Бейсенбі, 09 Мамыр 2024 16:03

Отырарда адам құқықтарын қорғау жөнінде келелі жиын өтті

Отырар ауданында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Семинарға Европалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бағдарламалар офисінің басшысы, Елші Фолькер Фробарт, «Winrock International» ұйымының «Орталық Азиядағы қауіпсіз көші-қон жөніндегі жобаның жетекшісі Элеонор Джудит Валентайн, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішовтер арнайы қатысты.

Жиынды аудан әкімі ашып, жүргізіп отырса, Тастемір Әбішев, Фолькер Фробарт ҚР адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі, адам құқықтары мен құқықтық мемлекет, ҚР Конституциясында қарастырылған адамның және азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтар, сонымен бірге, мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы тақырыптық баяндама жасады.

Семинар-тренингтің екінші бөлімі секциялық жұмыстармен жалғасын тауып, бекітілген бағыттар бойынша Еңбек нормалары, Медиациялық жолмен еңбек құқықтарын қорғаудың тәсілдері түсіндірілді. Лектор, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Светлана Жаркенова тренинг барысында Еңбек кодексінің маңызды ережелеріне кеңінен тоқталды. Әрбір азамат үшін еңбек шартының рөлі, оны жасасу ережелері, еңбекке орналастыруға қажетті құжаттарды рәсімдеу, жұмыскер мен жұмыс берушінің негізгі құқықтары мен міндеттерін білуі керектігін жеткізіп, қоғамдағы болуы ықтимал еңбек дауларының алдын-алу тетіктерін түсіндіріп өтті.

Мұнан соң «Сана сезім» Әйелдер бастамасы құқықтық орталығының директоры Шахноза Хасанова еліміздегі адам саудасына қарсы іс-қимылдың алдын-алу ахуалына шолу жасап, «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заң жобасын таныстырып өтті. Сонымен қатар, «Қазақстандық дағдарыс орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Зүлфия Байсақова Қазақстандағы әйелдер мен балалардың құқытарын қорғау бойынша еліміздегі жағдайды талдап, әлемдік деңгейдегі тәжірибелерді талдап берді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының заңды құқықтары мен мүдделері туралы жиынға қатысушылардың сауалдарына жауап берді.

Оқыту семинар-тренингті қорытындылаған Тастемір Әбішев Қазақстанның азаматтары ғана емес, елімізде тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, босқындар, қандастар, азаматтықты алып үлгермегендер де Конституциялық сотқа жүгінуге, өз құқықтарын қорғауға құқылы екенін жеткізіп, құқықтарымен бірге мемлекет пен қоғам алдында міндеттерін де адал атқаруға шақырды.

Жалпы, Қазақстан адам құқықтарын қорғау бағытында нақты қадам жасап жатыр. Қазақстан ауқымды демократиялық реформалар жүргізіп, өзінің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес адам құқықтарын қорғайды. Демократияны дамыту, адам құқықтарын қорғау және заң үстемдігін нығайту мақсатында қажетті заңнамалық жағдай жасалды.

Атап айтқанда, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарын енгізу шеңберінде Қазақстан азаматтары саяси шешімдер қабылдау процесіне кеңінен қатысатын болды. Саяси басқарудың теңгерімді жүйесі құрылып, есеп беретін Үкімет және ашықтық қағидаттары енгізілді. Мақсат – елімізді саяси тұрғыда трансформациялау және «Әділетті Қазақстанды» құру үшін басталған процестерді соңына дейін жеткізу.

 

Негізгі реформаларға келер болсақ, Демократияға атсалысу бойынша Мемлекет басшысының реформасына сәйкес заңнамаға ҚР Президенті бір рет жетіжылдық мерзімге сайлану ережесі бекітілді. Яғни, Президенттің екі рет сайлану құқы жоқ. Бұл Қазақстандағы демократия қағидаттарын нығайтуға мүмкіндік берді.Суперпрезиденттік өкілеттікті жоюға бағытталған конституциялық реформалар іске асырылды. Президенттің жергілікті атқарушы органдарға қатысты өкілеттігі шектеліп, оның Сенаттағы квотасы қысқартылды. Ресми саяси партияларды тіркеу шегі төрт есе, яғни 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендетілді. Тіркеу ережелері жеңілдетілді.

Ұлттық заңнаманы либерализациялау нәтижесінде «Республика» және «Байтақ» сияқты жаңа саяси партиялар тіркелді. «Республика» партиясы 2023 жылғы наурызда өткен Парламент сайлауында «Аманат», «Ақ жол», «Ауыл», «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» және  «Қазақстанның Халық партиясы»  секілді танымал партиялармен қатар жеңіске жетті.

