Шымкент: Тұран ауданында «Ашық есік» күні өтті

Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Тұран ауданы жұмыспен қамту бөлімшесінде «Ашық есік» күні өтті.

Аталмыш шараның мақсаты кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында қала тұрғындарын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыру. 2023-2027 жылдарға арналған «AMANAT» партиясының Шымкент қаласы бойынша «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасын орындау үшін әзірленген Жол картасы аясында жастарға жеке ісін ашу үшін жағдайлар жасау.

Маңызды шара аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жастарды шағын несиелеу бағдарламасына қатысу яғни жастарға арналған жеңілдетілген 2,5% несие бойынша түсіндіру және несиелеу шарттарымен таныстырылды. Халықтың әлеуметтік осал топтарына мемлекеттік грант беруді ақпараттандыру.

Іс-шараға, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Нарбекова Балмаржан Полатқызы, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Айтбаев Ерлан Садырбайұлы, Шымкент қалалық «AMANAT» партиясының Фракция жетекшісі – Имашев Қайрат Есенбекұлы қатысып, Тұран ауданы жұмыспен қамту бөлімшесінің жұмыс барысымен танысып, өз кәсібін ашуға ниетті жастармен сұқбаттасты.

Сондай-ақ, қаламыздың жоғары және орта арнаулы оқу орындарының бітіруші түлек студенттерін жұмыспен қамту мақсатында тұрақты және субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы мемлекеттік қолдау шараларына қатысу туралы кеңес берілді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта мемлекет тарапынан жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында бірнеше әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Олар, қайтарымсыз негіздегі грант беру, жастарға жеңілдікпен микрокредит беру, еңбек нарығының сұранысына сәйкес тегін кәсіби оқыту. Грант беруде аз қамтылған отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасы мүшелері және көп балалы отбасы мүшелеріне басымдықпен беріледі. Биыл 2023 жылға 447 адамға 400 АЕК дейінгі мөлшерде мемлекеттік грант беру және 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған 261 жастарға 2,5% жеңілдетілген шағын несие беру жоспарланып отыр.

Шымкент: «Заңды білу – заман талабы» тақырыбында құқықтық кездесу өтті

 

Шымкент қаласы «Политехникалық колледжінде» оқу орнының студенттеріне арнап, «Заңды білу – заман талабы» тақырыбында құқықтық кездесу өтті.

Оған Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі Ювеналдық полиция бөлімшесінің, Қаратау ауданының Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің қызметкерлері мен «Сана Сезім» қоғамдық бірлестігінің мамандары қатысты.

Шарада қоғам арасындағы ең өзекті мәселелер – отбасындағы зорлық-зомбылық, кәмелетке толмағандарды қорғау, есірткі қылмысы мен адам саудасына қарсы іс-қимыл, жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу барысы талқыланды.

Мамандар өздерінің білімдері мен тәжірибелерімен бөлісіп, өз жұмыстары туралы, өздерін және жақындарын қорғау үшін заңды білу қаншалықты маңызды екендігін айтты.

Сонымен қатар, кездесу барысында мамандар жастарға зиянды заттардың қауіптілігі, жаңа психоактивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, одан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап көрсетті.

Колледж әкімшілігі өсіп келе жатқан ұрпақты ойлы да іскер, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік азамат етіп тәрбиелеуде қосқан үлестері үшін шақырылған қызметкерлерді алғыс хаттармен марапаттады.

Шымкент: Тұран ауданы Полиция басқармасының жеке құрамымен кездесу өтті

Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қ.Дәлбеков Тұран ауданы Полиция басқармасының басшылығы және жеке құрамымен кездесу өткізді.

Кезекті жиында полиция генерал-майоры Integrity check, яғни полиция қызметкерлері арасында жүргізіліп жатқан парасаттылықты тексеру туралы баяндады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын бекіткен болатын. Оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында 2023 жылы құқық қорғау және сот органдарында парасаттылықты тексеру, яғни Integrity check енгізу тетігін әзірлеу көзделген. 11 қаңтарда ІІМ алқасында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ішкі істер органдарының қызметкерлерін парасаттылыққа тексерудің пилоттық жобасының іске қосылғанын хабарлады.

Жоба аясында, ең алдымен, күн сайын халықпен тығыз байланыста жүретін бөлім қызметкерлері, яғни патрульдік, ювеналды, көші-қон полициясы және учаскелік полиция инспекторлары сияқты қызметкерлер тексеріледі. Ең әуелі, қайырымдылықты, азаматтармен қарым-қатынастың әдептілігін және қызметкерлердің олардың өтініштеріне жедел жауап беруін тексеруге баса назар аударылады. Бұдан басқа, қызметкердің сыртқы түрі, материалдық-техникалық жарақтандыру, қызметтік планшеттерді, бейнетіркегіштерді, жетондарды, автокөліктерді және т.б. дұрыс пайдалану бағаланады.

