Жұма, 15 Қыркүйек 2023 18:07

Сауран ауданында «Жер-2023» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті

Сауран ауданы әкімдігінің іскерлік орталығында «Жер 2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу аясында аудан бойынша 12 құрылым, 117 жеке құрам қызметкер мен 31 техника жұмылдырылды. Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев пен Сауран аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Мұқтар Қуанышбаев алдымен оқу-жаттығу жұмыстарының жұмыс барысымен және техникалардың ахуалымен танысты.

Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес қыркүйек сағат 11:00-де «Баршаның назарына!» құлақтандыру дабылы іске қосылды. Әкімдік ғимаратындағы қызметкерлер сыртқа эвокуцияланды. Құтқару қызметі жедел іске кірісіп, ғимарат ішінде қалып қойған қызметкерлерді шығарды. Сонымен қатар, оқу-жаттығу аясында штаб құру және апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілген орындады байланыс құралдарымен қамтамасыз ету, апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу, тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіру жұмыстары жүргізілді.

Осындай оқу-жаттығулар арқылы алдын алу шаралары мамандар тарапынан түсіндірілді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін практикалық іс-шаралар төтенше жағдай кезінді жедел көмек беруді көздейді. Командалық-штаб зардап шеккендерді уақытша орналастыру пункттеріне эвакуациялау; медициналық және психологиялық көмек көрсете отырып, зардап шеккендерге арналған жылыту пункттері тексерілді. Сондай-ақ, жаттығу барысында арнайы тенхикаларда тексерілді.

Апат айтып келмейді. Төтеннен келген апатқа әр тұрғын дайын болғаны маңызды. Апат кезінде сауаттылық пен қырағылық қажет. Айта кетейік, Сауран ауданы аумағында ағымдағы жылы су тасқыны орын алған болатын. Жедел жұмыстың нәтижесінде апаттың беті қайтып, қайта қалпына келтірілді. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы қандай жағдайға да дайын екендіктерін жеткізді.

Төтеншеліктер тұрғындарға төтенше жағдайлар орын алған кезде қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін де түсіндіріп берді. Олардың айтуынша, төтенше жағдайларға әрдайым дайын болу қажет. Жер сілкінісі, су тасқыны, басқа да төтенше жағдайлардың қашан болатыны белгісіз, сондықтан үнемі дайындық үстінде болу керек. Ол үшін төмендегі кеңестерге сүйенген жөн дейді:

Төтенше жағдайларда бірінші кезекте не істеу қажет?

1. Алғашқы қажеттілік жиынтығын дайындаңыз (дұрысында, екі бірдей жиынтық)

Алғашқы жәрдем дәрі қорабы.

Құтылардағы консервіленген азық-түліктер және пластик шишалардағы ауыз су. (бір құты кофе мен бір қорап шай, тұз салынған қорапша алуға да болады).

Транзистор қабылдағыш және электр қол шамы.

Қабылдағыш пен қол шам үшін қосалқы батареялар жинағы.

От жағатын жағдайға арнап - герметикалық қораптағы сіріңке, оттық және қағаз.

Құрал-саймандар мен ас үй жабдықтары – тым болмаса шаппалы бәкі, қасықтар, шанышқылар, екі-үш табақ және саптыаяқтар, консерві ашқыш, жеңіл туристік балта.

Медициналық көрсеткіштер бойынша отбасы мүшелері жүйелі түрде қабылдайтын дәрілер (нұсқау бойынша оларды тоңазытқышта сақтау қажет болмаған жағдайда).

Тағы бір осындай жиынтықты автокөліктің жүксалғышында сақтаған артық болмас еді.

Отбасылық құжаттар мен ақшаны кез-келген жерге тастамай, өзіңіз оңай табатындай белгілі бір орынға сақтаған жөн.

Өздеріңізге қандай киімдердің қажет болатынын ойластырыңыз да, төтенше жағдайлар үшін отбасы мүшелерінің әрқайсысына арнап, біраз киім, аяқ киім: жазға - су өтпейтін, қысқа - жылы киімдер мен аяқ киімдер дайындап қойыңыз. Шатыр мен ұйықтауға арналған қаптар болғаны дұрыс.

2.  Сізге мыналарды білген жөн:

Қатер төнген жағдайда қай жерге паналайсыз.

Орныңызда қалуға болмайтын жағдайда қандай жолмен эвакуацияланасыз.

Алғашқы ойлағаныңыз бұғатталған болса, тағы қандай шегіну жолдары бар.

Қалай эвакуацияланасыз - машинамен, қайықпен немесе басқадай жолмен. Қолайсыз сәтте машина бұзылып қалған жағдайда не істейсіз.

Үйде немесе басқадай орында бас сауғалауға тура келсе, қолыңызда қандай заттар болуы тиіс.

Эвакуация кезінде қандай заттарды ала кетесіз.

3. Артық ештеңе алмаңыз.

Алайда, мынаны есте ұстаңыз: көбірек тамақ, ауыз су және дәрі-дәрмек, бір-екі бастапқы қажеттілік жиынтығын алған жөн.

4. Эвакуация кезінде қалдырып бара жатқан бағалы бұйымдарыңыз бен жәдігерліктеріңізді жедел түрде жинау және сақтау үшін алдын ала орын дайындаңыз.

5. Үрейлі хабарламалар қабылдауға дайын болыңыз.

Алғашқы үрейлі хабарламаларды ала салысымен, осыған кірісіңіз. Ол – үш минуттан бес минутқа дейін тоқтамастан созылатын сирена дыбысы. Оның мағынасы мынадай: барлығыңыз радио мен теледидарды қосып, оларды қайда не болып жатқаны туралы хабарламалар алу үшін жергілікті толқынға бағыттаңыздар.

6. Төнгелі тұрған ТЖ бойынша әрекет жоспарын нақтылап, алғашқы қажеттілік жиынтығын тексеріңіз.

Жаңалықтарды тыңдай отырып, төтенше әрекет етудің өзіндік жоспарын ойыңызда реттеп шығыңыз да, оның хабарламада айтылып жатқан төтенше жағдай кезінде қалай жүзеге асатынын елестетіп көріңіз. Бұнымен бір мезгілде алғашқы қажетілік жиынтығыңыздың жинаулы екенін тексеріп, тағы да қандай заттар керек болатынын бағамдаңыз. Егер БАҚ төтенше қызметтер нұсқауларын беріп жатқан болса, міндетті түрде құлақ түріп, жеке жоспарыңызды соған сәйкестендіріңіз.

7. Үрейлі хабарлама алған соң байланыс желілеріне күш түсірмеңіз.

Егер де телефоныңыз бар болса, жақындап қалған төтенше жағдай кезінде онымен туыстарыңызға, достарыңыз бен таныстарыңызға қоңырау шалмауға тырысыңыз. Төтенше жағдай кезінде телефон арқылы тек төтенше қызметтерге қоңырау шалыңыз, оларға жаралылар жайлы хабарлап, қандай да бір жаңа төтенше жағдай немесе оның төну қаупі туралы айтыңыз. Бірақ қандай жағдай болса да, жөнсіз қоңырауларға жол бермеңіз.

8. Күнделікті өмірде туыстарыңызға нұсқау беріп, үйретіп қойыңыз.

Дұрысы, оған дейін, күнделікті бос уақытта туыстарыңыз бен жақындарыңызға олар тұрып жатқан өңірде қандай қауіптердің кездесуі мүмкін екені және азаматтық қорғау органдары мен БАҚ-тың төтенше жағдай болады деген хабарын алған сәтте өздерін қалай ұстауы керектігі жайында қарапайым тілмен түсіндіріп қойғаныңыз абзал. Ол үшін сізге алуан түрлі төтенше қызметтер әзірлеген нұсқаулықтар қажет болады. Осындай нұсқауларды адамдар санасына біртіндеп сіңіре отырып, сіз ерте ме, кеш пе, шындап қауіп төнген жағдайда ешкімге хабарласып, ескертуге мәжбүр болмайтын жағдайға жетесіз.

9. Мейлінше қажеттілік тумаса тұрғылықты орныңызды тастамаңыз.