Мәжілістің өкілеттігі едәуір кеңейтілді. Жаңа модельге сәйкес сайлау партиялық тізімдер мен бірмандатты округтер бойынша өтті. 2023 жылғы наурыздағы сайлау қорытындысы бойынша Парламенттен орын алған алты партияның үшеуі депутаттық мандаттарға алғаш рет ие болды, ал оның біреуі – оппозициялық партия. 2022-2023 жылдардағы сайлауларда еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының талаптарына сай келетін сайлауды реттеудің жаңа жүйесін жүзеге асыру арқылы Қазақстандағы саяси бәсекелестікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Сайлау кезіндегі партиялық тізімдерді жасақтау және парламенттік мандаттарды бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арнайы квота енгізілді. Қазақстан тарихында алғаш рет аудандық және қалалық деңгейдегі әкімдер сайлауы өткізілді. Бұл ауылдық округтер әкімдерінің шамамен 60 пайызын жаңартуға мүмкіндік берді.

Өңірлік қаржыландыру ісін трансформациялау және жаңадан Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құру есебінен жергілікті билік органдарының өкілеттіктері кеңейтілді. Жергілікті өзін-өзі басқару құқығы жергілікті билік органдарына берілді.Президенттік жастар кадр резерві құрылды. Іріктеудің бірнеше сатысынан өткен жас мамандар мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарға тағайындалуға мүмкіндік алды.

Халықтың елді басқару ісіне және Қазақстанның болашақ дамуына қатысты идеологиялық, мәдени параметрлерді айқындайтын шешімдер қабылдау процестеріне қатысуын ынталандыру мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Ұлттық құрылтай болып қайта құрылды.

Құқық қорғау тетіктері бойынша, реформалар адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтты. Соттардың тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулер қабылданды. Алқабилер соты қарайтын істердің санаттары кеңейтілді.

Қазақстан адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық тетіктердің рөлін күшейтті. Елімізде Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен институты толыққанды жұмыс істейді. Аталған институт конституциялық мәртебеге ие болды. Сондай-ақ Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі, Бала құқықтары жөніндегі, Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтары жөніндегі омбудсмендер тағайындалды.

Конституциялық Сот азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың маңызды тетігі ретінде қайта құрылды. Қазақстан азаматтары оған тікелей жүгіне алады.Конституциялық Сот – Ата заңның үстемдігін қамтамасыз ететін конституциялық бақылаудың жоғары органы. Конституциялық Сот түпкілікті шешім шығарады және оның шешімдерін, соның ішінде азаматтардың конституциялық құқықтарына қатысты шешімдерді Президент те қайта қарай алмайды.

Конституцияға енгізілетін кез келген өзгерістер мен толықтырулар Конституциялық Соттың тиісті қорытындысы болған жағдайда ғана республикалық референдумға немесе Парламенттің қарауына шығарылуы мүмкін. Конституциялық Соттың он бір судьясының алтауын, яғни көпшілігін Парламент палаталары тағайындайды. Ал төрағаны Президент тағайындағанымен, оған Сенаттың келісімі қажет. Петицияларды жариялау және қарау тәртібін реттейтін заң қабылданды. Бұл азаматтарға онлайн-өтініш беру арқылы өз пікірлерін білдіруге жол ашады. Мұндай тәжірибе Үкімет қызметіне ашық мониторинг жасауды қамтамасыз етеді.

Адам құқықтары және заң үстемдігі бойынша әлеуметтік кодекс қабылданды. Құжат халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал санатына жататын азаматтарды жан-жақты қолдауға бағытталған. Қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдар үшін арнайы төлем бекітілді. Президент Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне толық сай келетін «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» Жарлыққа қол қойды.

Қазақстан өлім жазасын жойды және сотталғандардың денсаулығын сақтау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі азаматтық функцияларды Ішкі істер министрлігінен алып, Денсаулық сақтау министрлігіне берді. Қазақстан балалар мен мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ-ның факультативтік хаттамаларын ратификациялады.

Азаптағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылды, Азаптауларға қарсы күрестің ұлттық превентивті механизмі күшейтілді, азаптауларға және қатыгез іс-әрекеттерге қатысты заңнамалық анықтама енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Мұндай жағдайларда тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі заң жүзінде алынып тасталды. Ұлттық қордан балаларға арналған аударымдарды реттейтін заң қабылданды.

