Таяуда Отырар аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы Жанат Қарымсақов пен аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов Отырар ауданындағы медиация саласында еселі еңбек етіп келе жатқан медиторларды қабылдап, елдің бірлігі мен ынтымағын арттырудағы жұмыстарына алғысын айтты.
Кездесуде Отырар аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы Ж.Ерғалиұлы қоғамда кикілжің, дау-дамай туындауына жол бермей, ынтамақтастықты, ауызбіршілікті бірінші орынға қоятын медиаторлардың рөлі ерекше екенін айтып, татулықты сақтаудың жарқын жолындағы жемісті жұмыс атқара берулеріне тілектестігін білдірсе, аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханұлы медиация институтының жергілікті жерде дамуына үлес қосып отырған ел ағаларының еңбегіне шынайы алғысын жеткізді.
Аудан әкімінің орынбасары өзінің құттықтау сөзінде: «Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең биік өнегесі. Дана бабаларымыз тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен татуластырып, түйіндестіріп отырған. Бүгінде сол билеріміздің заңды жалғасы осы медиация болып табылады. Бұл үрдіс өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Сондықтан алдағы жылдары да аянбай еңбек ете берулеріңізге тілектеспін», – дей келе, аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен Отырар аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы Жанат Қарымсақовтың құттықтау хатын табыстады.
Кездесу барысында ардагер Бауман Қалжанұлы мен Бақытжан Сапарбай ертеден келе жатқан билердің жолын жаңғыртқан медиацияның бүгінгі тынысы ерекше екенін айта келе, мереке қарсаңында құрмет көрсетіп жатқан ел азаматтарына шынайы алғыстарын айтты.
Егемендік пен елдік мұраттарынан нәр алған, өркениет пен нұрлы болашаққа сара жол салған арайлы Ата Заңымыздың әлқиссасында паш етілгеніндей «...ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып», «...еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген азаматтық қоғам» құру жолында барша заңдылық жосықтарын халық игілігіне жаратудың жолын тапты. Қоғамымыз дамыған сайын неғұрлым ізгіленген заңдар халықаралық қауымдастық қуаттаған құқықтық жөн-жоралғылармен де, ұлтымыздың ежелгі елдік дәстүрлерімен қисынды жарасым тапты.
Атам қазақ «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» деген. Осыдан асқан кемеңгерлік бар ма?! Біле білгенге кешірім, түсіністік пен келісім, парасат – заңнан да ізгі. Ал «Заң тыйым сала алмаған нәрсеге, кейде ұят тыйым салады» деген екен Рим философы Л.Сенека. Тана Малайсары би жас Сырым биге: «Шырағым, үш сөз бар, соны ұмытпай жүрсең, халқың соңыңнан қалмас. Ұмытсаң, артыңнан ермес. Ол үш сөз: ұят, борыш, обал!» деген екен. Байқап көргенге Ұлы Дала даналығы құқықтың қайнары болып саналатын рим философиясымен де толық үндеседі. Ал ғалым-заңгер, академик Салық Зиманов: «Бір кездері ежелгі қазақ даласындағы заңдылық пен әділ соттың «Алтын ғасыры» қайтадан біздің тарихымыздың құрамдас бөлігіне – алтын бетіне және болашақта жалпы өркениеттің мұрасына айналар деген үмітім бар... Уақыт өте келе қазақ құқығы әлемдік өркениеттің құқықтық жүйелерінің ішінен лайықты орын алатындығына сеніммен қараймын» – деген екен.
Әрине, билер дауды шешкенде әуелі елдің заңдарын, қала берді құдіреті ел ішінде заңға теңесетін әдет-ғұрып, салт дәстүрлерді, әділдік қисындарын басшылыққа алған. Әділ шешімді қиыннан қиыстырып, жалпақ жұртты кемеңгерлігіне жүгіндірген. Би құзыретіне берілетін істің қаралуы екі сатыға бөлінген. Әуелі екі жақ істі билер қарағанға дейін, яғни өзара келісім жасап дауды шешуге қимыл-әрекет жасайды. Әдеттік құқықта оны «Бітім», «Береке», «Салауат» деп атаған. «Бітім» – екі жақтың өзара келісімге келіп, сөз жүзінде даудың аяқталуы. Бітімнен кейін істі билердің қарауына берудің қажеті жоқ. Себебі, бітімді, өзара келісімді бұзу – сөзде, сертте тұрмаудың белгісі, ар-ожданды таразылайтын әрекет. Би алдындағы бітімге ешкім қиянат жасай алмаған. «Береке» – айырбас немесе сатып алу туралы сөз жүзінде шарт жасау. Қазақтың әдеттік құқығында «Береке» институты барлық келісім, шарттардың негізі болған. Салауат – немесе кешірім, дауласқан екі жақтың бір-біріне талап қоюдан бас тартуы, яғни кешірім беруі. Кешірім жасау ауыл, ел, ру ақсақалдарының қатынасуымен өтетін болған. Өркениет дүниесінде бітімгершілік рәсімі медиация ұғымымен мәлім.
Бүгінде азаматтар Азаматтық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіпті пайдалана отырып татуласу келісімін, дауды медиация немесе партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасай алады. Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық сатылардағы соттарда сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейінгі уақытта, сот талқылауының кез келген сатысында, сондай-ақ, сот актісінің орындалуы кезінде де жасала береді. Татуласудың тағы бір артықшылығы мұнда сот шешімі орындалмай орта жолда қалмайды. Келісімді өзара мақұлдағандықтан тараптар ондағы шарттарды дер кезінде, белгіленген уақытта орындауға мүдделі. Келісім жасалғанда екінші тарап өзіне міндеттеме алған соң оны орындауға барынша күш салады. Ал орындалмаған жағдайда да, талапкердің өтініш хаты бойынша сот бекітіп берген атқару парағы мәжбүрлеп орындатуға жатады.
