Жұма, 13 Қазан 2023 21:27

Түркістанда жаңа үлгідегі учаскелік полиция бекеті ашылды

Түркістан қаласында жаңа үлгідегі учаскелік полиция бекеті ашылды. Жаңа полиция пункті Түркістанның тұрғындары қарқындап өсіп келе жатқан Отырар шағын ауданындағы көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан.

Жергілікті полицейлердің жаңа ғимаратқа қоныстануына арнайы келген ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов жаңа бекеттің жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен жүздесті.

Учаскелік бекет қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Учаскелік инспектор тұрғындардың арыз-шағымын осында қабылдап, кез-келген мәселеге дер кезінде ден қояды. Мұнда учаскелік полиция инспекторлары, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлармен қатар, көші-қон қызметі, әкімшілік практика, пробация қызметкерлерінің жұмыс орындары, демалыс орындары қарастырылған. Ерікті көмекшілерге арналған кабинет, азаматтарды қабылдау бөлмесі, ана мен бала бөлмесі де бар. Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға кедергісіз кіруге жағдайлар жасалған, оның ішінде арнайы жабдықталған санитарлық тораптар да бар.

Полиция пункті бейнебақылау жүйесімен жабдықталған және мұнда қызмет көрсететін аумағының бейнебақылау камералары шығарылған. Мұның барлығы полицияның ашықтығы, қолжетімділігі, құқық бұзушылықтар мен азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюы үшін жасалған.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құру туралы идеясының негізгі мақсаты – елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қоғамның мүддесі мен талап-тілегін ескере отырып, осы мақсатта жұмыла әрекет етуіміз қажет. Бұл жауапты іс тікелей құқық қорғау саласы қызметкерлерінің адал еңбегі арқылы жүзеге асады. Сондықтан полицияның кедергісіз қызмет етуіне әкімдік тарапынан барлық қолдау көрсетілуде. Былтыр ғана полиция қызметкерлеріне 252 жаңа көлік табысталса, биыл тағы да 30 автокөлік алынды.Бүгінгі таңда, облыс аумағында жалпы 12 стационарлық полиция бекеттері орнатылды. Тиісінше, облыстағы ішкі істер саласының басшылығы мен қызметкерлері қырағылықпен қызмет етіп, нәтижелі жұмыс көрсетуде. Ел Президентінің полицияны сервистік моделге көшіру туралы тапсырмасына сәйкес, 2021 жылдан бастап облыста ведомствоаралық топтар құрылып, жұмыстарын атқаруда. Бұл - халықтың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған қарқынды қадам деп білемін. Елдің амандығы мен құқықтарының сақталуы ішкі істер саласының қызметкерлеріне ғана емес, қоғамның алдындағы міндет. Бұл жұмыстарды бәріміз бірлесе атқаруымыз қажет,-деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне күш салынған. Атап айқанда, қоғамдық тәртіпті сақтауға өз үлесін қосу үшін «Ұлттық Ұланның» әскери бөлімін құру қолға алынды. Ұландықтарды орналастыру үшін Түркістан қаласынан арнайы ғимарат белгіленіп, құрылыс жұмыстары жүруде.

Биыл полиция департаментінің жаңа ғимараты пайдалануға тапсырылды. Ғимараттың аумағы - 15 мың м2. Департамент жанынан Жедел басқару орталығы ашылды. Полиция қызметкерлеріне былтыр 252 жаңа көлік табысталса, биыл тағы да 30 автокөлік алынды. Ел Президентінің полицияны сервистік моделге көшіру туралы тапсырмасына сәйкес, 2021 жылдан бастап облыста ведомствоаралық топтар құрылып, жұмыстарын атқаруда.

Сондай-ақ, маусым айында Түркістан Облысының Полиция Департаментінің жаңа ғимараты ашылды. Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан Полиция департаментінің жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне сол кездегі ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Қаланың сәулеттік стиліне үйлесімді көпқабатты нысанның лентасын қиып, аралап шыққан болатын. Жаңа ғимаратта тәртіп сақшылары алаңсыз жұмыс істеуі үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, барлық жағдай жасалған. Айта кетсек, облыстық Полиция департаменті ғимараты толық заманауи техникамен жабдықталып, жиһаздары орнатылып, пайдалануға берілді. 4 қабатты ғимараттың ауданы – 15 365 м2. 470 адамға арналған Полиция департаменті ғимаратының жалпы жер ауданы – 4000 м2. Ғимарат бірнеше блоктан тұрады. Мәжіліс залы, спорт залы, тир, арнайы автотұрақ, автокөлік жуу орнымен қамтылған.

Жаңа ғимараттың жанында еліміздегі ең ірі кешеннің бірі, соңғы үлгідегі 126 монитор орнатылған Жедел басқару орталығы орналасқан. Бұл орталық арқылы облыстағы көшелер мен жолдар, барлық білім ұялары тәулік бойы қадағалауда. Полиция жұмысының қайнар көзі саналатын орталықта «102» желісіне соғылатын қоңыраулар қабылданады. Әрбір қоңыраудың артында үлкен командалық қызмет атқарылады. Ғимараттың жалпы ауданы – 3 га.Жалпы, еліміздегі қылмыс деңгейі жыл басынан бері 19%-ға төмендеген, ал Түркістан облысы республика бойынша қылмысы ең аз облыстар қатарынан түспей келе жатқанын да айта кеткен жөн.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 223 рет