Түркістандық балуан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

Албания елінің Тирана қаласында еркін күрестен U23 жасқа дейінгі ересектер арасында өткен әлем чемпионаты аяқталды. Тартысты сында 61 келі салмақта Қазақстан ұлттық құрамының талантты балуаны, Түркістан облысының спортшысы Асылжан Есенгелді күміс жүлдегер атанды.

Түркістан: облыста бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру жұмыстарын жандандыру қажет

Түркістан облысында кәсіби және бұқаралық спортты дамытудың жаңа жоспары немесе стратегиясы әзірленеді. Себебі бұл салада өңірдің әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық отырысында айтылды. Өңір басшысы спорт саласын дамыту жұмыстарын жандандыру, түбегейлі өзгерістер жасау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ АЗИЯ ПАРА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Азия пара ойындарының жүлдегерлері мен жаттықтырушыларын арнайы Алғыс хатпен марапаттады.

Салтанатты рәсімде қала басшысы құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

– Қытай елінде өткен ІV жазғы Азия пара ойындарында жеткен жетістіктеріңізбен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, істеріңізге сәттілік, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Осы сәтті пайдалана отырып, спортшыларды дайындауда аянбай еңбек етіп жүрген жаттықтырушыларды арнайы құттықтағым келеді. Алайда мұнымен жігерімізге ерік беретін уақыт жоқ. Өйткені келесі жылы Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына лицензияларды жеңіп алу үшін қарқынды жұмыстар күтіп тұр. Алдағы болатын үлкен додаларда тәуелсіз еліміздің намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінетіндеріңізге кәміл сенемін! – деді қала әкімі.

Еске салсақ, 22–28 қазан күндері аралығында Қытай Республикасының Ханчжоу қаласында ІV жазғы Азия пара ойындары өтті. Байрақты бәсекеде жалпы 22 спорт түрінен 43 мемлекеттің спортшылары бақ сынасты. Елімізден 14 спорт түрінен 131 спортшы қатысып, оның ішінде Шымкент қаласынан спорттың 3 түрінен 5 спортшы ел намысын қорғады. Жүзуден Мансурбек Ибрашев, Алина Дубинина, Айсұлтан Кулкаев, садақ атудан Жасұлан Кішен, ал байдарка және каноэда есуден Максим Богатыров сайысқа түсті.

Төрт жылда бір өтетін дүбірлі додада шымкенттік спортшылар ел қоржынына екі қола жүлде салды. Жүзуден 4х50 метр эстафеталық сайыста Айсұлтан Кулкаев, ал байдарка және каноэда есуден 500 метр қашықтықта Максим Богатыров жеңіс тұғырынан көрінді. Айсұлтан Кулкаевты Аязбек Бижігітов, ал Максим Богатыровты Константин Обласов жаттықтырады.

Айта кетейік, Пара Ойындарында Қазақстан құрамасы 8 алтын, 12 күміс, 21 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 11-орыннан көрінді.

ҚАЛАНЫҢ СПОРТ МЕКТЕПТЕРІНДЕГІ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБАДЫ

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік спорт мектептерін аралады.

Ең алдымен, «№ 15 жекпе-жек түрлерінен кешенді олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебімен» танысты. Мұнда олимпиадалық спорт түрлері бойынша еркін күрес, әйелдер күресі, құзға өрмелеу, грек-рим, дзюдо, таеквондо, каратэ, қабырғаға оқ атудан 531, ал олимпиадалық емес кикбоксинг, самбо спорт түрлерінен 202 спортшы шұғылдануда. Топ саны – 88, 71 жаттықтырушы бар. Биыл дүбірлі додаларда 21 алтынға қол жеткізді.

Аталған спорт мектебінің жай-күйін бақылаған қала басшысы жаңа ғимарат салуға және қасында орналасқан футбол алаңын мемлекет меншігіне алып, спорт мектебінің игілігіне айналдыруға тапсырма берді.

Қаладағы «№ 16 гимнастикадан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» жер көлемі 0,4241 гектарды құрайды. 505 спортшы шұғылдануда. Едендік жаттығуларға арналған гимнастикалық платформа, 4 батут, 2 акробатикалық жолақ, қонуға арналған көбік шұңқыры, әйелдер мен ерлер штангалары, сақиналары бар жақтау, атта тербелу жабдықтары, гимнастикалық бөренелер, спортшылардың жаттығу үдерісіне арналған тіреп секіру үстел спорт жабдықтары бар.

Жабдықтар залдың көп бөлігін алатындықтан, қосымша зал қажеттілігі туындап отыр. Қала әкімі мәселенің шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді.

«Ләззат Тәжиева атындағы № 4 олимпиадалық резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде» шахмат, дойбы, қазақ күресі, белбеу күресі, баскетбол, гандбол, жүзу, триатлон, байдарка және каноэ спорт түрлерінен саңлақтарды дайындайды. 1 493 спортшы, 92 жаттықтырушы бар. Биыл аталған мектептің спортшылары ескек есуден байрақты бәсекелерде топ жарды. Азия ойындарында 1 алтын, 3 күміс, 1 қола, Әлем чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, ал Әлем кубогында 1 алтын медалды ел қоржынына салды.

Спорт мектебінің жағдайын бақылаған қала басшысы жауаптыларға жүзу бассейнін заманауи үлгіде қалпына келтіруді жүктеді.

Сауранда спорт мектебі ашылды

Сауран ауданында Түркістан облысы спорт басқармасына қарасты Сауран ауданы №1 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Түркістанда заманауи «мұз сарайы» пайдалануға берілді

Түркістан обысында қысқы спортпен кәсіби айналысуға мүмкіндік жасалды. Облыс орталығында заманауи «Мұз сарайы» пайдалануға берілді. Спорт нысанының ашылуына Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, спорт жанашырларын құттықтады.