Апаттың жақындап келе жатқаны туралы ақпарат алғанда, мейлінше қажеттілік тумайынша, ешқайда кетпеңіз. Су тасқынының ағынына, ормандағы өрт орамына немесе қатты боранға тап болған автокөліктерде опат болған жолаушылар саны тым көп. Ал бәрібір кетуге мәжбүр болсаңыз, радионы қосып, жаңалықтарға құлақ түріңіз.

10. ТЖ аймағында қалған үйге қайтқанда сақ болыңыз.

Үйлерге кірмеңіз. Апат кезінде ғимаратқа зақым келген болуы мүмкін, онда оның астында қалуыңыз ғажап емес. Төтенше қызметтердің міндеті – ТЖ аймағындағы ғимаратты қарап шығып, адамдардың оларға қайта кіруіне болатынын не болмайтынын анықтау.

Егер де ғимаратқа кіруге мәжбүр болсаңыз, жолыңызға ешқандай жағдайда алаумен немесе шырақпен жарық түсірмеңіз. Темекі шекпеңіз.

Үйде немесе үйдің айналасында газдың немесе химиялық заттардың иісі шықпайтынына көз жеткізіңіз. Күдікті иістерді сезсеңіз, төтенше қызметтерге хабарлаңыз.

Үзілген сымдардан (оның ішінде телефон сымдарынан) аулақ болыңыз. Кез- келген мұндай сым қанқұйлы қауіп көзі болып табылады.

Азық-түлік қорларыңызды пайдалануға асықпаңыз, әуелі тексеріңіз: олар уланған (химиялық заттармен уланбағанның өзінде өңезденуі мүмкін) немесе бұзылған (мәселен, олар тоңазытқышта жатып, ұзақ уақыт электр қуаты болмаған жағдайда) болуы ықтимал.

Су жүргізу құбырларынан алынған немесе құдық суын пайдаланбас бұрын ойланыңыз. Суды пайдалану немесе (қажетіне қарай) оны зарарсыздандыру жөніндегі төтенше қызметтердің нұсқауларына міндетті түрде құлақ асыңыз.

Егер де құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқан аймаққа тап болып, бірақ сіздің көмегіңіз қажет болмаса, онда ол жерден кеткеніңіз дұрыс.

Мейлінше қажеттілік туған жағдайда болмаса, ешқайда кетпеңіз. Жолдар бүлінген немесе бұғатталған болуы ықтимал. Мәселен, күшті желден сынған ағаштар құлап, жолдағы автокөліктерді басып қалған немесе жолда кенеттен терең ойпаттар пайда болған жағдайлар бар. Дүлей апаттан кейін көпірлер әсіресе қауіпті болып келеді.

Егер сонда да жолға шығуыңызға тура келсе, онда барынша сақтық танытыңыз, жылдамдық арттырушы болмаңыз. Жол үстінде автокөлік жүргізушілері үшін қауіп тудыратын бүлінулерге кезіккен болсаңыз, ол жөнінде тездетіп төтенше қызметтерге хабарлаңыз.

11. Туыстарыңыздың да қауіпсіз жерде екеніне көз жеткізіңіз.

Зілзала жағдайында телефонды пайдаланбаған жөн, алайда ең сындарлы сәттердің артта қалғаны ресми түрде мәлім болысымен, бірден туыстарыңызға қоңырау шалыңыз. Сізден хабар алмаған соң, олар ТЖ-ны жою штабына хабарласуы мүмкін, сөйтіп сізді із-түзсіз жоғалғандар қатарына енгізеді. Нәтижесінде сізді іздеуге жұмсалатын уақыт пен күшке әлдеқайда тағы біреулер мейлінше зәру болуы мүмкін.

Жер сілкінген кезде не істеу керек?

Үйде, жұмыс орнында, мектепте, көшеде қауіпсіз орындарды бағдарлау;

Отбасы мүшелерімен жер сілкінгенде не істеу керек екенін талқылап, алғашқы медициналық көмек беру ережесін үйрену;

Дәрі қорабын дайындау және ондағы дәрі-дәрмекті қолдану ретін білу;

Құжат, ақша, қалта шамын үнемі ыңғайлы орынға қою;

Кереуетті терезе мен қабырғалардан алшақ орналастыру;

Үйге кіретін жолды жиһаздармен, өзге заттармен бөгемеу;

Шкафтар мен сөрелерді шегелеп бекіту, үстіне ауыр заттар қоймау;

Улы химикат, тез тұтанатын сұйықтық секілді қауіпті заттарды жақсы оқшауланған сенімді орында сақтау.

