Жұма, 13 Қазан 2023 18:20

Сауран ауданы: әдеп жөніндегі уәкіл Ескі Иқан мен Жаңа Иқанда түсіндірме жұмыстарын жүргізді

Сауран ауданы әкімі аппаратының басшысы, аудан бойынша әдеп жөніндегі уәкіл Қуандық Құлажанов бекітілген жоспарға сәйкес, Ескі Иқан мен Жаңа Иқан ауылдық округі аппаратының мемлекеттік қызметшілерімен кездесіп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын және жаңа Әдеп кодексінің талаптарын кеңінен түсіндіріп өтті.

Әдеп уәкілінің айтуынша жаңа редакцияда бекітілген Әдеп кодексі мемлекеттік қызметкерлердің менталитетін жаңаша қалыптастыруға зор үлес қосатынын жеткізді.  Мемлекеттік аппараттың қызметі қоғам сұраныстарын қанағаттандыруға, оның ішінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, яғни сервистік қызмет көрсетуге бағытталған болатын. Демек, клиентке бағдарланған мемлекеттік аппарат құру жалпы мемлекеттік қызметшілердің көзқарасын түбегейлі өзгертуді талап ететінін мәлім етті.

Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметтің қоғам өміріндегі рөлі, мемлекеттік қызметшілердің ұстанымдары мен қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылу қажеттігін айтты. Сонымен бірге, қызметшілердің мемлекеттік саясатты ұстануына, қызметтік әдебі адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, клиентке бағдарлану қағидаттарына, жүріс-тұрыс ережелерін атап өтті.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын белгілейді және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепсіздік жағдайларының алдын алуға бағытталған шаралар туралы жеткізді.

Бұдан бөлек, икемді жұмыскердің жұмыс уақыты режимін белгілеу шарттарын, еңбек тәртібін жүйелі түрде бұзған жағдайда, икемді жұмыс уақыты режимін белгілеу туралы актінің күші уәкілетті адаммен жойылатыны туралы мәлім етті. Сонымен қатар, жұмыскер мемлекеттік қызмет, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңнаманы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін және мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулерді сақтаулары қажет екенін түсіндірді.

Сондай-ақ, жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа сәйкес жұмыскерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға, сондай-ақ мемлекеттік қызметте сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қолдану тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстар да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жиын барысында бұл тақырыпта кеңінен талқыланды.

Мемлекеттік қызметшілер арасында әдептілік туралы түсіндірме, сауалнама жұмыстары жиі жүргізіліп отырады. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдепсіздік әрекеттері орын алып жататын болса, арнайы сымтетік арқылы хабарласуға немесе күнделікті әдеп жөніндегі уәкілдің қабылдауына келуге болады.

Аталған кездесулерде ауылдық округі әкімінің аппарат қызметкерлері тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, аудан әкімі аппаратының басшысы, аудан бойынша әдеп жөніндегі уәкіл Қуандық Құлажанов барлық сұрақтарға толымды жауап берді. Алдағы уақытта кездесулер кестеге сәйкес, барлық ауылдық округтерде өткізілетін болады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметшiлерінiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптар Әдеп кодексі арқылы жоғарылай бастады. Әдеп кодексі жалпы ережелер, мінез-құлықтың жалпы стандарттары, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық, қызметтік қатынастардағы мінез-құлық және көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары деп аталған бес бөлімнен тұрады.

Мінез-құлықтың жалпы стандарттарына келетін болсақ мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға, адал, әділ, қарапайым болуға, өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға, өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалануға, жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауға, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға, мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, автокөлік құралдарын қоса алғанда, ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта ғана пайдалануға, қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық көзделген құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермеуге, іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық және тағы да басқа қағидаларын сақтауға тиістілігін бекіткен.

Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуға тиіс. Осы жаңа заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде басшы лауазымдарды атқаратындар, ұжымда өз діни көзқарасын ашық көрсете алмайды, бағынысты қызметшілерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мәжбүрлей алмайды.

Қызметтен тыс уақытта мемлекеттік қызметшілер жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстанып, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге тиіс. Сонымен қатар басты мәселелердің бірі басшылар қарамағындағы қызметшілермен қарым-қатынас кезінде меритократия қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуге, кадр мәселелерін шешу кезінде туыстық, жерлестік және жеке басына берілгендік белгілері бойынша артықшылық көрсетпеуге тиістілігі көрсетілген.

Көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөйлеуді оның басшысы немесе мемлекеттік органның бұған уәкілеттік берілген лауазымды адамдары жүзеге асырады. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей, пікірсайысты сыпайы нысанда жүргізуге тиіс. 

Әдеп кодексінің басты міндеті-сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды әзірлеу, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау, әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

«AQ-QARA.KZ»

Оқылды 203 рет