Жұма, 29 Қыркүйек 2023 09:49

ШЫМКЕНТТЕГІ 23 ЕЛДІ МЕКЕНДЕ ТҮРЛІ ЭТНОС ӨКІЛІ ТҰРАДЫ

 

Шымкент қаласының «Достық» үйінде қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің отырысы өтті. Жиында қаладағы діни ахуал мен елді мекендердегі этносаралық татулық мәселесі талқыға салынды.

Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев жүргізген жиынға қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, дін істері басқармасы мен Қаратау ауданы әкімдігінің өкілдері қатысты. Шаһардағы діни ахаул жөнінде дін істері басқармасынің бөлім басшысы Ғалымжан Сарманов баяндама жасап, ақсақалдардың сұрағына жауап берді. Оның айтуынша, басқарма негізінен бес бағыт бойынша жұмыс істейді. Оның ішінде деструктив жақтаушыларын оңалту, дәстүрлі дінге бағыттау, жат ағымның жекетгіне кеткендерді қоғамға бейімдеу және діни бірлестіктермен өзара қимыл орнату секілді жұмыстар бар.

Бүгінде басқарма тарапынан дескрутивтік діни ағымын ұстанушыларға арналған жұмыс алгоритмі әзірленген. Осының аясында әлеуметтік желілерге мониторинг тұрақты түрді жүргізіліп отырады. Биыл әлеуметтік желідегі радикалды аккаунттарға тіркелген 5755 пайдаланушы анықталып, 5 200-іне құқықтық және діни танымдық ескерту хабарламасы жолданды. Оның ішінде 280 желі қолданушысы кері байланысқа шықты. Қалған азаматтардың орналасқан жерін анықтау бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр, – деді Ғ.Сарманов.

Шымкент қаласының 23 елді мекенінде түрлі этнос өкілдері тығыз шоғырланған. Қалалық дін істері басқармасының өкілдері осы жылы ұлтаралық алауыздықты болдырмау үшін ұйымдастырылған 151 кездесудің нәтижесінде бүгінге дейін ешқандай келеңсіз оқиға орын алмағанын айтады. Ал жастармен 603 кездесу өтіп, мамандар өзгенің ар-намысы мен қадір қасиетіне нұқсан келтіретін материалдарды әлеуметтік желілерде тарату және бөлісу қылмыс екенін түсіндірген.

Айта кетейік, елімізде ҚХА жанынан ақсақалдар кеңесі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған болатын. Биыл қалалық кеңесте еңбек қауіпсіздігі мен Әл-Фараби ауданындағы этносаралық ахуал қаралып, тиісті мемлекеттік мекемелер мен азаматтық институттарға ұсынымдар берілген еді. Бүгінде қалалық деңгейде ақсақалдар кеңесінің құрамына жасы 60-тан асқан тәжірибелі әрі абыройлы ақсақалдар мен белсенді азаматтар енген.

Оқылды 255 рет