Митингілер туралы жаңа заң қабылданды. Онда рұқсат алудың орнына, алдын ала ескерту тәртібі енгізілді. Нәтижесінде Қазақстанда бейбіт митингілер саны бірнеше есе өсті.БАҚ туралы заң қауіпсіз цифрлық кеңістік құру мақсатында реформаланды.

Тәуелсіздік жылдары еліміз адам құқықтарын қорғау саласында, сондай-ақ демократиялық институттарды нығайтуда маңызды жетістіктерге жетті. Заңнама мен құқық қолдану тәжірибесі жетілдірілуде, сот және қылмыстық-атқару жүйелері өзгеруде. Бірталай халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық жаһандық және өңірлік деңгейде белсенді дамып келеді.

Ал бүгін де бізде мақтануға тұрарлық нәрсе бар. Біз мазмұндық тұрғыдан жаңа «Бейбіт жиналыстар туралы» Заң қабылдадық, «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңдарға, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 130-бабының (жала жабу) декриминализациялау бөлігінде өзгертулер енгіздік. Қазақстан адамның өмір сүруіне және қадір-қасиетіне деген негізгі құқықтарды қорғау үшін біз Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасын жоюға бағытталған Екінші факультативтік хаттамасына қол қойдық.

Тағы бір басымдық – әйелдер мен жастардың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету болып табылады. Біз Жаһандық гендерлік теңдік индексіндегі көрсеткішімізді едәуір жақсартып, партиялық тізімдегі әйелдер мен жастарға 30 пайыздық міндетті квота енгіздік. Азаматтық қоғам институттары мен билік құрылымдары арасындағы сындарлы диалогты дамыту бойынша жұмыс жалғасуда. Адам құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз ету азаматтық қоғамның іргетасы болып табылады, ал дамыған азаматтық қоғам, өз кезегінде, адам құқықтарын қамтамасыз етудің сенімді кепілі.

Президент Қ. Тоқаев билік пен қоғам арасында әрдайым диалогтың болуына көңіл бөледі. Осылайша, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іргетасы қаланды. Тәуелсіз сарапшылар қауымдастығымен және ел ішіндегі, сондай-ақ шетелдегі көптеген қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейту басты міндет болып табылады. Саяси реформаларды іске асыруға жедел араласқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғамдық диалогты дамытуға жаңа серпін берді. Және бұл жұмыс одан әрі жалғасуда.

Орын алып жатқан өзгерістердің негізгі мақсаты – бүкіл мемлекеттің орнықтылығы мен жұмыс істеу тиімділігін арттыру. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы тек құқық үстемдігі мен азаматтарымыздың мүдделерін қорғаусыз арқылы сәтті іске асырылуы мүмкін емес. Адам құқықтарын қорғайтын мемлекеттік және мемлекеттік емес институттар әртүрлі әлеуметтік және саяси сын-қатерлерге және азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу тәуекелдеріне сезімтал болуы тиіс.

Бүгінгі Қазақстан – бұл саясаты адамның лайықты өмірі мен еркін дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған әлеуметтік мемлекет. Ел саясатының әлеуметтік бағыттылығының арқасында еліміз БҰҰ Орнықты даму мақсаттарына жеткізетін «2030 жылға дейінгі күн тәртібінің» «ешкімді артта қалдырмау» түпкілікті қағидатын жүзеге асыруды сенімді түрде дамытуда. Бұл қағидат азаматтардың экономикалық, саяси және қоғам өмірінің басқа салаларына толыққанды қатысуын қамтамасыз ету үшін мемлекетімізде жүргізіліп жатқан саясаттың негізінде жатыр.

Орнықты даму тұжырымдамасы қоршаған ортаны қорғау мен экономикалық өсудің теңгерімін, теңдік пен әділдікті, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін және т.б. қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ түпкі нәтижесінде орнықты даму жеке адамға, оның құқықтары мен бостандығына бағытталған. Адам құқықтары саласындағы іс-қимылдың Ұлттық жоспарының ұсынымдарын іске асыру Қазақстанға құқықтық мемлекет құруда, адам құқықтарын қорғаудың мемлекеттік және қоғамдық тетіктерін нығайтуда, дамыған азаматтық қоғам қалыптастыруда тақырыптық прогресске қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институттары адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесіндегі маңызды тетікке айналды. Осындай құқық қорғау құралдарын құру – Қазақстандағы демократияны тереңдетудің халықаралық қоғамдастық жоғары бағалаған маңызды қадамы болды. Бүгінгі таңда қоғамның адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау деңгейін әрі қарай арттыруға деген сұранысы Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі институттардан нәтижелілікті, жұмыстың жаңа түрлерін іздеуді, қолда бар құралдарды пайдалану тиімділігін арттыруды талап етеді.