Сонымен қатар, Қайрат Сұлтанбайұлы полицейлердің сервистік модель қағидатына сәйкес келу қажеттігін ерекше атап өтіп, дөрекілік пен заңсыз әрекеттерге жол бермеу туралы ескертті.

Шымкенттіктерге Qamqor бағдарламасы түсіндіріліп жатыр

Шымкентте өңірлік Qamqor бағдарламасы аясында несиелеу үшін алғашқы транш 3 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева мәлімдеді.

– Биыл Шымкентте тұрғын үймен қамту мәселесін шешуде өңірлік Qamqor бағдарламасы іске қосылды. Аталған бағдарламаны жүзеге асыруда 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға басымдылық беріледі. Тұрғын үйді бастапқы нарықтан немесе қайталама нарықта да үміткерлер өздері тауып, сатып ала алады. Қарыздың максималды сомасы 20 млн теңгені құрайды. Кредит бойынша алғашқы жарна 10 пайыз, жылдық мөлшерлеме 5 пайыз, одан әрі жылдық 3,8 пайызға дейін төмендейді. «Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің» арқасында ипотека мөлшерлемесін төмендетуге болады,– деді Тұрғын үй басқармасы басшысы Жанат Өтебаева.

Жанат Өмірсейітқызының айтуынша, Qamqor бағдарламасына 63 жасқа дейінгі қатысушының және оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағы бойынша соңғы 5 жылда меншік құқығында тұрғын үйдің болмауы, соңғы 3 жыл ішінде Шымкентте тұрақты тіркеуде болуы тиіс. Қазіргі таңда бағдарламаға қатысуға ниет білдірген тұрғындарға мамандар негізгі талаптары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, Шымкентте іске қосылатын Qamqor бағдарламасымен дәрігер, медбике, санитар, педагог, тәрбиешіл, ЖОО және колледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, энергетика саласының және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері баспаналы бола алады.

Шымкент: 2025 жылға дейін 6 емхана, 200 орындық перзентхана салынады

Шымкент — республикалық маңызға ие, миллионнан астам тұрғыны бар қала. Осы орайда демографиялық және урбанизациялық өсім есебінен денсаулық сақтау саласында да бірқатар қажеттіліктер туындап отыр.

— Шымкентте медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қызмет сапасын арттыру мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды. Денсаулық сақтау ұйымдарына бекітілген талапқа сай 1 емханаға 30 мың тұрғыннан келуі тиіс. Шымкентте бүгінде 45 емхана халыққа қызмет көрсетіп отыр. Яғни, 1 емханаға орта есеппен 26 мың тұрғаннан келіп тұр. Алдағы уақытта жұмыс сапасын арттыру үшін бұл көрсеткішті 24 мың тұрғынға дейін жеткізу көзделген. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін қалаға 6 емхана қажет. Бұл емханалардың құрылысына инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен 2025 жылға дейін 200 төсек-орынды перзентхана салынады. Бұл №1 перинаталдық орталықтың жүктемесін азайтып, ана мен бала денсаулығын жақсарту үшін сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бермек, - дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков.

Шымкент қалалық №2 перинаталдық орталықтың іргетасы Ақжайық шағын ауданында қаланбақ. Бүгінде 200 төсек-орынға арналған перинаталдық орталық құрылысын жүргізу үшін мамандардың қорытындысы алынған.

Айта кетейік, қазіргі таңда жобаның сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін бюджеттен қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде.

Шымкент: Кәсіподақ мүшелері «Казпочта» ұжымымен кездесті

ҚР Кәсіподақтар Федерациясының 2023 жыл - «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төраға міндетін атқарушы Жарқынбек Құрманбек пен «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы» басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов «Казпочта» ұжымымен кездесті. «Казпочта» акционерлік қоғамы - жергілікті салалық кәсіподақтар ұйымына кіреді.

Жиында қатысушыларға кәсіподақтың рөлі мен мақсаты түсіндіріліп, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Әлеуметтік мемлекетке 15 қадамды қамтитын тұғырнаманың негізгі басымдықтары және еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау, еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі және оған енгізілген өзгерістер, маңыздылығы туралы пайдалы кеңестер берілді.

Басқосуда АКБ төраға міндетін атқарушы Жарқынбек Құрманбек ҚР Кәсіподақтар Федерациясының 2023 жыл - «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, еңбеккерлерге еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, техникалық инспекторлардың жұмысы мен өндірістік жазатайым оқиғаларды болдырмау жайлы айтып, еңбек дауларының алдын-алу, еңбек қатынастарын реттеу және құқықтық көмек көрсету жайлы мағлұмат берді.