Тағы бір ескерерлігі, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, осы келісімді бекіту туралы ұйғарым «Медиация туралы» Заңда және Азаматтық процестік кодексте көрсетілген талаптарға сәйкес келуі тиіс. Егер татуласу келісімі заңға қайшы болса немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот келісімді бекітпейді. Сот ұйғарымы шағым, не наразылық келтіруге жатпайды. Азаматтық іс жүргізу кодексіндегі айтулы жаңалықтардың бірі – дауды партисипативтік келісім арқылы реттеу болып отыр. Партисипативтік рәсім – дауласушы екі тарап адвокаттарының келіссөздерді судьяның қатысуынсыз жүргізу арқылы ортақ келісімге келтіруге қол жеткізуі. Келісімге келе алмаған екі жақты бір үстел басына жинап, бітімге келтіру мәселесінде судьяларға қарағанда адвокаттардың мүмкіндігі кең. Құжаттағы татуласу келісіміне қойылатын талаптарға сай, қос тарап арасындағы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың адвокаттары қол қояды. Мұндай жолмен татуласу талап қоюшыны төленген мемлекеттік баждан босататыны да – заңдағы ынталандыру тетіктерінің бірі.
Азаматтық процестік кодекс қолданысқа енгізілгеннен бергі аралықта бітіммен бітетін істердің саны өсе түсті. Жаңа заңнаманың тиімділігін түсінген адвокаттар, медиаторлар, басқа да құқық қорғаушылар дауды бітіммен бітіруге мүдделілік танытып, азаматтарға медиацияның тиімділігін түсіндіруге жаппай атсалыса бастады. Мәселенің бітімгершілік жолдарымен тез шешілгені, алдымен, олардың өздеріне тиімді екенін көпшілік те ұғына бастағандай. Соттар қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізуде бітімгершілік рәсімдерді және медиацияны қолдану әдістерін жергілікті жерлерде кеңінен түсіндірудің жолбасшылық тізгінін ұстап отыр.
Қазақта «дау мұраты – біту» деген аталы сөз бар. Медиация тәсілінің енуінің өзі, өмір талабы. «Медиация туралы» ҚР Заңы 2011 жылдың қаңтар айында қабылданып, дауды сотта қараудан басқа да жолмен шешудің құқықтық негізін белгілеп, құқықтық ауқымды кеңейте түсті. Медиация қызметі азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастарға, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстарға, қылмыстық, әкімшілік сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларға қолданылады. Медиация рәсімінің сот жұмысына берер пайдасы өте көп. Медиацияда міндетті қағидаттардың ішінде еріктілік, медиация тараптарының тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық тәрізді нәрселерге жіті мән берілген.
Ертеректе, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарында даулы мәселелерді шешіп, билік айтатын беделді ақсақалдар болғаны есімізде. Яғни, мұндай тәжірибе Қазақ елінің тарихында бағзы заманнан болғандығын байқауға болады. Осыған қарап, азаматтар арасында туындаған дауларды баламалы түрде шешу ісі Қазақстан үшін соңғы үрдіс емес. Өйткені, бұл міндетті кезінде данагөй билер атқарған десек қателеспеген болар едік. Қазақ халқы «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп, қандай дауды болмасын сабырлықпен, көптің қатысуымен, елдің төрелік етуімен, билердің билік құруымен шешіп отыратын. Бітім, құн беру, келісімге келу, ағайыншылық жолдарымен талай күрделі мәселенің күрмеуі шешілген. Билер алқасы арқылы дау-дамай, жанжал ғана емес, азаматтық, елдік, рулық мәні бар мәселелер кең көлемде шешіліп отырды. Әрдайым қара қылды қақ жарған әділдікті берік сақтаған халқымыздың ежелден ұстанымы осындай болған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген мақал халықтың тәжірибесінен алынған.
Жалпы, медиацияның негізгі мақсаты – бітім. Медиация – дауларды реттеудің баламалы түрі. Үшінші тарап ретінде қатысатын медиатор дауласушы тараптардың белгілі бір келісімге келуіне көмектеседі.Сонымен бірге, бүгінгі күні татуласу тетіктері де қарқынды дамыды. Сотқа жүгінуші тараптар дауларды сотқа дейін және сотта өзара келісім арқылы реттей алады. Бұл үшін медиаторлар, бітістіруші-судьялар, Билер кеңестері дауларды бітімгершілікпен шешуге ықпал ете алады.
Бітістіруші-судьялар азаматтарға дауды бітіммен аяқтаудың тиімділіктерін жан-жақты түсіндіріп, туындаған дауды татуласу келісіммен, екі тараптардың адвокаттары болған жағдайда партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен, кәсіби немесе судья медиатордың қатысуымен медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келуге шақырады. Ал, партисипативтік рәсім екі тараптың адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі. Билер кеңесі халық арасындағы дауларды ақсақалдардың араласуымен шешу, ел ішіндегі дауласу деңгейін азайтуға ықпал ету мақсатында құрылған кеңесші топ.
Жалпы айтқанда, медиация – бітімгершілікке бастайтын, дауларды сотқа дейін шешуге ықпал ететін айрықша қызмет. Қазіргі таңда еліміздің сот жүйесінде медация қызметі қазақ даласындағы дана қариялар мен билер дәстүрінің жалғасы ретінде қалыптасқан, әр уақытта да сабырлы болуға және ел бірлігін сақтауға үндейтін бабалар ғұрпы әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ деуге толық негіз бар.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»