Жұма, 01 Наурыз 2024 09:32

Отырар ауданында қылмыс деңгейі 31 пайызға төмендеген

Таяуда Отырар аудандық полиция бөлімінің 2023 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды. Аудандық мәдениет сарайының мәжіліс залында өткен жиынды аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ашып, жүргізіп отырды.

Есеп беру жиынына аудандық құқық қорғау органдарының қызметкерлері, партиялар, аудандық қоғамдық кеңес және БАҚ өкілдері, дербес бөлім басшылары мен ауыл округтерінің әкімдері, ауыл тұрғындары қатысты. Алдымен күн тәртібіндегі мәселеге байланысты аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ермек Усербаев баяндама жасады.

Баяндамада атап өткендей, аудан бойынша қылмыс деңгейі былтырғы жылмен салыстырғанда 31,0% (100-ден 69-ға) төмендеген. Оның ішінде мал ұрлығы бойынша 2023 жылы тіркелген қылмыстық істер бойынша ұрланған малдарды жүк көліктерімен тәуліктің күндізгі, түнгі уақыттарында жасырын тасымалдап басқа қала аудандарға апарғаны анықталған. Мәселен, 2023 жылы малдарды тиісті құжаттардың тасымалдаудың 31 дерегі бойынша ветеринария инспекциясымен 535 мың теңге айыппұл салынған. Полициямен үй жануардарын күтіп бағу қағидаларын бұзғаны үшін (мал жаю) 186 әкімшілік хаттама толтырылған. Ермек Әліпбекұлы сөз барысында мал ұрлығының басты себебі мал иелерінің үй жануарларын қараусыз жаюынан екендігін атап өтті.

Мұнан соң жиынға қатысқан ауыл тұрғындары Есенгелді Диханбаев, Сейілхан Смайлов, Берік Қарабалаевтар сөз алып, ағын су, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді бірқатар мәселелерді айтып, көкейдегі сауалдарын қойды. Аталған мәселелер жан-жақты талқыланып, жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.

Жиында көтерілген мәселелердің өзектілігін айтқан аудан әкімі С.Асылханұлы аудан көлемінде орын алған құқық бұзушылықтардың басым көпшілігі жасөспірімдер арасында болып жатқанын тілге тиек етіп, алдын алу жұмыстарын қолға алу керектігін жеткізді.

Аудан басшысы өз сөзінде: - Ауданда қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылатын жұмыстар мен алда тұрған міндеттер көп. Сондықтан жол ережелерін сақтау, жастар арасындағы құқықбұзушылық, жол көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстанды жандандыру керек Сонымен қатар мал ұрлығының алдын алу үшін жайылымдарда, орталық көшелерде иесіз жүрген малдарды қадағалап, мал иелеріне ескерту қажет. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі ұйымдастырмай оң нәтижеге қол жеткізе алмаймыз,- дей келе жоғарыда айтылған ұсыныс пікірлерді бақылауға алып, заң шеңберінде қажетті шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 413 рет