Жауапты сала өкілінің айтуынша, жыл басынан бері өңірде 20 адамның суға кету фактісі тіркелген. Өкінішке қарай, олардың 13-і - жас балалар.- Балалардың су айдындарында қаза болуының негізгі себептері - ата-аналардың салғырттық танытып, балаларын қараусыз қалдыруы болып отыр. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы шомылатын орындары жоқ аудандардың елді-мекендерінде биыл департамент тарапынан 28 дана модульді-каркасты бассейндер сатып алынып, тегін және қауіпсіз шомылуына мүмкіндіктер жасалды. Жалпы облыста модульді-каркасты 71 дана бассейн бар, - деді Бақытжан Жақсылықұлы.
Сонымен қатар, брифинг барысында спикер өңір тұрғындарын қыс мезгілінде су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.- Күннің салқындауы басталуымен қысқы балық аулауды ұнататындар, оның ішінде су айдындарындағы мұзда балық аулаушылар көбейе түседі. Жалпы, соңғы 5 жылда 12 адам балық аулау кезінде суға батып қайтыс болған. Биылдың өзінде үш қайғылы жағдай тіркеліп отыр. Облыс тұрғындары мен қонақтарына балық аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамын,- деді жауапты сала өкілі.
«AQ-QARA.KZ»