Жұма, 12 Сәуір 2024 19:33

Түркістан облысында интернет-алаяқтыққа қарсы «CYBERPOL» тобы жұмыс істеуде

Түркістан облысында 2023 жылы интернет-алаяқтық бойынша 567 іс тіркелген. Оның 219-ы сотқа жолданған. Интернет-алаяқтыққа қарсы облыстық Полиция департаменті базасында «CyberPol» тобы құрылған. Құрамында 6 жедел уәкіл, 3 тергеуші, 1 криминалист және 1 ІТ-маман жұмыс істейді. Бұл жайында Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығының орынбасары Ердәулет Амантаев мәлімдеді.

- «CyberPol» соққы-нысаналы тобы қызметкерлерімен жүргізілген жүйелі іс-шаралардың нәтижесінде 67 қылмыскер құрықталып, олардың 113 интернет-алаяқтық қылмыстарға қатыстылығы дәлелденді. Соның бірі 2003 жылы туған Атырау қаласының тұрғыны. Аталған азамат әлеуметтік желілерде бірнеше жалған аккаунттар ашып жәбірленушілерден арзан бағада жиһаз жасауға тапсырыс алып, Түркістан облысының 10 тұрғынына алаяқтық жасаған. Нәтижесінде жәбірленушілерге 5 млн. теңгеден астам шығын келтірген. Қазіргі таңда күдікті тұлғаға қатысты іс сотқа жолданды,- деді Ердәулет Дарханұлы.

Сондай-ақ, спикер интернет-қылмыскерлердің құрбаны болмас үшін қауіпсіздік шараларымен таныстырды. Олар: төлқұжаттық және өзге де дербес деректерді бейтаныс адамға айтпау; банк карталарының нөмірлерін, пин-кодты, сондай-ақ ұялы телефонға келіп түскен SMS парольдерді бермеу; жарнамадағы ақпаратты мұқият және толық оқып шығу; кез-келген ұсыныстарға сын көзбен қарау; тауарды сатып алу (сату) кезінде алдын ала төлеуге келіспеу; белгісіз адамдарға ақша аудармау; күмәнді шарттар мен мәмілелер жасамау; банк қосымшалары арқылы шоттағы шығыс лимитін белгілеп, мүмкін болатын транзакциялар мөлшерін шектеу; өз құжаттарыңызға қолжеткізуді шектеу (жеке куәлік, банк картасы), құжаттардың фотосуреттерін ешкімге жолдамау.

Сонымен қатар, 2023 жылдың қорытындысымен облыс аумағында жалпы 5 074 қылмыс тіркелсе, оның 18,1 пайызы – ұрлыққа қатысты. Профилактикалық бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде ұрлықтың саны 2022 жылмен салыстырғанда 34,3%-ға төмендеген. Ұрлық қылмыстарын ашуға бағытталған жедел іздестірудің нәтижесінде 27 қылмыстық топ құрықталып, кінәлі азаматтардың 106 ұрлық қылмыстарына қатыстылығы дәлелденіп, жауапкершілікке тартылған.

Интернет алаяқтықтың тым көбе­йіп кетуі қоғамдық резонанс туды­рып отырғаны да белгілі. Қазақ­стан­да бұл қылмыс түрінің ең көп та­ралған тәсілдерінің бірі – интер­нет­­тегі түрлі хабарландырулар бо­йын­ша тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем алу. Бүгінде интернет алаяқтықтардың жартысы дәл осын­дай жолмен жасалған. Екіншісі – микро­кредиттік ұйымдардың сайттары ар­қылы онлайн қарыз рәсімдеу.

ІІМ мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері осы тәсілді қолдану арқылы алаяқтар 3 мыңға жуық қыл­мыс жа­са­ған. Жиі қолданылатын үшін­ші тәсіл – азаматтардың жеке дерек­теріне қол жеткізгеннен кейін банк шоттарындағы бүкіл қаражатты жым­қы­ру. Өкінішке қарай, қарапайым хал­ық әккілердің тұзағына тез ілігіп қалады. Мәселен, соңғы уақытта өзде­рін банк қызметкерлері ретінде та­ныс­тырып, ауыстырмалы нөмірден қоңырау шалатын алаяқтар көбейді. Әдетте олар өздерін екінші деңгейлі банктің қауіпсіздік қызметіненмін деп таныстырады. Сенімге кірудің тың тәсілін жақсы меңгеріп алған олар азаматтардың есепшотын біреулердің бұзып кірмек болғанын айтып, қауіпсіздік үшін шоттағы қаржыны басқа банк шотына аударуға кеңес бе­реді­. Осылайша, бүкіл қаржыны үп­теп кететіндер көп.

Қазіргі таңда ІІМ интернет алаяқтықтың алдын алу, осындай қылмыстардың жолын кесу мақсатында тиісті ұйымдас­тыру­шылық-практикалық шаралар қабылдауды қолға алды. Өткен жылдан бастап киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағ­дар­лама іске асырылып келеді. Өңір­лерде осындай қылмыс түрлерін тер­геу бойынша арнайы жедел-тергеу топ­тары да құрылды. Тоқсан сайын кибер­қылмыстың алдын алу бойынша жедел алдын алу іс-шаралары ұдайы жүргі­зіліп отырады.

Бүгіндері адамдардың көпшілігі кез келген затты сату үшін де арнайы сайттарды немесе инстаграм парақшаларын пайдаланады. Бір адам өзінің пәтерін сату үшін арнайы сайтқа хабарландыру береді. Көп өтпей оған біреу хабарласып: «Маған сіздің пәтеріңіз ұнады. Сатып алайын деп едім» дейді. «Жақсы, келіп көруіңізге болады» дейді бұл. Бірақ, ол: «Мен барғанша сатып жібермейсіз бе? Мен басқа қалада едім. Сізге барғанша 2-3 күн өтеді. Сондықтан сіздің төлем картаңызға ақшаны салып жіберейін» дейді. Клиенттің табыла кеткеніне қуанған бұл адам да көп ойланбастан оған банк картасының нөмірін береді. Сәлден кейін қайта телефон шалған сатып алушы: «Мен сізге ақша аудардым. Қазір сізге бір хабарлама келуі тиіс. Сол хабарламадағы кодты маған айтып жіберсеңіз, сізге ақша түседі» дейді. Бұл кісі болса, келген кодты айта салып, алаяққа алданып қалады. Өйткені осы код арқылы әлгі адамның есепшоты бойынша кез келген операцияны жасай беруге болады. Құпия кодты ешқандай адамға беруге болмайды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, әсіресе үлкен кісілер жағы бұл туралы хабарсыз. Құпия сөзді біліп алған алаяқ интернет арқылы жеке кабинетке кіріп, ақшаны басқа шотқа аударады.

Полицейлердің айтуынша, алаяқтарға алданып қалмау үшін, ең бірінші, тауар алатын қандай сайт, жалған емес пе, соны анықтауға тырысу қажет. Оның мекенжайы, телефондарына баса назар аударған жөн. Егер болып жатса, оған хабарласып, сатушысымен сөйлескен дұрыс. Осындай жан-жақты ақпараттарды анықтап алғаннан кейін ғана ақшаны төлеуіңізге болады. Ал жалған интернет-дүкендерге алданып қалып жатқандардың көбі дүкеннің егжей-тегжейін қарап, тексеріп жатпай-ақ, сайтта көрсетілген шотқа ақшаны жібере салады.

Айта кетейік, банктер болсын, құқық қорғау орындары болсын, еш уақытта сізге телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайды. Тіптен, қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабарласып, бар мәселені нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшемізге келіп кетіңіз» деп өтінуі мүмкін. Өйткені телефон арқылы ондай мәселелер шешілмейді. Мамандар тұрғындарға алаяқтардың арбауынан сақтануды тапсырады. Ал егер де келеңсіз жағдайға тап болсаңыз, Түркістан облыстық полиция департаментінің кезекші бөліміне жүгініп, немесе 102 нөміріне қоңырау шалуыңызға болады.

 «AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 65 рет