүйесін жаңғыртуға 3,2 млрд. теңге инвестиция сала отырып, тозу деңгейін 15 пайызға төмендете алады.

«Су ресурстары Маркетинг» ЖШС-і де 83 шақырым су құбырын жаңғыртуға – 2,5 млрд. теңге, 18 шақырым су бұру жүйесін жаңғыртуға – 29,8 млрд. теңге инвестиция салуы қажет. Нәтижесінде ауыз су жүйесінің тозу деңгейі 21 пайызға төмендейді.

Осы міндеттерді орындау мақсатында ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен бірлесе отырып тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Шымкенттік кәсіпкерлер үшін ашықтықты қамтамасыз ететін портал қолжетімді

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің өркендеп, дамуына байланысты бірқатар маңызды бағытты айшықтап берген болатын. Әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Атап айтқанда, Президент Жолдауда: «Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық» деді. Президенттің бұл бағытта берген тапсырмасы Шымкент қаласында өз деңгейінде орындалып келеді. Осы тапсырмалар аясында Шымкентте «Жер аманаты» комиссиясы құрылып, тиісті жұмыстарды жүргізуде. Бүгінгі таңда шаһарда жеке кәсіп бастағысы келетін азаматтар үшін көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Түрлі курстар әзірленіп, арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында гранттар бөлініп, кіші және орта бизнесті дамытуға көңіл бөлінген.

Соның ішінде, кәсіпкерлер үшін ашықтықты қамтамасыз етуде «КАЗГИСА» ЖШС тарапынан геопортал әзірленді. Геопорталға қаланың егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, Бас жоспары және инженерлік жүйелері бойынша электронды ақпараттары енгізілген. Шымкент қаласының азаматтары үшін де жалпыға ашық карта «http://geo-shym.kz» сайтында қол жетімді. Ақпараттық порталдың «Тақырыптық карталар» бөлімінде шаһардың Бас жоспары, аумақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы, қаланың шекарасы, функционалды аймақтар, бағалау аймақтары, қауіпсіздік аймақтары, қызыл сызықтар және басқалар туралы мәлімет толық берілген. Картографиялық материалдар қажеттілігіне қарай үнемі жаңартылып отырады.

Осыған орай, қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша бірқатар жер учаскелері айқындалып, оларға электронды түрде аукцион өткізу жоспарланған.

 

Шымкент: Су жылыту газ құбырының қазандықтарын ұрлаған азамат ұсталды

 

Әл-Фараби АПБ-ның «102» арнасына Шымкент қаласының тұрғыны арызданды. Ол онда, өзі газ жүргізетін мекеме қызметкері болып жұмыс жасайтынын, кезекті жұмыс күнінде Шымкент қаласындағы тұрғындар жайғасқан жатақханаларының бірінде су жылыту газ құбырын жөндеуге барғанын жазған. Сондай-ақ, жөндеуді аяқтаған соң, оны тексеру үшін техникаларды тоққа қосып кетіп, ажырату үшін араға уақыт салып аталған мекен жайға қайта келген кезде ұрлық жайты орын алғанын көрсеткен. Яғни, бөгде азамат сондағы сыртқы қоршауды бұзып кіріп, жалпы құны 500000 (бес жүз мың) теңгені құрайтын 2 (екі) дана су жылыту құбырының қазандықтарын жасырын түрде ұрлап кеткенін жазып көрсеткен.

Аталған жайт ҚК-тің 188-бабының3-бөлігімен(Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Полиция қызметкерлері қылмысты ашу үшін шұғыл түрде іздестіру жұмыстарына кірісті. Күдіктінің жеке басын анықтауға бағытталған барлық қажетті шараларды жүзеге асырды.

Нәтижесінде, күдіктіні қала аумағынан қолға түсірді. Ол Алматы қаласының 35 жастағы тұрғыны болып шықты. Жұмыссыз, бұрын-соңды сотты болмаған.Тергеу барысында ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындап, газ құбырының қазандықтарын сатып, одан пайда көрмек болғанын жеткізді. Қазіргікезде күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Шымкент: «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 53 жоба іске асырылмақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілгені белгілі.

Қазақстан Президенті «Арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керек. Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты қағида болуы қажет. Жұмыс істейтін саласы негізгі бағыт болмаса да, маңызды индустриялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар бар. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ, жер телімдерін беруге болады. Барлық инвестициялық міндеттемесін адал орындайтын кәсіпорындар да бар. Оларға арнайы экономикалық аймақтан жер телімін жеке меншікке беру мәселесін шешу қажет» деп атап өткен болатын.

Осыған орай, бүгінде Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларына инвестициялық жеңілдіктерді сараланған түрде беру мәселесін пысықтап жатыр. Атап айтқанда, 2022 жылдың желтоқсан айында осы саладағы заңнамаға «бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар» деген ұғым енгізілді. Яғни, жаңа нормаға сәйкес мұндай тұлғаларға арнайы экономикалық аймақтан жер телімі берілуі мүмкін, алайда, ондай кәсіпорындар салықтық және өзге де жеңілдіктерге ие бола алмайды.

Айта кетейік, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестициялық құны 130.4 миллиард теңгені құрайтын 53 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар толық жүзеге асқан кезде 6 198 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Әзірге мұнда 31 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорындарға 53.2 миллиард теңге инвестиция тартылған және онда 2 309 адам жұмыспен қамтылған. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорындар өндіретін тауарлар АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Бельгия, Италия, Корея, Хорватия, Түркия, Беларусь, Қытай, Өзбекстан, Ресей сынды әлемнің 22 еліне экспортталады.

Жоспарға сәйкес Шымкентте 2023-2024 жылдары жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейтіп, өндірістік қуаттылығын арттыруға және жаңа зауыт-фабрикалар ашуға бағытталған 22 инвестициялық жобаны іске асыру жоспары бар.