Жер сілкінісі кезіндегі алғашқы әрекет

Жер сілкінгенін ғимараттың шайқалғанынан, шамдардың теңселгенінен, ыдыс-аяқ пен әйнектердің сылдырынан, күшейіп жатқан гуілден білуге болады. Бұл жағдайда ең бастысы – үрейге бой алдырмау.

Жер сілкінісі кезінде ең қауіпсіз жер – ғимараттан алыс көше мең алаң. Сондықтан, бірінші дүмпуден кейін тез және қысқа жолмен далаға шығу керек. Өздігімен жүре алмайтындарға қауіпсіз орынға шығуға көмек берген дұрыс. Бұл жағдайда заттарды жинауға уақыт кетіруге болмайды. Мүмкін болса, тек құжаттар мен ақшаны алған дұрыс. Лифтті пайдалануға тыйым салынады. Төменге баспалдақпен не өрт сатысымен түсу қажет. Мұндай жолмен ғимараттан шығу мүмкін болмаса төсек жаймасынан арқан жасап, оны жылу батареясына байлаңыз да, терезеден түсуге болады. Бұл – балалар мен зардап шеккендерді құтқарудың тиімді тәсілі.

Ғимараттың ішінде қалып қойсаңыз:

қауіпсіз жерде: негізгі ішкі қабырғаның жанына, негізгі қабырғаның бұрышына, есіктің жақтауына немесе негізгі тіреуіштің жанына тұрыңыз;

мүмкін болса үстелдің астына тығылып, құлауы мүмкін заттар мен жарықшақтардан қорғана аласыз;

терезелер мен ауыр жиһаздардан, үзілген сымдардан, алыс тұрыңыз;

майшам, сіріңке, оттық қолданбаңыз;

электрді қоспаңыз, себебі газ құбыры зақымданса, от тұтанып кетуі мүмкін.

Көлік ішінде болсаңыз:

көлікті ғимараттан, көпірден, бағаналар мен ағаштардан алыс жерде тоқтатыңыз;

көліктен шықпай жер сілкінісінің аяқталуын күтіңіз.

Көшеде:

қауіпсіз ашық алаңда қалуға тырысыңыз;

жер сілкінісі кезінде ғимараттардың құлаған қабырғалары мен кірпіштері, әйнектер адамдарға зардабын тигізуі мүмкін. Сол үшін ғимараттардан, электр бағаналарынан және үзілген электр сымдарынан аулақ болыңыз.

Жер сілкінісінен кейінгі әрекет

дүмпулердің толық тоқтағанын күтіп, сабырлы болыңыз;

үйде не пәтерде қалсаңыз, бүлінген заттарды түгендеп шығыңыз;

электр желісінде, су құбырында ақау болса, ажыратыңыз;

жарақаттанғандарға көмектесіп, оларға алғашқы медициналық көмек беріңіз;

өрт ошақтарын анықтауға тырысыңыз және мүмкін болса оларды сөндіру шараларын қолданыңыз;

автокөлікті қауіпсіздікті қамтамасыз ету не көмектесу мақсатында ғана пайдаланыңыз;

телефонды тек құқықтық тәртіп органдарының өкілдерін (102), өрт сөндірушілерді (101), дәрігерлерді (103), құтқарушыларды (112) шақыру үшін пайдаланыңыз;

балконға шықпаңыз;

зақымданған ғимараттардың жанынан өткен кезде сақ болыңыз.

Үйінді астында қалып қойсаңыз:

сабырлық сақтап, көмек шақырыңыз, үрейге бой алдырмаңыз;

өзіңізге алғашқы медициналық көмек көрсетіңіз;

қайда екеніңізді, өзге адамдар қасыңызда бар-жоғын анықтауға тырысыңыз:

сізді тауып алғанға дейін дауыстап не қимыл жасап, назар аудартатын заттарды қолдану арқылы басқаларға белгі беріңіз;

артық қимыл жасамаңыз.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 326 рет