Бейсенбі, 14 Қыркүйек 2023 21:46

ШЫМКЕНТТЕ 16 ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС СУБъЕКТІСІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ҚОРҒАЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын Шымкент қаласында іске асыру жолындағы аралық нәтижелер туралы» баспасөз конференциясы өтті.

Баспасөз жиынында Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жұмабаев Жандос Сағындықұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл еліміздегі мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарының бірі екендігін атап өтті.

– Жүйелі мәселелерді шешу мақсатында Агенттік еліміздің әрбір өңірі үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің арнайы карталарын әзірлеген. Жыл басынан жер, білім салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп, 65 ұсыным енгізілді, оның 49 орындалды. Қазіргі таңда құрылыс саласында талдау жұмыстары жүргізілуде.

«Республикалық маңызы бар қала» мәртебесі берілген сәттен бастап әкімдік тарапынан ауданы 850 гектарды құрайтын 1 мыңнан астам жер учаскесі берілсе, оның тек 1 пайызы ғана сауда-саттық арқылы берілген.

Жер беру тәсілі туралы шешімді әкімдік дербес қабылдайды, берілген жер учаскелерін есепке алу жүргізілмейді.

Берілген жерлердің жалпы санын нақты анықтау мүмкін емес. Осы мәселені «қолмен» өзгерту тәсілі көрсетілген сегменттегі ақпараттың дұрыстығын толық көлемде қамтамасыз етпейді.

Халық пен бизнес үшін бос жерлер туралы ақпарат қолжетімсіз.

Өздеріңізге белгілі, Агенттікпен кәсіпкерлікті қорғауға және қолдауға бағытталған «Бизнеске жол» жобасы жүзеге асырылуда.

Әкімдік басшылығының және басқа да уәкілетті органдардың көмегімен 1300-ден астам кәсіпкердің құқығын қалпына келтіруге мүмкіндік туып, 30 мәселе оң шешімін тапты.

Кәсіпкерлердің жұмысына заңсыз араласқаны үшін 7 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде, 5 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылса, 2 лауазымды тұлға әкімшілік айыппұл төледі.

Жедел-тергеу бағыты бойынша 16 шағын және орта бизнес субъектісінің құқықтары қорғалды.

Департамент мүдделі мемлекеттік органдармен кездесу өткізіп, нәтижесінде кәсіпкерге алынған жер үшін 128 млн. теңге төленді.

Биылғы жылдың тамыз айынан бастап белсенді азаматтарды, қоғамдық бірлестіктерді, жеке және квазимемлекеттік сектор субъектілерін, сондай-ақ басқа да ұйымдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсыіс-шараларға ерікті ретінде тарту мақсатында Агенттікпен «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы қолға алынды.

Жоба аясында кез келген бастамаларды ұсынып, бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігін қадағалай аласыз немесе аймақтағы проблемалық мәселелерді бақылай аласыз.Қазірдің өзінде белгілі бір нәтижелер бар.

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді тетіктерді қалыптастыру бойынша жүйелі шаралар қабылдануда.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде кезең-кезеңмен бірқатар маңызды заңнамалық шаралар қабылданды.

Мәселен, 2021 жылдың 10 қаңтарынан бастап Еңбек Кодексінің 26-бабы 2-тармағына өзгерістер енгізіліп, онда квазимемлекеттік сектор субъектілеріне сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды жұмысқа орналастыруға жол берілмейді делінген.

Аталған бап нормаларына қатысты азаматтар тарапынан жиі шағымдарына орай Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотымен материалдар зерделеніп, нормативтік қаулы әзірленді.

Жоғарыдағы қаулы негізінде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамның квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуына шектеу көрсетілген ұйымдарда басқарушылық функцияларды орындаумен байланысты лауазымдарға үміткер адамдарға қатысты қолданылады.

Айта кетейік, сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған кез келген азамат Департаментке жүгіне алады немесе тәуліктің кез келген уақытында CaII-орталыққа 1424 нөмірі бойынша қоңырау шала алады.

Осы нөмірге қоңырау шалу арқылы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпаратты сеніп қалдыруға немесе кеңес алуға болады.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдардыбіржолғы ақшалай сыйақы беру, грамотамен марапаттау немесе алғыс жариялау формасында жүзеге асырылатын көтермелеулер көзделгенін атап өткім келеді.

Соңғы 4 жылда Департаментпен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының жолын кесуге ықпал еткен 29 тұлға көтермеленіп, олардың сыйақы мөлшері 5,7 млн. теңге құрады.

 

Оқылды 164 рет