Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру және Түркістан облысының аумағында пилоттық жобаны масштабтау мақсатында барлық аудан, қалаларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топтар құрылып, жарғысы, жұмыс жоспары бекітілген.
2023 жылдың 13 қаңтарында Сауран ауданы әкімдігінің жанынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топ құрылып, жарғысы, жұмыс жоспары бекітіліп, өз жұмыстарын бастап кеткен болатын. Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсіл - бұл азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қылмысқа қарсы тиімді күрес жүргізу және халықтың билік органдарына сенімін арттыру үшін мемлекеттік органдар мен қоғамның тығыз ынтымақтастығын білдіретін ұйымдастырушылық стратегияны жүзеге асыру бағытында жұмыс жасайды.
Осыған орай, Түркістан облысы әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық бөлімінің бас инспекторы Ляззат Бекеева бастаған топ, құрамында Түркістан облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, облыстық ведомствоаралық топ мүшесі Зуппархан Чалданов, Түркістан облысы ПД-не бағынысты айдауыл взводының арнайы топ полицейі, ведомствоаралық топ мүшесі Сүлейман Пірметов, Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының ұйымдастырушы мұғалімі, облыстық ведомствоаралық топ мүшесі Оразгелді Абишов Сауран ауданына келіп, арнайы жиын өткізді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары Серік Садибаев пен Мақсат Таңғатаров облыстан келген арнайы жұмыс топ мүшелеріне Сауран ауданында құрылған қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топтың атқарған жұмыстарының барысымен таныстырды.
Кездесу барысында Түркістан облысы әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық бөлімінің бас инспекторы Ләззат Бекеева мен Түркістан облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, облыстық ведомствоаралық топ мүшесі Зуппархан Чалданов Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру және Түркістан облысының аумағында пилоттық жобаны масштабтау мақсатында жергілікті жерлерде құрылған қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топтардың жұмысы өте маңызды екенін жеткізді. Жиыннан соң облыстық ведомствоаралық топ мүшелері Сауран ауданы әкімдігіндегі аудандық ведомствоаралық топтың жұмыс кабинетін көріп, жұмысты жандандыру бағытында ой пікірлерімен бөлісті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «Бірнеше өңірде полицияның сервистік моделі пилоттық режимде жұмыс істей бастады. Келесі кезең – оның ауқымын кеңейту. Бұл жұмыстың табысты болуы көбіне жергілікті билік органдарының осы үдеріске қатысуына байланысты болады. Олар жаңа жобаның мән-маңызын түсініп, полицияға қолқабыс етуі тиіс» дей отырып, Үкіметке полицияның сервистік моделінің тұжырымдамасын іске асыруды жүктеген болатын. Осыған орай, 2021 жылғы 12 қарашада Түркістан облысының сол кездегі әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен Түркістан облысы әкімдігінің жанынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөнінде ведомствоаралық топ құрылды.
Ведомствоаралық топ құрамына полиция, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, прокуратура, әкімдік қызметкерлері және қоғамдық кеңес өкілдері енгізілді. Бұл жобаның мақсаты, біріншіден, жұртшылықтың және жергілікті мемлекеттік органдардың қызметкерлерін нақты аумақтарда құқықтық тәртіп пен заңдылықты қолдау жөніндегі жаңа тәсілдері мен шешімдерді әзірлеуге тарту, қылмыстар мен өзге де құқыққа қарсы іс-әрекеттерді жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде бірлесіп шаралар қабылдау, екіншіден, құқықтық тәртіпті, сондай-ақ халықтың билікке деген сенімін қамтамасыз ету мәселелерінде азаматтық қоғаммен мемлекеттік органдар арасындағы әлсіз байланыстың себептерін анықтау, қауіпсіздік мәселелерін бірлесіп анықтау және оны шешу үшін жергілікті қоғамдастықпен тұрақты сенімді қарым-қатынастар орнату, пилоттық аудан базасында жинақталған тәжірибені жақсарту үшін жағдайлар жасау.
Талдаудың мақсаты негізінен, аумақта қауіпсіздіктің нашарлауына себеп болатын қиындықтар мен себептерді анықтау, қиындықтарды жою бойынша ұсыныстар әзірлеу және оларды жергілікті атқарушы органға және басқа да мүдделі органдарға тиісті шешімдер қабылдау үшін ұсыну болып табылады. Талдау тапсырмалары заманауи әдістерін пайдалана отырып, бағынышты аумақта құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтаудан, бағынышты аумақтағы қауіпсіздік мәселелері бойынша жергілікті қоғамдастықтың пікірін зерделеуден, проблемаларды шешу бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін жергілікті қоғамдастықты тарту және жергілікті атқарушы органға және мүдделі мемлекеттік органдарға одан әрі іске асыру үшін әзірленген ұсынымдарды беруден тұрады.
Жалпы, бұл тәсіл алғаш рет 2019 жылы пилоттық жоба ретінде Қарағанды қаласында енгізілген. Аталған тәсіл халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қылмыстардың санын төмендетуге ықпал етіп, өзінің оң нәтижесін берген. Осыған байланысты жобаны республика көлемінде енгізуге шешім қабылданды. Бүгінгі күнгі саралаудың нәтижесінде ең көп орын алған қылмыс түрі «ұрлық пен алаяқтық» болып отыр.
Ал, қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілінің айырмашылықтарына келер болсақ, қолданыстағы тәсілде қоғамның қауіпсіздігі үшін тек қана құқық қорғау органдары жауап береді деген психология қалыптасқан. Сервистік тәсілде қоғамның қауіпсіздігі үшін жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау органдары, бизнес қауымдастықтары, үкіметтік емес ұйымдар, қорлар, кәсіподақтар, университеттер, бәрі-бәрі жауапты. Қолданыстағы тәсілде азаматтардың полицияға сенімі Қазақстанда 38,3 пайызды құраса, сервистік тәсіл дамыған елдерде, яғни Батыс Еуропада бұл көрсеткіш 70-80 пайызды құрайды. Демек, сервистік тәсілді енгізу қалай болғанда да тиімді деген сөз!
Айта кетейік, әлемде сервистік полицияның бірыңғай моделі жоқ, бірақ ортақ қағидаттар бар – бұл танымалдық, қолжетімділік, тілектестік, ашықтық және есептілік. Бұл қоғамның заманауи қажеттіліктері. Бұл үміттерге сәйкестік дәрежесі көбінесе биліктің өзара іс-қимылы мен сенім деңгейін анықтайды. Әрине, басты мемлекеттік орган – полиция. Дәстүрлі және сервистік полицияның айырмашылығы неде? Дәстүрлі полицияда басты мақсат қылмысқа қарсы күреске бағытталған, ал басқару стилі орын алған құқық бұзушылықтарға ден қою болып табылады. Тиісінше, қылмыс пен құқық бұзушы объектілерге айналады, ал көрсеткіштер – айыппұлдар, қамауға алу және айыптау түріндегі жазалау шараларының саны. Сервистік модельде миссия қауіпсіздік сезімін қамтамасыз етуде және құқық бұзушылықтардың алдын алуды құрайды. Мұнда азаматтар мен қауымдастықтар басты назарда болады, ал тиімділік көрсеткіші - халықтың полицияға деген сенімі мен қылмыстар санының азаюы.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат