Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024 12:01

Түркістан облысында карьерлерді заңсыз қолданушыларға қарсы күрес күшейді

Жер қойнауын заңсыз пайдаланушылар қатары азаймай отыр. Өзен-көлдерден заңсыз құм, қиыршық тас қазып алып, сатып жүргендер қоршаған ортаға залал келтіруде. Түркістан облысында заң бұзушыларды анықтау және көлеңкелі жер қойнауын пайдалану фактілерінің жолын кесу жұмыстары бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді.

Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте облыс әкіміне жер қойнауын заңсыз пайдалану, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді басқа мақсатта пайдалану және өзге де маңызды мәселелер баяндалды. Мәжілісте кәсіпкерлерге ауыр көліктің салмағын өлшейтін таразы болуға міндеттейтін талап қою мәселесі көтерілді.

– Заңды жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге қарсылық жоқ. Алайда заңды белшеден басып жатқандарқа қарсы күресті күшейту керек. Өзіміз өзімізге кедергі жасамайық. Барлық жауапты басшылар отырсыздар. Бірақ нәтиже шамалы. Осының өзі жұмыстағы шалалықты көрсетеді. Бірлесе жұмыс істейік, – деді облыс әкімі.

Түркістан облысында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 191 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олар 84 келісімшарт және 107 лицензия негізінде жұмыс істейді. Басым бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасқан. Келісімшарттық міндеттемелерін толық орындамаған және су қорғау белдеуінде орналасқан 16 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары тоқтатылды.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың мәлімдеуінше, заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу шаралары нәтижесінде жұмысы тоқтағандар тарапынан жолын кескен әкімдік өкілдеріне шағым жазушылар артқан. Облыс аумағында бір жылда өткізілген 400-ден астам рейд жұмыстарының қорытындысымен өзен-көлдерден заңсыз құм, қиыршық тас қазып алып сатып жүрген 276 техника айыптұраққа қойылып, 31,8 млн. теңге айыппұл өндірілді.

– Өткен жылы маркшейдер маманымен облыстағы 100 жер қойнауын пайдаланушының өндіру аумақтарына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 63 кен аумағынан кемшілік анықталып, жалпы 5 млн. текше метр өнім кен орындары аумағынан тыс қазылғаны белгілі болды. Дегенмен Полиция департаменті тарапынан 12 қылмыстық іс қозғалып, бүгінгі күнге дейін аталған істер бойынша сараптама күтілуде деп созбалаңға салынып отыр. Алгоритмге сәйкес жұмыс тобымен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жетісай ауданындағы жер учаскесінде «Жұмағұл» шаруа қожалығы тарапынан 2 жерден заңсыз құм қазу жұмыстары жүргізілгені анықталды. Аталған аумаққа маркшейдер маманымен топотүсірілімдік жұмыстары жүргізіліп, жалпы көлемі 7500 текше метр заңсыз құм қазылғаны анықталды. Келтірілген шығын көлемі маркшейдер маманы есебімен 31 млн. теңгені құрады. Басқарма тарапынан маркшейдер маманының түзілген қорытынды актілері Полиция департаментіне жолданып, ҚР Қылмыстық Кодекстің 334 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деді басқарма басшысы.

Мәжілісте заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу мақсатында бірлесіп жұмыстар атқару ұсынысы айтылды. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны өз тарапынан берілген келісімшарттарды және теңгеріміндегі су айдындары мен каналдары аумағында заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу жұмыстарын қадағалауды, Экология департаменті, өнеркәсіптік қауіпсіздікке жауапты департаменттері өздеріне түскен кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге лицензия алуға арналған жобаларды келіскен кезде, жергілікті атқарушы органды хабарландыруды заң аясында қарастыру мәселесі көтерілді. Сонымен қатар Жер инспекциясы және жер қатынастар басқармасы, аудан, қала әкімдіктеріне өз құзіреті шегінде қатты пайдалы қазбалар, кең таралған пайдалы қазбаларды қазу жұмысын жүргізіп жатқан кен орындарының жер телімдерінің рәсімделгені немесе рәсімделмегені туралы талдау жүргізіп, заң аясында шаралар қолдану ұсынылды.

Облыста кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 175 жер қойнауын пайдаланушы бар. Басым бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасқан. Олар келісімшарт және лицензия негізінде жұмыс жасайды. Сонымен қатар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен келісімшарт берілген қатты пайдалы қазбаларды өндіруге және барлауға арналған 13 мекеме алтын фосфорит, барит, мыс, көмір және құрамдас металдар өндіреді. Созақ, Кентау, Түлкібас аудандарында алтын, фосфор, барит барлау, темір барлау кен орындары жұмыс істейді.

Жалпы айтқанда, көптеген өңірлерде кең таралған пайдалы қазбаларды – қиыршық тасты, құмды, сазды, қара топырақты және олардың басқа да түрлерін заңсыз өндірудің көптеген фактілері байқалады. Ал қоршаған ортаға келтірілген залалдың жалпы сомасы миллиардтаған теңгені құрайды. Бұдан басқа, ластанған ауаның салдарынан халық денсаулығының нашарлауы, сондай-ақ заңсыз әрекеттердің салдарынан инфрақұрылымның бұзылуы алаңдатарлық үрдіс болып отыр.

Түркістан облысы аумағындағы заңсыз жер қойнауын пайдаланушылармен күресу бойынша Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мен бірлесіп іс-шара жоспары бекітілгені белгілі. Аталан іс-шараға сәйкес, қос мекеме өкілдері заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу бойынша таяуда Ордабасы ауданына рейдтік іс-шара жұмыстарын жүргізгенін айта кетейік. Нәтижесінде, ауданда орналасқан қыш зауыттары жер қойнауын заңсыз пайдаланып жатқанын анықтап, заң аясында экология департаментіне шара көру үшін ұсыныс жолданды. Бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналыспақ.

Былтыр Арыс қаласы аумағында орналасқан жер қойнауын пайдаланушы «Понтакрин» ЖШС бойынша Түркістан облысының кәсіпкерлік басқармасы, Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Арыс қаласының әкімдігі бірлесіп, Арыс қаласының халқымен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, аталған мәселе толық зерделенді. Аталған жер қойнауын пайдаланушымен Арыс қаласы, «Тақыр» алаңында құм өндіруге арналған 2008 жылғы 27 тамыздағы №445 келісімшартының қолданысы тоқтатылды.

Сондай-ақ, Сайрам ауданының аумағындағы 3 жер қойнауын пайдаланушы Ақсу өзенінің су қорғау белдеуінде орналасуына байланысты келісімшарттарының қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылған. Оған қоса, былтыр «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ерекше қорғалатын аумақтарына кіруіне байланысты Арыс қаласының аумағында орналасқан үш жер қойнауын пайдаланушы жұмысын тоқтатты. Ордабасы, Сауран, Төлеби және Түлкібас, Шардара аудандарында орналасқан кен орындарының су қорғауы белдеуіне орналасуына және келісімшарттық міндеттемелерін орындамауына байланысты келісімшарттың қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылды. Табиғатқа залал келтірген мекемелер қазған жерді тегістеу керек.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 160 рет