Өз кезегінде сөз алған Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Бауыржан Қалжанов еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістерге тоқталып, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өндірістік жарақаттану, өндірістегі жазатайым оқиғаларды есепке алу және тергеу, еңбекке қауіпті жағдайлардың алдын-алу жолдарын түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу шаралары жөнінде де әңгіме өрбіді.

Қатысушылар көкейінде жүрген сауалдарын жолдап, баяндамашылармен пікір алмасып, қызмет барысында туындайтын көптеген өзекті сұрақтарына жауаптар алды.

Айта кетейік, бүгінде «Казпочта» мекемесінде 220 адам жұмыс жасайды. Барлығы 100% кәсіподақ мүшелігінде.

Шымкенттегі 81 шағын ауданның 24-і кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген

Қазіргі таңда Шымкенттегі 81 шағын ауданның 24-і немесе 713,5 мың адам кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Қалған 57 шағын аудан кәрізбен қамтылмаған. 2023 жылы 11 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджеттен 4,8 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 2 магистралды кәріз коллекторының және 9 ішкі орамдық жүйенің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Бұл туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына арнап өткізілген баспасөз туры барысында Шымкент қаласы әкімдігі энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Арман Әбдіқалықов мәлімдеді.

Оның сөзінше, биылғы жылдың қорытындысымен 6 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде 60 мыңға жуық адам орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Бұл қамту көрсеткішін 60 пайыздан 75 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік береді.

 

Одан бөлек маман, Шымкент қаласын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешімін табатынын да тілге тиек етті. Ол үшін биыл қаладағы 5 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүріп, жыл соңына дейін аяқталады. Нәтижесінде 72 мыңнан астам адам орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болады екен.

Ауыз су құбыры тартылып жатқан елді мекендердің бірі – Қайнарбұлақ. Бұл жерде бүгінде ауыз су кесте бойынша сағаттап берілде.

–Қайнарбұлақ елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 6,7 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде өткен жылы 2,9 миллиард теңге игерілген болса, биылғы жылға 3,8 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға жалпы ұзындығы 329,8 шақырымды құрайтын ауыз су жүйелері жүргізіледі. Қазіргі таңда мердігер мекеме – «Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысты қарқынды түрде жүргізіп жатыр. Бүгінге дейін 155 шақырым құбыр тартылып үлгерген. Яғни, жұмыстың шамамен 47 пайызы орындалды деген сөз. Биылғы жылдың төртінші тоқсанына қарай жұмысты толық аяқтау жоспарланған, – деді Арман Әбдімүтәліұлы.

Қайнарбұлақтағы электр желілерінің құрылысы да тілге тиек етілді.

–Электр қуаты бойынша Қайнарбұлақ тұрғын алабында құрылыс-монтаж жұмыстары 95 пайызға аяқталды. 2023 жылдың маусым айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігер мекеме «А.МЕРЕЙ И К» ЖШС-і осы уақытқа дейін ұзындығы 68,6 шақырымдық электр жүйелерін жүргізген. Жоспар бойынша 2023 жылы маусым айында 2 760 абонент электр қуатымен қамтылатын болады, –деді Арман Әбдіқалықов.

Мұнан кейін БАҚ өкілдері Нұртас шағын ауданындағы кәріз жүйелерінің құрылысымен де танысты. 18 мыңға жуық халқы бар шағын ауданды орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу үшін жалпы ұзындығы 62,6 шақырым құбыр жүргізіп жатыр.

 

Шымкенттің аумағында 204 гектар жылыжай кешені бар

Мемлекет басшысы өз Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, соның ішінде агроөнеркәсіптік кешенін субсидиялаудың ұзақ мерзімді жаңа тәсілдерін әзірлеуді тапсырды. Кәсіпкерлерге жерді жедел әрі ашық бөлудің тиімді әдістерін тұжырымдау жөнінде Үкімет алдына міндеттер қойған еді.

Президент тапсырмасына сәйкес, агроөнеркәсіптік кешенде мемлекеттік қолдауды жетілдіру мақсатында Шымкент қаласында жұмыс тобы құрылған. Бүгінде жұмыс тобы осы салада сыбайлас жемқорлық тәуекелін болдырмау үшін арнайы талдау жүргізіп, агроөнеркәсіптік кешенді ұзақ мерзімді субсидиялауға қатысты ұсынысын енгізген.

Жылдан-жылға халық саны өсіп отырған Шымкент қаласында егістік алқаптар қысқарып келеді. Сала мамандары алдағы уақытта жылыжай кешенімен бірге мал шаруашылығына басымдық беріледі дегенді алға тартады. Қазір қала аумағында 204 гектар жылыжай кешені бар. Соңғы үш жылда арнайы агроиндустриалды аймақ құрылып, 36 гектарға жылыжай салынды.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында жылыжай шаруашылығына қызығушылық танытқан кәсіпкерлер де көбейген. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бекітілген инвестициялық субсидиялау бағдарламасы арқылы салынып жатқан жылыжай шығынының 25 пайызын мемлекет өтейді. Одан бөлек, «КазАгро» корпорациясының төмен пайызды несиелеу бағдарламасы да кәсіпкерлерге жақсы демеу болып отыр.

