Бейсенбі, 25 Сәуір 2024 11:53

Түркістан облысында криминогендік жағдай тұрақты

Түркістан облысында криминогендік жағдай тұрақты. Жалпы қылмыстардың саны 9%-ға төмендеген. Оның ішінде аса ауыр және ауыр қылмыстар 20%-ға, қарақшылық 50%-ға, ұрлық 34,3%-ға, бұзақылық 22,5%-ға азайған. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Комиссияның күн тәртібінде 4 мәселе қаралды.

Облыстағы қылмыс деңгейі туралы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Асқар Сапарғалиев пен облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев баяндады. Облыс аумағында интернет алаяқтықтың ауыр түрлерін тіркеу деректері 65,2%-ға өскен. Мұндай қылмыстардың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары атқарылуда. Заңсыз айналымда жүрген «Трамодол» дәрісіне тосқауыл қою бойынша жұмыстарға күш салынып, нәтижесінде 33 қылмыс іс анықталып, айғақ заттар тәркіленді. Өңірде спирттік ішімдіктен бас тартқан ауылдар артты. Облыс әкімі облыстағы қылмыс деңгейін төмендету бойынша жұмыстарды жандандыруды және аудан, қала әкімдерімен бірлесе жұмыс атқаруды тапсырды.

Комиссия отырысында сондай-ақ адам саудасына қарсы қылмыстар бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы ТО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Құрманбек Сахов баяндама жасады. Бұл бағытта кешенді жұмыстар жүеге асып келеді. Еліміздің адам құқықтары жөніндегі коммисияның ұсынымдарын және АҚШ мемлекеттік департаментінің адам саудасы туралы халықаралық баяндамасын орындау үшін Полиция департаментімен адам саудасының алдын алуға және еңбекті пайдалану құрбандарын анықтауға бағытталған жоба шеңберінде жоспар түзіліп, мобильді топ құрылған. Топ мүшелері облыс аумағында 8 мыңнан астам жеке кәсіпкер мен 6 мыңнан астам шаруа қожалықтары мен жайылым иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізуде.

Сондай-ақ комиссияда табиғатты қорғау және браконьерлік құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің баяндамасы тыңдалды. Өткен жылы бұл мақсатта орман күзеті қызметкерлерімен 1216 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 420 заң бұзушылық фактілері анықталған. Заң бұзушыларға 9 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған. Жыл басынан бері 40-тан астам заң бұзушылық фактілері анықталды.

Емдік қасиеті бар «Сасық кеурек» және «Қызыл мия» өсімдігі жойылу қаупінің алдында тұр. Осыған қатысты жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша ҚР Қызыл кітабына енгізу жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен алтын тамыр деген қосымша атауы бар өсімдіктің жабайы өсетін сасық кеурек пен мия өсімдіктерін алуға тиым салынбақ.

Облыс аумағындағы көлеңкелі экономикалық қылмыстардың алдын алу бойынша Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбайдың баяндамасы тыңдалды. Оның баяндауынша, қазіргі таңда ақпараттық жүйеге сәйкес инстаргам әлеуметтік желісінде қаржылық пирамидаларының күдік қауіптері бар «X-LINE», «B2B», «Marqar» аккаунттары облыс аумағында қарқынды дамуда.

Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету дерегімен тіркелген 2 қылмыстық іс тергеп-тексерілуде. Жүргізілген талдау барысында шамамен 650 млн.теңгеге 2000-нан аса салымшылардың Түркістан облысы аумағында атап айтқанда Түлкібас және Төлеби, Жетісай, Мақтаарал аудандарының тұрғындары екені анықталған. Аталған істер бойынша тергеу сотының қаулысымен 15 күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған.