Біз көп нәрсеге қол жеткіздік, бірақ алда әлі көп жұмыс бар. Жыл сайын адам құқықтары күні бүгінгі жетістіктерімізді бағалауға және ертең азаматтарымыздың құқықтарын қалай қорғайтынымызды түсіну үшін себеп. «Жол жүрсе өңеді» дегендей, адам құқықтарын қорғау үшін жаңа тиімді шаралар қабылдау өте маңызды. Бүгін Қазақстан бүкіл әлем секілді азаматтардың интернеттегі қудалаудан қорғансыз екендігіне тап болды. Біріншіден, балалар одан зардап шегеді. Президентіміз балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқа да шараларды күшейту, атап айтқанда, Бала құқықтары туралы конвенцияның Факультативтік хаттамасына қосылуды тапсырды.

Азаптауларға қарсы күрес жөніндегі ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселесі де өзектілігін сақтауда. Мемлекет басшысы Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын әрекеттерге қарсы халықаралық конвенцияның ережелеріне сәйкес келтіруді тапсырды. Адам саудасына қарсы күрес біздің басты назарымызда. Құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарды тергеу рәсімін жақсартуы керек. Заңды бұзғандар сот тәртібінде қатаң жазалануы тиіс.

 

Қылмыстық саланы ЭЫДҰ дамыған елдерінің үлгісі бойынша жаңғырту қажет. Бізге азаматтардың құқықтарын уақытылы қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін модель қажет. Дәл осы басымдықтар Мемлекет басшысының жақында Қазақстан халқына Жолдауында тұжырымдалған болатын. Осылайша, мемлекетіміздің осы кезеңдегі негізгі мақсаты азаматтардың әлеуметтік қорғалуын нығайтуда, балалардың, қарттардың, әйелдердің, жастардың жағдайын жақсартуда, этникалық және діни топтардың, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың және халықтың басқа да осал топтарының құқықтарын сақтауда, адам құқықтарын қорғаудың соттан тыс тетіктерінің жұмыс істеуінде.

Адам құқықтарын қорғау мәдениетінің қалыптасуына, ұлттық демократиялық институттардың дамуына және құқықтық мемлекеттің нығаюына Қазақстанның Адам құқықтары мәселелері бойынша халықаралық әріптестермен белсенді ынтымақтастығы өзінің оң септігін тигізеді. Осыған байланысты біз адам құқықтарын қорғау және көтермелеу саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастыққа үлкен мән береміз. халықаралық аренада адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын көтермелеу мен қорғауда басты міндетті БҰҰ атқаруға тиіс екеніне сенімдіміз. Әртүрлі қоғамдардың даму ерекшеліктері мен дәстүрлерін, әсіресе, олардың мәдени, діни және тарихи құндылықтарын ескеру маңызды. Бұл тақырып халықаралық ұйымдардың, соның ішінде ЕҚЫҰ, ИЫҰ және тағы басқалардың қызметтерінде де өзекті.

Қазақстан алдағы уақытта да адам құқықтары мен бостандықтарын көтермелеу және қорғау саласындағы халықаралық өзара іс-қимылды дамытуға өзінің елеулі үлесін қосуға ниетті. Біз адам құқықтары бойынша барлық мемлекеттермен, үкіметтік және үкіметтік емес тараптармен сындарлы және өзара сыйластыққа негізделген диалог жүргізуге ашықпыз. Адам құқықтары тек заңдық қана емес, моральдық-этикалық өлшемге де ие екенін бәріміз түсінеміз. Сондықтан адам құқықтарын іске асыруға қатысатын барлық қатысушылардың өз әрекеттері үшін жауапкершілікке қатысты ортақ түсінік қажет.

Бүгінгі күні адам құқықтарын сақтау барлық адамдар үшін шындыққа айналуы үшін айтарлықтай күш-жігер қажет. Осы ретте адам құқықтары саласындағы білім маңызды рөл атқаруы тиіс, себебі жаңа ұрпақ өздерінің ажырамас құқықтары туралы біліп, оларды іске асыру және қорғау мүмкіндігіне ие болуы керек.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 129 рет