Қазіргі таңда қала аумағында 73,9 мың бас ірі қара, 15,4 мың бас жылқы, 82,5 мың бас ұсақ мал, 3,1 мың бас шошқа және 877,1 мың үй құсы тіркелген. Осының ішінде мыңнан аса асыл тұқымды ірі қара мал бар. Мал шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік қолдау ретінде 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның ішінде 185,1 млн теңгесі малдың жем-шөбіне беріледі. Мемлекеттік қолдауды пайдалана отырып, биыл 9,1 мың тонна ет, 52,3 мың тонна сүт және 154,0 млн дана жұмыртқа өндіру жоспарланған.

 

Шымкент ХҚО-ларында 44 мыңнан астам ЭЦҚ берілген

«Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қаласы бойынша филиалы халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жыл басынан бері ең көп сұратылған мемлекеттік қызметтердің рейтингін жасады.

Үшінші мегаполисте жыл басынан бері халық арасында ең көп сұранысқа ие қызметтің бірі – автокөлікті қайта тіркеу қызметі болып анықталды. Алдын ала есептеулер бойынша шымкенттіктер 59 мың көлікті қайта тіркеген.

Ал екінші орында – электронды цифрлық қолтаңба беру қызметі. Жыл басынан Шымкент ХҚО-ларында 44 мыңнан астам ЭЦҚ берілген.

Үшінші орынға жеке куәлік пен паспорт беру қызметі жайғасты. Аталған құжаттарды 42 мыңнан астам азамат рәсімдеген.

Жүргізуші куәлігін алуға немесе ауыстыруға деген ұмтылыс біздің рейтингімізде төртінші орында тұр. Шымкент қаласы мамандандырылған ХҚО-ларына бұл қызметке 37 мың адам жүгінген.

Соңғы бесінші орында жылжымайтын мүлік иелері: жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу қызметі үшін 18 мыңға жуық адам жүгінген.

Осы ретте, «Азаматтарға арналған үкімет» МК Шымкент қаласы бойынша филиалының алдын ала мәліметтері бойынша ХҚО арқылы жыл басынан бері 300 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілгенін атап өткен жөн.

Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік қызметтерді мереке және демалыс күндері «ХҚКО» қосымшасы, egovkzbot2.0 телеграм-боты, Egovmobile мобильді қосымшасы, сондай-ақ, Kaspi және Halyk Homebank банктік қосымшалары арқылы онлайн алуға мүмкіндік бар.

Шымкентте 125 жылдық тарихы бар кітапхана бар

Бүгін Әл-Фараби ауданының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен М.Тынышпаев атындағы QazATK колледжінің жастарына А.Пушкин атындағы әмбебап кітапханасында экскурсия ұйымдастырылды.

Мақсаты – болашақ жасөспірімдерге қаламыздағы белгілі орындар мен тарихи мекендерді кеңінен насихаттау, ұлттық руханиятымызды кеңінен дәріптеу.

Кітапхана ғимаратын аралаған жастар кітапхана тарихымен, онда қандай кітаптар мен мерзімді басылымдардың сақталатындығы туралы және кітапхананы пайдалану ережелерімен танысты.

–А.С.Пушкин атындағы кітапхана 1899 жылы орыстың ұлы ақынының 100 жылдық мерейтойына орай ашылған. Қала тұрғындарының өздері қаржы жинап, қоғамдық кеңес үйінің ғимаратын салды. Ол жерде басында би кештері, әуесқой театр әртістерінің қойылымдары көрсетілген, - деді кітапхана меңгерушісі.

Айта кетейік, А.С.Пушкин атындағы кітапхана 1899 жылы Пушкиннің 100 жылдық мерейтоына орай ашылған. Ол кезде кітапхана 3 бөлмеден ғана тұрды. Шымкенттіктердің саны – 11 мың болыпты. Санкт Петербордан рұқсат алып ашылған кітапханада ол кезде небәрі 60-шақты кітап болыпты. Кітапханашы да болмаған. Тұрғындар алма- кезек өздері осында келіп бір-бірімен кітап алмасқан. ҰОС кезінде оқушылар осы кітапханадан кітап алып, солдаттарға, госпитальді жатқандарға кітап оқыған, - дейді мұндағылар.

Бүгінде 133 мың кітап қоры бар. 1 тоқсанның есебі бойынша 4500 оқырман тіркеліпті. Бұл дегеніміз күніне 45-50 адам осы кітапхананың қызметіне жүгінеді деген сөз.