Облыс басшысы қаржылық пирамидалардың алдын алу, қаржылық алаяқтық, лудоманияға қарсы күрес және экономикалық қылмыстар деңгейін төмендету мақсатында нақты шаралар қабылдауды, бұл жұмыстарды бір жүйеге қоюды тапсырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құру туралы идеясының негізгі мақсаты – елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қоғамның мүддесі мен талап-тілегін ескере отырып, осы мақсатта жұмыла әрекет ету – бүгінгі күннің талабы екені айтпаса да түсінікті. Бұл жауапты іс тікелей құқық қорғау саласы қызметкерлерінің адал еңбегі арқылы жүзеге асады. Сондықтан полицияның кедергісіз қызмет етуіне Түркістан облысы әкімдігі тарапынан барлық қолдау көрсетілуде. 2022 жылы ғана полиция қызметкерлеріне 252 жаңа көлік табысталса, былтыр тағы да 30 автокөлік алынды.Бүгінгі таңда, облыс аумағында жалпы 12 стационарлық полиция бекеттері орнатылған. Тиісінше, облыстағы ішкі істер саласының басшылығы мен қызметкерлері қырағылықпен қызмет етіп, нәтижелі жұмыс көрсетуде.

Ел Президентінің полицияны сервистік моделге көшіру туралы тапсырмасына сәйкес, 2021 жылдан бастап облыста ведомствоаралық топтар құрылып, жұмыстарын атқаруда. Бұл - халықтың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған қарқынды қадам. Елдің амандығы мен құқықтарының сақталуы ішкі істер саласының қызметкерлеріне ғана емес, қоғамның алдындағы міндет.

Өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне күш салынған. Атап айқанда, қоғамдық тәртіпті сақтауға өз үлесін қосу үшін «Ұлттық Ұланның» әскери бөлімін құру қолға алынды. Ұландықтарды орналастыру үшін Түркістан қаласынан арнайы ғимарат белгіленіп, құрылыс жұмыстары жүруде.

2023 жылы полиция департаментінің жаңа ғимараты пайдалануға тапсырылды. Ғимараттың аумағы - 15 мың м2. Департамент жанынан Жедел басқару орталығы ашылды. Полиция қызметкерлеріне былтыр 252 жаңа көлік табысталса, биыл тағы да 30 автокөлік алынды. Ел Президентінің полицияны сервистік моделге көшіру туралы тапсырмасына сәйкес, 2021 жылдан бастап облыста ведомствоаралық топтар құрылып, жұмыстарын атқаруда.

Сондай-ақ, былтыр маусым айында Түркістан Облысының Полиция Департаментінің жаңа ғимараты ашылды. Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан Полиция департаментінің жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне сол кездегі ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Қаланың сәулеттік стиліне үйлесімді көпқабатты нысанның лентасын қиып, аралап шыққан болатын.

Жаңа ғимаратта тәртіп сақшылары алаңсыз жұмыс істеуі үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, барлық жағдай жасалған. Айта кетсек, облыстық Полиция департаменті ғимараты толық заманауи техникамен жабдықталып, жиһаздары орнатылып, пайдалануға берілді. 4 қабатты ғимараттың ауданы – 15 365 м2. 470 адамға арналған Полиция департаменті ғимаратының жалпы жер ауданы – 4000 м2. Ғимарат бірнеше блоктан тұрады. Мәжіліс залы, спорт залы, тир, арнайы автотұрақ, автокөлік жуу орнымен қамтылған.

Жаңа ғимараттың жанында еліміздегі ең ірі кешеннің бірі, соңғы үлгідегі 126 монитор орнатылған Жедел басқару орталығы орналасқан. Бұл орталық арқылы облыстағы көшелер мен жолдар, барлық білім ұялары тәулік бойы қадағалауда. Полиция жұмысының қайнар көзі саналатын орталықта «102» желісіне соғылатын қоңыраулар қабылданады. Әрбір қоңыраудың артында үлкен командалық қызмет атқарылады. Ғимараттың жалпы ауданы – 3 га.Жалпы, еліміздегі қылмыс деңгейі жыл басынан бері 19%-ға төмендеген, ал Түркістан облысы республика бойынша қылмысы ең аз облыстар қатарынан түспей келе жатқанын да айта кеткен жөн.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 171 рет